Баян-Өлгийде Кіші Құрылтай басталды
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігі «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев пен бір топ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс депутаттары бастаған қазақстандық делегация мүшелері Баян-Өлгий аймағына ат басын тіреді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Құрылтайға қатысушылар арасында Қазақстаннан келген дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен Түркия және Ресейден келген қандастар бар.
Арнайы сапармен келген қонақтарды Баян-Өлгий аймағының әкімі Камелият Ахмадияұлы мен Баян-Өлгий халқы әуежайдан шашу шашып қарсы алды.
Аймақ губернаторы Камелият Ахмадияұлы, Мәслихат Төрағасы Хабыл Шәривұлы бастаған делегациялар арасындағы кездесуде Абзал Сапарбекұлы қазақстандық делегация құрамын таныстырып, алдағы 2 күндік Кіші Құрылтайдың жемісті болуын тіледі.
Өз кезегінде Камелият Ахмадияұлы «Бермесең алмайсың! Бармасаң алыстайсың!» демекші 10 жылдан аса үзіліп қалған Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайының қайта жалғасын тапқанына қуанышты екенін айтты. Қазақстандық делегация құрамында ҚР Президенті кеңесшісі мен сенатор, депутаттардың болуы бұл іс-шараға деген маңыз берудің дәлелі деп атап өтті. Аймақ губернаторы аймақтың экономикалық-әлеуметтік және халықтың тыныс-тіршілігі туралы кеңінен мәлімет берді.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының ыстық сәлемін жеткізуге арнайы келгенін айтып, Қазақстан қашан да ішкі тыныштықпен қатар сыртқы байланысты үзбеу саясатын нық ұстанатынын, сонымен қатар Президентіміз қашан да шетте жүрген қандастарымыздың мәселесін назарда ұстайтынын, олармен байланысты нығайта түсуге аса мән беретінін айтты.
ҚР Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапак, Нұргүл Тау, Жарқынбек Амантай өз сөздерінде екі елдің парламентаралық байланыстарында күн тәртібіндегі мәселелер, еліміздегі құқықтық-демократиялық реформалар туралы баяндады.
Баян-Өлгий аймақтық мәслихатының төрағасы ата-бабамыз осы елдің өркендеп өсуіне үлкен үлес қосып, бүгінде Баян-Өлгий аймағындағы қазақтардың емін-еркін өмір сүруіне жағдай жасады, сол істі әрі қарай жалғастырып келе жатқанын айтып, мемлекеттер арасындағы достықтың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар Баян-Өлгийдегі қандастармен рухани-мәдени байланысты арттыру мәселелері де тақырыпқа өзек болды.