Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шайтан ауды білеміз бе?

Шайтан ауды білеміз бе?


«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген бар. Су маржанын аулап ұстау үшін аудың атқарар рөлі зор. Оны ертеде балықшылар жібек жіптен, түйе жүні мен аттың қылынан тоқыған. Халық тілінде аудың үлкен түрін жылым деп атау дағдыға айналған. Жылым атауының төркіні судың қатпай жатқан ау салатын бөлігінің атауымен байланыстырылады. Екінші болжамда қазақ жеріне қоныс аударған шығыс славяндары мен Дунай бойы балықшыларының тіліндегі ау атауының қазақыланған нұсқасы.
Кәнігі балықшылар әркезде аулардың алуан түрлерін тұрмысқа ыңғайлап ойлап тауып отырған. Солардың бірі – шайтан ау. Ел аузында жүрген әпсаналарға сенсек, ХХ ғасырдың басында Ұлы Отан соғысының алдында пайда болған. Жоқшылық пен таршылық дендеген шақта шағындап тоқып пайдаланылған ауды «шайтан ау» деп атаған.
Әйтеке би кентінің тұрғыны Алтынбек Құрымбаев, бұлай аталудың сыры – оның көлемінде болар деген болжамымен бөлісті. Әңгімеге тартқан кейіпкеріміздің айтуынша, қазіргі аулардың ұзындығы 30-40 метр болса, ол небары 5-6 метр ғана болған екен. Ағысқа қарсы құратын арқалығы мен табандығы бар құрма ау саналған. Әдепкі уақытта балықшылар оны жәй жіптен тоқып, кейін капрон жіппен тоқыған. Ірі балықтар аулау мақсатында «шайтан ау» торларын кең қылса, кішкентай балық ұстау үшін тор көзін кішірек көлеммен дайындаған. Азығы үшін қолданған шағын ауды балықшылар өзі ойлап тапқан. Ол кезде 4-5 балық ұстап, бір руды асырай алатын жағдайда болған деседі. Тез салып, жылдам суырып алатындықтан «шайтан ау» деп атаған-мыс. Қазір қолданыста жоқ.
Қ.Пірімов аулының тұрғыны Рамазан Қонысбайдың деректеріне сүйенсек, кезінде балықшылар «гөңкі» ауды кеңінен қолданған. Ол үш қабатты, екі жағы керегенің көзіндей үлкен, ортасы кішірек болады екен. Ірі балықтарды аулау үшін капрон жіптен тоқып, жасаған.
Ал, талдан иіп дайындалатын «қабадан ау» өзен-көлдің тайыз жерлеріне құру мақсатында ойлап табылған құрылғы саналады. Оның ерекшелігі – ауға кірген су маржаны қайта шыға алмайды. Сонымен бірге, ел аузында жүрген «ақанай ау» көпті тамсандырған. Ауды тоқыған адамның құрметіне солай аталған көрінеді. «Ақанаймен» тек ғана үлкен жайындар ауланған екен.
«Енді бір әңгімелерде ауыл ақсақалдары ауданның Қазалы деп аталуын Сырдарияның бойында қоныстанған балықшылар «қаза» ауын құрғанмен байланыстырады. Қаза майланғанда балық судың бетіне шығып тұрады. Ау шыққанда «қаза» кейін қолданыстан шығып қалған. Қазаны қамыстан, жыңғылдың шиінен жерге қазық қағып, соны айналдыра тоқитын болған. Ұзына бойына 10 метрге дейін тоқып, астыңғы жағынан балық кіретін орын қалдырған. Ішіне су маржаны толғанда бетінен шолпымен сүзіп алып отырған», – дейді Р.Қонысбай.
Сондай-ақ, аудың самала, қода, құрма, шөміш, тағы басқалары бір-бірінен өзіндік құрылымдық айырмашылығы бар көптеген түрін қолданғаны туралы тілдік және этнографиялық мәліметтер бар. Ертеректе балық аулайтын құрылғыларды ағаш, шілік немесе қамыстан тоқып жасаған. Мұндай құрылғылардың тор көздерінің мөлшері аулайтын балықтың айқұлағынан ілінетіндей және балықтың басы өтпейтіндей мөлшерде жасаған. Сондай бір құрылғы түрі – қода. Ау түрлерін пішіні, құрылымы, көлемі және қолданыстық ерекшелегіне қарай негізінен үш топқа бөліп қарастыруға болады.
Сүзгі ay – үлкен сулардан балық аулауға құрылатын ортасы сүйретілген, ұзынша етіп тор көзінен үлкен балықтар өтіп кете алмайтындай етіп тоқылған жабдық. Сүзгі төрт бұрышына тағылған арқан арқылы ауға түскен балық сүзіліп алынады. Сүзгі аудың ақап ау, аламан ay, майшабақ ay тәрізді түрлері кездеседі.
Құрма ау – жалпақ тоқылып суға кесе көлденең керілетін ау түрі. Тоқылуы сүзгі ауымен ұқсас. Мұны қыста мұз астында, жазда суға екі жағына екі қада орнатып, астыңғы жағының әр жеріне тас байлап, құрып қояды. Одан өтпек болған балық желбезегінен тор көздеріне кептеліп, оралып қалады.
Шөміш ау – көлемі шағын, тордың түп жағы қанар тәрізді ұзынша болып келген ау түрі. Тоқылуы сүзгі ау мен құрма ауға ұқсайды. Алдымен ұзын сырыққа ағаштан иіп, сап орнатады да, жасалған саптың басына тоқылған ауды жіппен жіпселейді. Көбінесе түнге қарай құрылатын шөміш аудың түрлері көп. Олар қол қауға, тоспай, қара ау, бөгеу ау деп аталады. Бөгеу ау құрылған жерінде бір-екі ай тұрады.
Ағынды суларда әрқайысысы 15-20 құлаш болатын бірнеше ауды бір-біріне жымдастыра жалғап, өзенге көлденеңнен құратын «ығызбай» ауы қолданылады. Оның үстіңгі арқалығына қалтқы, астыңғы табандығына салдауыр байлайды да, арқалықтың екінші ұшын қайықтағы балықшы ұстап отырады. Аудың мөлшері әртүрлі, ұзындығы бір жарымнан 8-20 құлашқа дейін барады. Басқа халықтардан сауда-саттық жолымен келген ау көзінің мөлшерін қазақ балықшылары үш, төрт, алты елі деген немесе төртінші, бесінші, алтыншы сияқты миллиметрлік өлшеммен атау қалыптасқан. Осыған байланысты аудың қандай балықты ұстауға қолайлы екендігі балықшылар тілінде «алты елі ауға табан балық, үш елі ауға торта түседі» деген тұрақты сөз орамында сақталған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА


26 сәуір 2018 ж. 1 014 0