Кадрлық өзгерістер таныстырылды
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтіп, онда кадрлық өзгерістер таныстырылды. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағалары, кент және ауыл әкімдері, дербес бөлімдер мен сала басшылары қатысты.
Жиынды ашқан аудан басшысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жер қатынастары саласы жөніндегі аудан әкімінің орынбасары лауазымына Еспенбетов Роллан Манарбекұлы тағайындалғанын жеткізіп, қызметтік жолына тоқталды.
– Роллан Манарбекұлы Қызылорда облысында дүниеге келген. Білімі жоғары, 2011 жылы халықаралық Білім беру корпорациясының Қазақ бас сәулет құрылыс академиясын «Құрылыс» мамандығы бойынша, 2013 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Құқық» мамандығы бойынша және 2021 жылы Нархоз университетін «Іскерлік әкімшілік» мамандығы бойынша бітірген. Одан кейін еңбек жолы «Промстройсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маркетинг бойынша инженері ретінде басталған. Ол 2012-2014 жылдары «Абзал Проект Консалтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің адвокады, бас инженер жобалаушысы, 2014-2018 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің заңгер-кеңесшісі, бөлім басшысы қызметінде болған. Ал 2018 жылдың сәуірінен бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы лауазымын атқарып келді, – деді Берік Әдіғаппарұлы.
Мұнан соң аудан әкімі Қызылорда облыстық полиция департаментінің бұйрығымен Сырдария аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған Оспанов Азамат Айдуллаұлын да таныстырды. Сала жұмысын жандандыру үшін жаңа қызметке тағайындалған полиция подполковнигі – Қызылорда қаласының тумасы. Жоғары білімді полицей Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Құқық» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің жол полиция басқармасының аға инспекторы лауазымынан бастаған. 2008-2021 жылдар аралығында құқық органдарында түрлі жауапты қызметтерді атқарса, осы уақытқа дейін Қызылорда қаласы полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметінде абыройлы қызмет істеген.
Жаңа кадрларды таныстырған соң аудан басшысы білікті мамандар кәсіби дайындықтарын, қызметтегі тәжірибелерін және жауапкершілігі мол қызметте пайдаланып, үлкен міндеттерді абыроймен атқарады деп сенім білдірді.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сөз сөйлеп, жаңа қызметке тағайындалған сала мамандарының жұмысына сәттілік тіледі.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