Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалардың дұрыс тамақтануы – өзекті мәселе

Балалардың дұрыс тамақтануы – өзекті мәселе

«Ас тұрған жерде ауру тұрмайды», «Ас – адамның арқауы» дей­ді дана халқымыз. Бұл негізсіз сөз емес. Себебі адамның ішкен асы оның өмірінен, сырт келбетінен, денсаулығынан көрініс беріп тұрады.

«Мына бала тамақ ішпейді» деп баласына жаны ашыған, дәрігерге шағым айтатын ата-ананы жиі байқауға болады. Анықтап сұрасаң, кішкентай баланың сүйікті асы – қытырлақ картоп, кепкен нан, тәтті сусын болып кеткен. Ал ұзақ сақталатын әрі сырттан алынған ондай тағамдардың адам денсаулығына зиянын көзі ашық кез келген адам біледі деген ойдамын. Мұндай өнімдер бала тұрмақ, үлкен адамға да зиян тигізе алады. Ал енді ғана қалыптасып келе жатқан, күн сайын өсіп-жетілетін жас ағзаға қалай кері әсерін тигізетінін бағамдай беріңіз. Бұл – медицинадағы ғана емес бүкіл қо­ғамды алаңдатып отырған өзекті мәселе­лердің бірі. Онымен күресті мамандармен қа­тар ата-аналар да бірлесіп жүргізуі қажет.

Сонымен қатар үлкен мәселенің бірі – жас балалардың арасында тіл мүкістігінің кездесуі. Баланың тілі дер кезінде шықпау салдарынан логопед мамандарға жүгінетіндер де аз емес. Зер салсақ, негізгі себеп – ішкен тағамның зияндығынан екен. Үлкен мәселенің ше­ші­мін алысты орағытпай-ақ, ұлттық құндылық саналатын ұлттық тағам­дар­дан іздеуге болады. Қарапайым ғана мысал – қолдан жасалған құрт. Құрт жейтін ба­ланың ауыз-қуысында жара да болмайды. Әрі тілі қозғалыста болып, тілінің тез шығып әрі анық сөйлеуіне ықпал етеді. Әжелеріміз күбі пісіп, май алғанда балалардың алақанына май салып беретін болған. Бұл баланың асқазан, ішек жолдары майланып, өз кезегінде ауру-сыр­қаудың алдын алатын көрінеді.

– Статистикалық есепке тоқталар болсақ, ауданда 17 жасқа дейінгі балалар саны 13 мыңнан асады. Оның 700-ге жуығы – бір жасқа дейінгі сәбилер. Мүмкіндігі шектеулілер санатына қосылып отырған балалардың да саны артып отыр. Олардың ішінде басым көпшілігі жүйке жүйесі, көз, тіл дамуының кешігуі ауруларымен ауыратындар. Жалпы айтқанда, балалар арасындағы аурушаңдық алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама көбейген. Статистикалық дерек құрсақ, балалардың кө­бі асқазан-ішек жолдарының ауруымен шағым­данады. Одан кейін жүйке жүйесі, көз аурулары, есту жүйесі мен эндокриндік жүйе аурулары ағзазы енді ғана дамып келе жатқан жас жеткіншектерде жиі кездеседі, – дейді аудандық емхана дәрігері А.Құлеке.

Дәрігердің айтуынша, балалар арасында асқазан-ішек ауруының өт жолының дискенезиясы, гастрит, эндокриндік аурулар арасында семіздік жиі кездесетіні алаңдатады. Оның басты себебі – балалардың дұрыс та­мақ­танбауы, жылдам әзірленетін өнімдерді, газды, энергетикалық сусындарды көп ішіп-жеуден, дене қозғалысының аздығынан деп айтуға болады. Көз ауруларының ішінде алыс­тан көрмеу алдыңғы орында, оның бір­ден-бір себебі – жақын жерден ұялы телефонды көп пайдалану, компьютерде ұзақ оты­­ру. Осыған орай жыл сайын мектептерде мамандар атал­ған ауруларға әкелетін себептерді азайту мақсатында оқушылар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы семинар-тре­нингтер ұйымдастыруды жоспарға енгізген.

«Денсаулық – зор байлық» деген мақал текке айтылмаса керек. Осы тұста, дене тәр­биесіне мән беру де маңызды екені даусыз. Дене – жанның құралы. «Сау денеде салауатты рух болады» деген де бар. Баланың есейгенде жасайтын әрекетінің көп мөлшері оның кішкентай кезден алған дағдысына тіке­лей байланысты болады. Осыған орай, ата-аналарға баласын кішкентай күнінен физи­калық белсенділікке, жаттығу жасап, деннің саулығын күтуге үйрету маңызды. Ол қалып­тасқан әдет ретінде баланың есейген кезінде де оң ықпалын береді. Жастайынан спортқа жақын болған бала ағзасы қалыпты дамыған әрі шымыр болып өседі.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
25 наурыз 2023 ж. 333 0