Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сот жүйесіндегі жаңашылдықтар ашық құрылым қалыптастырды

Сот жүйесіндегі жаңашылдықтар ашық құрылым қалыптастырды

Өткен жылдан бастап елімізде 24 маусымда судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Бұл – осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен мемлекетте сот саласының қалыптасып, дамуына қызмет еткен сала ардагер­леріне деген зор құрметтің белгісі. Оның үстіне биыл Қызылорда облыстық сотының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай біз Сырдария аудандық сотының төрағасы Руслан Алдамбергеновпен сұхбат құрған едік.

– Руслан Темірханұлы, ең алдымен Сізді және сіз басқарып отыр­ған ұжымды кәсіби мерекемен құттық­таймын! Бұл мереке салада жұмыс істеп жүрген әрбір қызметкер мерейін өсіретіні анық. Оған қоса биылғы мереке облыстық соттың құрылғанына 85 жыл толуымен де тұспа-тұс келіп отыр.

– Көп рақмет! Әрине, «Судья және сот қызметкері күні» сот жұмысына серпін беріп жүрген мамандарға зор қолдау екені белгілі. Атаулы датада әркез әділдікті ту етіп жүрген сала қызметкерлерінің мерейі үстем болады. Бұл кәсіби мерекенің түп-төркіні 1992 жылы 24 маусымда «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» Заңға алғашқы түзетулер енгізілген Заңның қабылдануымен тікелей байналыс­ты. Осы заң Жоғарғы Соттың, облыстық, қа­лалық, аудандық соттардың, сондай-ақ жаңадан құрылған әскери соттардың сот төрелігін жүзеге асыру тәртібін қамтамасыз етті. Сондықтан биыл екінші рет аталып өтілетін мерекенің біз үшін, сот қызметкерлері үшін маңызы зор.

Биыл Қызылорда облыстық сотының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осынау ғасырға жуық уақыт тарихында облыс соттары еліміздің тұрақты дамуына зор үлес қосып, қоғам және мемлекет өмірінде туындайтын жанжалдар мен дауларды әділ шешу бағытында небір күрделі, тағдырлы істерге төрелік етті. Бүгінде облыстық сот­тың судьялар корпусы азаматтардың кон­ституциялық құқықтарының қорғалуына, заң үстемдігінің берік орнығуына және сот тәуелсіздігінің нығаюына сүбелі үлес қо­сып келеді. Осы уақыт аралығында об­лыстық соттары жаңа технологияларды қол­данудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейнежазба құрылғыларымен жабдықталып, сот оты­­рыстары түгелдей дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты. Электронды құжат айналымының бірыңғай жү­йесі енгізіліп, сот ісін жүргізуде заманауи бағдарламалық өнімдер пайдаланылып, ақпараттық технологиялар арқылы халыққа көптеген ақпараттық қызметтер көрсетіліп, сот жүйесінің тиімділігін, қолжетімділігі жә­не ашықтығын, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін одан әрі арттыруға қажетті жағдайлар жасалған.

– Өзіңіз айтып отырғандай, отандық сот жүйесі көптеген реформаларды­ бас­тан өткерді. Мұның астарында сот жүйесінде ашықтықты қалып­та­с­тырып, халыққа сапалы қызмет көр­сету тұрғаны анық. Осы ретте, сот ре­фор­­ма­сындағы жаңашылдықтарға тоқ­та­лып өтсеңіз.

