Ауыл шаруашылығына инвестициялар көлемі 3,2 трлн теңгеге жетеді - министр
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев саладағы басты міндеттерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде біздің министрлік агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жүйелі жұмысты атқарып келеді. Сын-қатерлер мен күрделі мән-жайларды ескере отырып, саланы реформалау мен қайта құру жүріп жатыр. Отандық ауыл шаруашылығы саласы алдындағы басты міндеттерге тоқталып өтсем. Алдымен, еңбек өнімділігін 3 есеге арттыру (ауыл шаруашылығымен айналысатын әрбір шаруаға 3,4 млн теңгеден 9,3 млн теңгеге дейін). Келесі агроөнеркәсіптік кешені (АӨК) өнімінің экспортын 3 есеге ұлғайту (3,5 млрд АҚШ долларынан 9,9 млрд-қа)», - деді Ербол Қарашөкеев Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының ұйымдастыруымен Сыртқы министрлігінде өткен семинарда.
Осылайша оның айтуынша, АӨК экспортының жалпы көлемі 70%-ға артпақ.
«Барлық азық-түлік бойынша кем дегенде 90%-ға оның ішінде қантты қоспағанда, 5 импортқа тәуелді тауар бойынша 100% өзімізді қамтамасыз етуге қол жеткізілмек. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы саласына инвестициялар көлемін 4 есе өсуін қамтамасыз етіп, ол 3,2 трлн теңгеге дейін жеткізіледі. Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін адами әлеуетке де, экономика инфрақұрылымына да инвестицияны кеңінен тарту қажет», - дейді ведомство басшысы.
Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігінде Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының ұйытқы болуымен «Ауыл шаруашылығына инвестиция салуға Сукук» атты семинар өтті. Аталған шараға құзырлы мемлекеттік органдар өкілдері, сала сарапшылары мен шетелдік меймандар қатысты.