Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасиетті Рамазан – рақым айы

Қасиетті Рамазан – рақым айы

Мейірімді, рахымды Алла Таға­ла­ның аты­мен бастаймын!

Барлық мақ­тау мен мадақ әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға болсын! Жыл бо­йы күткен қасиетті Рамазан айына аман-есен жет­кенімізге Жарат­қан Ие­міз­­ге сансыз шүкірлік етеміз.

Ұлы Жаратушының пенделеріне нәсіп еткен тең­дессіз сыйы қасиетті Рамазан – айлардың сұлтаны, күн мен түн тұтастай Жасаған Иеміздің рақымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уа­қытпен салыстырғанда, жақсылықтар мен са­уап­тардың сансыз еселеніп жазылар айы да осы – Рамазан. Қасиетті Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға па­рыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде-кім Рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сыр­қат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай ал­маған күндерін басқа күндері ұстасын» (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) делінген. Бұл аяттар ораза тұтуға мүмкіндігі жететін барлық мұсылман баласына аталған амалдың парыз екенін білдіреді.

Рамазан – айлардың төресі. Бұл айда барша мұ­сылман баласы бір ай бойы ораза тұтады. Яғни таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қа­тынасқа барудан, түрлі жаман­шылық атаулыдан өзін аулақ ұстап, жақсы амалдарды көбейтеді. Ораза араб тілінде «Әс-саум» немесе «Әс-сиям» деп аталады. Қазақша мағынасы арнайы ниет етіп, таңның атысынан күннің батысына дейін ішіп-жеуден тиылу және ер мен әйелдің қосылуынан сақтану дегенді білдіреді. Рамазан айында ораза ұстау – Ислам рү­кіндерінің төртінші парызы. Бұл Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс ау­дар­ғаннан кейінгі екінші жылында парыз болды.

Шариғатта ораза екі түрге бөлінеді. Біріншісі – парыз ораза. Ол – осы Рамазан айында келетін ораза. Екіншісі – нәпіл ораза. Бұған Рамазан айындағы ораза­дан басқа барлық қосымша ораза кіреді. Рамазан айы – Жаратушы тарапынан мұсылман әле­міне бір жыл бойына атқарған тірлігіне, жасаған күнәларына, жі­бер­ген қателіктеріне көз тастап, бір айдың ішінде есеп беретін, тәубе етіп күнәлардан арылатын қасиетті ай. Сонымен бірге бұл ай – мұ­сыл­ман үшін үлкен сабыр мектебі.

Рамазан айының құрметі мен ма­ңызын Пайғам­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сөзімен жеткізген жөн болар. Салман Әл-Фарисидің жеткізген риуаятында былай делінген: «Шағбан айының соңғы күні Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бізге уағыз айтты:

– Уа, халайық! Сендерге ұлық әрі берекелі ай ке­ліп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла Тағала осы айда ораза тұту­ды парыз қылды. Ал түндерінде намаз оқуды ерікті етті. Бұл айда Алла Тағалаға бір ізгі амалмен жа­қындаған пенде басқа уақытта парыз орындағанмен тең. Ал енді бұл айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс рет парыз орындағанмен тең болмақ. Бұл ай – сабыр айы. Сабырдың марапа­ты – жәннат. Сондай-ақ бұл ай – өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүминнің ризық несібесі еселене түседі. Кім бұл айда ораза тұтқан бір жанға ауызашар берсе, соның күнәсі кеші­ріліп, тозақ отынан азат етіледі. Әрі ораза тұтқан адамның да сауабынан ешнәрсе кемітілмейді. Осы тұста сахабалар:

– Уа, Алланың Елшісі! Ауызашар жасауға барлы­­ғымыз бірдей құді­ретті емеспіз, – деді. Сонда Алла­ның Елшісі (с.ғ.с.):

– Оразашының аузын, тіпті бір түйір құрмамен, не бір жұтым сумен, сүтпен аштырған пендеге де сондай сауап жазылады. Бұл ай­дың басы – рахым, ортасы – ке­ші­рім, ал соңы – тозақ отынан құтылу. Кім бұл айда құлына немесе қыз­мет­шісіне жеңілдік қылса, Алла со­ның күнәсін кешіріп, тозақ отынан азат етеді. Бұл айда төрт түрлі амалды көбейтіңдер. Оның екеуі Раббы­ларыңды разы қылатын амалдар – шәһәдатты (Лә иләһа илла Алла, Мұхаммед расул Алла) және истиғфарды (астағфирулла уа атубу иләйка) көп айтыңдар. Келесі екеуі өздерің үшін қажет амалдар – Раббыларыңнан жұмақты сұраңдар және тозақтан азат етуін тілеңдер. Кім ораза тұтқан пендеге ауыз ашу үшін сусын берсе, Алла оны Қиямет күні менің һәуізімнен сусындандырады. Сөйтіп, ол жұмаққа кір­генше еш шөлдемейді» деген.