– «Өмірге қатысты реформаны заң реформасынан бастау керек» деген екен француздың белгілі әдебиетшісі Адриан­ Гельвеций. Бұл қоғамдағы кез келген өзгерістің күретамыры заң екенін аңғартса керек. Дамыған мемлекеттердегі оң өзгерістің не­гізгі формуласы да осыған ұқсас. Біз үлгі ететін өркениетті елдердің көпшілігі замана көшіне сауатты заң мен сапалы қызметтің арқасында жеткен. Сондықтан бұл саладағы әрбір жаңа бастама, жаңа реформаның қоғам үшін өзектілігі зор. Мәселенің түп-тамырына үңілген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолда­уында заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігін атады. Енді үшінші биліктегі басты жетістіктер дегенде ауыз толтырып айтатын үздік істер аз емес. Осы жылдар ішінде қабылданған заңдар судьялар тәуелсіздігін нығайтты, сот корпусын мықты мамандармен жасақтауға көмектесті, істерді сапалы қарап, халыққа мейлінше қолжетімді, ашық құрылым қалыптастыруға ықпал етті. Судьялардың кәсіби шеберлігін арттыру үшін оларды іріктеу күшейтілді. Сот саласы атқарушы билікке тәуелділіктен арылды. Саладағы реформаның сәтті болуы IT қызметін қолданудағы белсенділікке байланысты. Электрондық қызмет сот пен судья жұмысына төңкеріс алып келді. Судьяларға істердің компьютер арқылы бөлінуі, сот ісін дыбыс-бейнежазу құрылғылары арқылы жүргізу, куәларды қашықтан тыңдаудың мүмкіндігі – жаңа технология жетістіктерінің бір бөлшегі ғана. Электронды сервистерді енгізу сот ісін жүргізуді едәуір жеделдетіп, сот жүйесінің ашықтығын арттырды. Сондай-ақ азаматтардың шығындарын азайта оты­­рып сот процесіне жылдам қол жеткізуге септігін тигізді. Азаматтар құжатын «Сот кабинеті арқылы жолдап, өзін қызықтырған сауалдарға осы мобильді қосымшаның кө­мегімен жауап алатындықтан жең ұшынан жалғасудың, парақорлықтың жолы кесілді. Осылайша, жаңа технология жемқорлық сияқты жегіқұрттың себебімен емес, салдарымен күресіп, кемшілікті жоюға ықпал етті. Сот жүйесіндегі IT қызметтердің мақсаты – азаматтар мен соттар арасында тиімді коммуникация құру, іс жүргізу кезінде туындайтын қиындықтарды болдырмау, қоғам тарапынан соттарға деген сенімді арттыру. IT-технологияларды пайдалану сот ісін жүргізудің әдеттегі процесіне жұмсалатын уақыты едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Сот жүйесіндегі реформалар процестердің ашық болып, судья жүктемесін реттеуге негіз қалады. Әсіресе, эксаумақтық соттылықтың тәжірибеге енгізілуі бұл мәселеге түбегейлі нүкте қойып, қала, облыс пен аудандық соттағы судьялардың деңгейлес жүктеме­мен жұмыс істеуін қамтамасыз етуде.

– Осы тұста көпшіліктің көкейінде жүрген бір сауалды қойсам. Іс жүргізу кезінде сот шешімінен соң әрбір тарап апелляцияға жүгінуге құқылы. Осы­ның өзіндік тәртібін тарқатып бер­сеңіз.

– Сот шешімі – сот өндірісінің, судья қызметінің түпкілікті нәтижесі. Дегенмен, төменгі саты соттарында шығарылған ше­шімдерді нақты дәлел, деректер болған жағдайда өзгертуге, күшін жоюға болатынын ұмытпауымыз керек. Яғни, шешімге де, іс жүргізу әрекетіне де шағымдануға болады. Бұл Азаматтық процестік кодексте толық көрсетілген. Осы тұрғыдан алғанда сот апелляциясы – аса маңызды институт. Іс жүргізу әрекетіне, шешімнің әділдігіне шағымданғандар апелляцияның тәртібін тү­сінгені дұрыс. Қолданыстағы Азаматтық процесстік кодекстің 401-бабында сот ше­шімдеріне апелляциялық шағым жасау, прокурорлардың өтінішхаттар келтіру құ­қығы дәйектелген. Кодекстегі 401-баптың 1-бөлігінде көрсетілгендей, заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық тәр­тіппен апелляциялық шағым берілуі, про­курор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін. Апелляциялық шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты шешім шығарған сот арқылы беріледі. Шешімдерге апелля­циялық шағымды, прокурордың өтінішхатын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында қа­райды. Бұл жерде әсіресе кодекстің 404-бабы 2-бөлімін басшылық алу керек. Онда «Апелляциялық шағымда, прокурордың өтінішхатында бірінші сатыдағы сотта мә­лімделмеген талаптар болмауға тиіс. Бі­рінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған жаңа дә­лелдемелерге сілтеме жасауға, егер шағымда, прокурордың өтінішхатында олар­ды бірінші сатыдағы сотқа ұсынудың мүм­кін еместігінің негіздемесі болса, оның ішінде, егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ егер бірінші сатыдағы сотта оларды зерттеу және (немесе) талап етіп алдыру туралы өтінішхат мәлімделіп, бірақ ол қанағаттандырусыз қалдырылса, жол беріледі» деп нақты көр­сетілген.

Апелляция институтының мақсаты ең алдымен заңсыз сот актілерін түзетуге ба­ғытталған. Апелляцияның ауыртпалығын азайтып, сот жұмысына көңілі толмайтындар қатарын кеміту мақсатында судьялардың өзі ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Жалпы, өз талабы қанағаттандырылмаған аза­маттардың бәріне сот шешімінің заңсыз болып көрінетіні түсінікті. Ал сот шешімінің заңды екеніне қарапайым азаматтардың көзін жеткізу үшін, іс жүргізу әрекеттерінің талапқа сай екенін көрсету үшін судьялар өзі шығарған шешімді ұғынықты тілмен түсіндіруге, тараптар қойған сауалдарға жан-жақты жауап беруге міндетті. Бұл – Азаматтық процестік кодекстегі негізгі жаңашылдықтың бірі. Кодекс шеңберінде әрекет етіп, шешімнің туралығын нақты аргументтермен түсіндірген судья шешіміне арыз жазатындар аз.

