Жаңа қызметіне сәттілік тіледі
Кадрлық өзгерістерге байланысты аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Онда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңіс Файзуллаевтың жаңа қызметке тағайындалғаны жария етілді.
Аудан басшысы ең алдымен, мемлекеттік қызметте басшылық лауазымды атқару зор жауапкершілік пен үлкен міндет жүктейтініне тоқталды. Сонымен қатар Ж.Файзуллаевтың білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде жақсы қырынан танылып, ауданда қызмет ету арқылы мол тәжірибе жинақтағанын айтып өтті.
– Жеңісбек Исламұлы – жас та болса жақсы көзге түсіп, басшылық тарапынан тапсырылған жұмыстарды абыроймен атқарып келе жатқан азамат. Ол Қызылорда мемлекеттік университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын «Темірлан проект» мекемесі директорының орынбасары қызметінен бастады. Әр жылдары Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінде, Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасында жауапты қызметтер атқарды. Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының құрылыс бөлімінің бас маманы лауазымында жемісті еңбек етті. 2022 жылдың наурыз айынан бастап Сырдария аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып, жоспарлы жұмыстардың атқарылуын жүйелі іске асырды. Енді қала әкімінің өкімімен Қызылорда қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалуда. Әріптесімізге жаңа қызметте сәттілік пен абырой тілейміз, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов сенім жүгін арқалап, жаңа қызметке тағайындалып жатқан азаматқа тілектестігін білдірді. Қаланың жұмысы ауқымды екенін айтып, тәжірибесі толысқан, білімі мен парасаты ұштасқан Ж.Файзуллаевтың бұл қызметте де жемісті еңбек ететініне сеніммен қарайтынын айтты.
Актив отырысында сөз алған Ж.Файзуллаев ауданда еңбек еткен жылдары қолдау білдірген барлық азаматқа, әріптестеріне зор ризашылығын білдіріп, Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына тілектес екенін жеткізді. Сонымен қатар зор сенім білдірген, құрмет көрсеткен аудан басшысына алғысын айтты.
А.Құрманайтегі