Хадистен көргеніміздей, бұл Рамазан айының құр­меті үшін ораза ұстаған адамға ауыз аштырған кісінің алатын сыйы. Егер Сіз ораза ұстаған адамның ауызын аштырсаңыз, онда ақыретте мүлдем шөлдетпейтін хауыздан сусын ішесіз. Ал енді ораза ұстаған адамға берілетін сыйды ойлап көріңіз. Әрине, бұл – Рамазан айының ерекшелігі. Әбу Һурайрадан жеткен құдси хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала: Адам бала­сының күллі амалы қарақан басы үшін. Тек ораза Мен үшін. Оның са­уабын Өзім беремін дейді» деген. Алла Тағала ықыласты пендесі­не ораза тұтқаны үшін сыйды Өзі береді.

Берекелі Рамазан – құлшылық айы. Бұл ай қысқа мерзімді медресе сияқты. Отыз күн ішінде адам мүм­кіндігінше жақсы сөз айтып, өзінің сөзіне, мінезіне және басқалармен болған қарым-қатынасына назар салады, бақылайды. Ораза – тек ішіп-жемге ауыз бекіту емес, Алла Тағала разы болмайтын барлық іс­терден және сөздер мен қылықтардан тыйы­лып, күллі ізгілікке бет бұру.

Міне, құрметті оқырман! Рамазан айы – тек ішіп-жемнен тыйылып, қатынастан сақтану ғана емес, керісін­ше, ораза дегеніміз – барлық жаман нәрседен сақтану. Алла Таға­ла мүм­кіндік етіп берген бір айда жыл бойына жасаған күнәлар үшін шынайы тәубе қылып, құлшылық жасау деген сөз. Алла Тағаланың Құраны түсіп, тозақтың есігі жабылған қасиетті айда ораза ұстап, жақсылық жасауға асыққанымыз жөн.

Ораза тұтқан адамның бір жұтым су ішсе де, сә­ресіге тұрғаны абзал саналады. Себебі Пай­ғам­ба­ры­мыз (с.ғ.с.): «Сәресіге тұрыңдар. Өйт­кені, сәре­­нің тамағында берекет бар» десе, басқа бір хадисінде «Сә­ресі тамағы – берекет. Бір жұтым су болса да, оны тастамаңдар. Өйткені, Алла сәресіде тамақтан­ған­дарға ра­қым­шылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді» деп айтқан.

Биыл қасиетті Рамазан айы 23 наурыз күні басталады. Пітір садақа һижреттің екінші жылы, Рамазан ора­засы парыз етілген жылы міндеттелді. Зекеттен бұрын, пітір садақа уәжіп болды. Пітір садақасын беру әрбір дәулетті мұсылман ер мен әйелге – уәжіп. Пітір сада­қаның мәнісіне келсек, жан басы­на берілетін бұл садақа ораза ұст­ау барысында жіберіп алған қате­ліктерімізді жуып-шаюға себеп болса, екін­шіден, тұрмысы нашар жандарға жәрдемдесу. Сондай-ақ пітір садақа беру арқылы пенде көп­теген сауапқа кенелері сөзсіз. Биыл пітір садақа құны жан басына 535 теңге деп белгіленді. 17-ші сәуірден 18-не қараған түн – Қадір түні, ал Ораза айт 21 сәуір күні оқылады.

Сондай-ақ ораза айы кезіндегі ас-құдайыларды ауызашар уақытына сәй­кес ұйымдастырған аб­залырақ.

Қадірлі ағайын!

Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Ұстаған ора­заларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла Тағала елімізге, жерімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай! Мұратымыз асыл, дұға­мыз қа­был болсын!


Асхат АСҚАРОВ,
аудандық мешіттің бас имамы
21 наурыз 2023 ж. 267 0