– Енді есепті кезеңде сотта қаралған істер мен сот шешімдері туралы ақ­парат беріп өтсеңіз.

– 2023 жылдың 5 айында аудандық сот­тың қарауына 38 адамға қатысты 25 қылмыс­тық іс қаралды. Оның ішінде 16 іс бойынша 24 адамға үкім шығарылса, 4 адамға қатысты іс тоқтатылған. 2 іс прокуратураға кері қайтарылып, 1 жекеше қаулы қабылданды. Ал азаматтық істер бойынша 183 талап қою мен 2 іс түсіп, 123 іс қаралды. Оның ішінде 14 сот бұйрығы, 38 шешім қабылданып, 67 іс өндірістен тоқтатылды. 4 іс қараусыз қалдырылса, 1 жеке ұйғарым қабылданды. Есепті мерзімде соттың өндірісіне 89 әкім­шілік құқықбұзушылық іс түсті. Түскен әкімшілік құқықбұзушылық істердің ішінде 84 адамға қатысты 84 іс қаралды. 66 адамға әкімшілік жаза қолданылса, 18 адамға қа­тысты іс тоқтатылды. Қаралған істер бо­йынша 9 жеке қаулы қабылданды. Сондай-ақ татуласу тәртібімен 6 азаматтық іс, ме­диаторлардың қатысуымен 60 азаматтық іс, партисипативті тәртіппен 1 азаматтық іс, 11 әкімшілік құқық бұзушылық іс және 4 қылмыстық іс аяқталды. Сонымен бірге аудандық сотта жыл басынан бері 55 іс сотқа дейінгі хаттама тәртібімен аяқталып отыр.

– Осы жұмыстардың барлығы ау­дандық сот ұжымының бірлесе ат­қарған қызметінің нәтижесі деп бі­леміз. Осы орайда, салада жұмыс іс­­тейтін қызметкерлер туралы айтып өт­сеңіз.

– Бүгінде аудандық соттан бастап, Жоғарғы сотқа дейін барлығы дерліктей сәулетті де, сәнді ғимараттарда орналасқан және судьялар мен сот қызметкерлеріне жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Сырдария аудандық сотында судьялар мен сот кеңсесінің мамандары жұмыс істейді. Аудандық сот екі құрамды сот болғандықтан Дәурен Ералиев 2022 жылы Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Жарлығына сәй­кес Сырдария аудандық сотының судьясы қызметіне тағайындалып, сот актілерін шығарып, әділ қызмет етуде. Бізде сот әкімшісі қайнап жатқан істің ордасы деуге болады. Сот кеңсесімен барлық істер, құжаттар тіркеліп, есебі қалыптастырылып және аяқталып, орындауға жолданған әр­бір сот актісіне бақылау жасалады. Бұған аудандық сот әкімшісінің басшысы Нұрхан Әбдікәрім басшылық етеді. Жоғарыда атал­ған жұмыстардың барлығын үйлестіріп оты­рады. Сот әкімшісіндегі жұмысты сот әкім­шісінің бас маман Меңдігүл Асансыз елес­тету мүмкін емес. Ал жетекші маман Олжас Дүйсенов аудандық сот жұмысының ақпараттандырылуы, түрлі іс-шараларды ұйымдастыру міндетін жауапкершілікпен атқарады. Соттың жұмысы мен имиджі сот отырысы хатшысының дұрыс ұйым­дас­тырылған жұмысына, оның жауапкер­шілігіне, сауаттылығына, адалдығы мен дәлдігіне байланысты. Осы аталған жұ­мыстарды жауапкершілікпен атқарып жүр­ген, сот жүйесінің темірдей тәртібін бойына сіңірген Гүлшат Пірімбеттің еңбегі зор. Сондай-ақ биылдан бастап сот отырысының хатшысы қызметіне кіріскен Жұлдыз Сыр­ғабаева да тәжірибелі мамандармен қа­тар қызмет етіп, өзінің біліктілігін артты­руда. Аудандық соттың бас маман-аға сот приставы қызметіне келген Абзал Елкенов те өз міндеттерін сапалы орындайтын білікті маман екендігін көрсетіп жүр. Іс жүргізу инспекторы қызметіндегі жас маман Тоғжан Маханбетованың болашағынан зор үміт күтеміз. Міне, ұжымдағы осындай өз қызметтеріне жауапкершілікпен қарайтын білікті мамандар арқылы аудандық сот жү­йесі заман талабына сай дамып, қызмет көр­сетіп келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Ердос БЕРКІНБАЕВ

24 маусым 2023 ж. 456 0