Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыссыздық – күн тәртібіндегі өзекті мәселе

Жұмыссыздық – күн тәртібіндегі өзекті мәселе

«Нағыз жаза – жұмысқа салу емес, ­на­ғыз жаза – жұмыссыз қалу шығар» дей­ді Қадыр ақын. Жұмыссыздық жайы, «екі қолға бір күректің» табылмауы, «табақтай» дипломы бола тұра қызмет таппай сенделу – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

Халықты жұмыспен қамту мен әл-ауқатын арттыру мәселесі Мемлекет басшысының ұдайы бақылауында. Бұған дейін Президент «Жұмыспен қамтудың жол картасын» сынға алып «қағаз жү­зінде ғана жұмыспен қамту» мәселесі шешім таппайынша, халықтың күнкөріс деңгейі артпайтынын айтқан болатын.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, Еуразиялық эко­номикалық одақ мемлекеттерінің халықты жұмыспен қамту қызметтерінде тіркелген жұмыс­сыздар саны 2023 жылдың бас кезіндегі есеп бо­йынша 884,2 мың адамды құраған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда жұмыссыздар саны 10 пайызға кемігенін көрсетеді.
Ал ұлттық статистика бюросының мәліметі бо­йынша Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі биыл 4,9 пайызды құраған. Ал жалпы халықаралық еңбек ұйымының болжамынша, 2023 жылы жұмыссыз­дар саны 3 миллионға артып, 210 миллионға жуық­таған. Бұл көрсеткіш 2020-2021 жылдардағы «ко­ронадағдарыс» кезіндегі көрсеткіштен едәуір тө­­мендеген. Пандемия кезінде белең алған жұ­мыс­­сыздық мәселесі жайлап өз шешімін тауып ке­леді.

Десек те, қазіргі таңда жұмыс табу – үлкен мәселе. Себебі жоғары оқу орнын бітірген қан­шама дайын маман жұмыс таппай сенделіп жүр. Бұл жерде кінәні екі жақтан қарамасқа тағы болмайды. Ең алдымен тәжірибе жинақтау үшін қан­дай жұмыстан да қорқудың қажеті жоқ екенін айта кеткіміз келеді. «Білдей университет бітірген, жұмыс таппай жүр» дегенді жиі естіп жатамыз. Мәселе жоғары оқу орнын бітірсең, біреу алдыңнан жұмыс тауып, яки орнын босатып күтіп тұрады деген сөз емес. Қандай да жақсы жетістікке жету үшін үлкен тәжірибе алаңынан өту керек. «Ана жұмысты істемеймін, мына жұмысты істемеймін» деген өзіндік принциптерін арқалаған қаншама адам жұмыссыздар тізімін толықтырып жүр.

Содан соң мамандықты дұрыс таңдау маңызды. Бұл ретте оқуға түсуді ниет еткен жас түлектің ішкі дүниесін тыңдай отырып, таңдау жасауына мүм­кіндік беру керек. Себебі адамның өз жанымен сүйіп жасаған еңбегі ғана өнімді болмақ. Жаман жұмыс жоқ, дұрыс таңдалмаған мамандық болуы мүмкін.

Ал аудандағы ахуалға оралсақ, жұмыспен қам­ту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу саласында жоспарға сай бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. 2023 жылдың 1 мамырындағы есеп бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығына 1897 адам хабарласып, олар­дың 1295-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылса, 139 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ «Әлеуметтік жұмыс орындары» бойынша жыл соңына дейін 41 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, қазірдің өзінде елу пайызы қамтылып, яғни 20 адам жұмысқа жолданған. Ал «Жастар тәжірибесі» бойынша 357 жас қамтылу көзделсе, қазіргі күні 26 жас маман өз тәжірибелерін жинақтауда. «Қоғамдық жұ­мыстарға» 2023 жылы 670 адамды тарту жос­парланса, бес айдың қорытындысы бойынша 752 адам қоғамдық жұмыстарға жолданған. Биыл­дыққа екі адам «Алғашқы жұмыс орындарына» жолданса, «Ұрпақтар сабақтастығы» бойынша 2023 жылға жоспарланған үш адамның біреуі қам­тылған. «Күміс жас» бойынша жыл бойына 22 адамды қамту жоспарланғанымен, бүгінгі таңда 31 адам қамтылып отыр.

Қазіргі таңда мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударып келеді. Осы ретте түрлі бағ­дарламалар қолданысқа еніп, сол арқылы өз-өзін, кейін келе өзгелерді жұмыспен қамтып отыр­ған кәсіпкерлер баршылық. Кәсіпкерлік, жа­ңа кәсіп түрлерін ашу бір жағынан халық тұр­мысын оңтайландыру жолы болса, екіншіден жұ­мыссыздықпен күрестің ұтымды тәсілі. Осы ретте ауданымызда «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» тетігі бо­йынша 2023 жылы 144 адамды қамту жоспарланса, бес айдағы көрсеткіш бойынша 36 адам грант иегері атанған. 2022 жылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсын аудан бойынша 951 адам аяқтаса, 2023 жылдың қазіргі сәтіне дейін 288 адам өз сертификатына қол жеткізген. Сондай-ақ биылғы жоспар бойынша 800 тұрақты, 1342 уақытша – барлығы 2142 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, бүгінгі таңда бекітілген жоспар 46,5 пайызға орындалған.

Үкімет жұмыссыздықпен күрес мәселесін ше­шу мақсатында ауқымды жұмыс жүргізуде. Ол дегеніміз үйде жатқан кісіні орнынан тұрғызып, жұ­мысқа орналастырып береді дегенді білдірмейді. Үкімет халыққа «балық орнына қармақ беріп», ол үшін қажетті қаржы да бөлініп жатыр. Тек тиісті бағдарламалар межелі мақсатына жетіп, жауапты тұлғалар тиісті шараларды ұтымды үйлестірсе, бұл мәселе де түбегейлі өз шешімін таппақ.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: aikyn.kz
13 мамыр 2023 ж. 446 0