Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Дамумед» дәрігерге кезексіз жазылудың жолы

«Дамумед» дәрігерге кезексіз жазылудың жолы

Цифрлық технологияның тиімділігін көре бастаған көпшілік кез келген қызмет түрлерін электронды түрде жүзеге асырады. Қазіргі уақытта үйден шықпай-ақ, жұмыс өнімділігін ғаламтор арқылы арт­тыруға болады. Өз кезегінде медицина саласын цифрландыру осыдан 5 жыл бұрын қолданысқа енгізілді. Медицинаның сапасын арттыру бағытында жүргізілген реформа халықтың денсаулық жағдайын жақсартуға септігін тигізді. Мәселен, қағазбастылықтан арылуға қадам жасаған медицина саласы әрбір адамның электронды денсаулық паспортын қалыптастыруға мүдделі.

Медицина саласын цифрландыру­ға көшірілген жылдары «Даму» ақпа­рат­тық технологиялық орталығының дайын­дауымен «ДамуМед» мобильді қо­сым­­шасы іске қосылды. Бүгінде «Да­му­Мед» мобильді қосымшасы қазақ­стан­дықтар үшін тоқтаусыз жұмыс жасап тұр. Денсаулығында кінәраты бар әрбір тұрғын өз облысын таңдап, «Кіру» тетігі арқылы ұялы телефондағы ЖСН-ді тіркеп, смс-пен келетін құпия сөзді күту керек. Сол арқылы тіркелгеннен кейін «Құқсат беру» батырмасы басқан жөн. Бұл ретте, ЖСН-нің көмегімен тұрғын­ның қай емханаға бекітілгені мен емдеу дәрігері автоматты түрде шығады. Аталған мобильді қосымшаның көме­гімен бірнеше қызмет түріне қол жет­кізуге болады.

Цифрландыру бағдарламасының игі­­лігін көрген аудан медицинасы ин­тер­нет платформасының қызметін мақ­сатты түрде жүзеге асыруда. Осы күні кезекті электронды басқару жүйесін енгізу мақсатында электронды терминалдар іске қосылған. Тіркеу бөлімінің жұмысы модернизацияланып, цифр­лы пост құрылған. Мәселен, аудандық емханада CALL-орталығы жұмыс жасайды. Негізгі орталық дәрігерлер каби­нетіндегі кезекті азайтуға мүмкіндік бе­реді екен. Науқастың дәрігерлерге ал­дын ала жазылуын енгізу оның меди­циналық ұйымдарда өткізетін уақы­тын 1 сағаттан 15 минутқа дейін қыс­қартуға жағдай жасайды. Нау­қастар электрондық жүйе арқылы емханаға тіркелген адам дәрігерге жазылып, қа­жетті кеңес ала алады. Сонымен қатар дәрігерлік қабылдауға телефон және интернет бойынша «Egov» элек­трондық үкімет порталы және «Дамумед» мобильді қосымшасына жазылу мүмкіндігі туындайды.

– Бүгінде аудандық емхана мен аурухана мамандары «Кешенді меди­циналық ақпараттық жүйе» арқылы жұмыс жасайды. Жалпы, аудан бо­йынша аталған жүйеге 19 аймақтық және 27 мамандарылған дәрігер, 64 аймақтық медбике тіркелген. Шынды­ғын­да, ауданның кез келген жерінен аймақтық дәрігерге тіркеліп, кезексіз кеңес алуға болады. Электронды жүйенің көмегіне 1 жыл көлемінде ор­та есеппен 225 400 адам жүгінсе, 1 күн­де 920 науқас өз қажеттілігіне пайдалана алады. Бір жағынан «ДамуМед» мо­бильді қосымшасы тұрғындардың уа­қытын ұтымды пайдалануға, жеке жос­парын құруға септігін тигізеді, – дейді аудандық емхананың операторы Салтанат Қалданова.

Басы ауырып, балтыры сыздаған жергілікті халықтың баратын жері ау­дандық емхана мен аурухана екені дау­­сыз. Дәрігер бақы­лауындағы нау­қас­тар, жалпы аудан халқы «ДамуМед» мобильді қосымша­сының игілігін көруде деген сенімдеміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
13 мамыр 2023 ж. 236 0