Дала жұмыстарына дайындық қалай?
Жер тоңы жібісімен диқандар кетпенін сайлап, егістік танапқа бет алатыны белгілі. Бұл мезгілде егіншілер қарбаласқа түсіп, егін егуге жерді дайындайды. Егістік жерді тазалау, жер жырту, тұқым себу, суару жұмыстары рет-ретімен жасалып, қамбаны астыққа толтыру үшін мол өнім алуға бағыт ұсталады. Алқапта еңбек қызып, мол өнімнен үмітті жандар қарбаласқа түседі.
Соңғы жылдардағы су тапшылығы диқандар қауымы үшін айтарлықтай қиындық болды. Бүгінде дария арнасынан асайын деп тұрған судың егін науқанында жетіспеушілігі туындайды. Бұл мәселенің әлі де шешімі түбегейлі табылмай келеді. Сондықтан су тапшылығына жыл сайын еңбекшілер қауымы тап келіп, оны ауызбірлікпен еңсеруде. Нәтижесінде, өңірде күріш өндіру ісінде олқылық орын алған емес. Мұндай жетістікке диқандар биыл да жетеді деген сенімдеміз.
Жалпы, аудан аумағындағы агроқұрылымдардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, ағымдағы жылы бекітілген сызбаға сәйкес 33850 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Оның ішінде, күріш 21885 гектар, жаздық бидай 1681 гектар, мақсары 250 гектар, картоп, көкөніс, бақша 1055 гектар, жаңа жоңышқа 1828 гектар және ескі жоңышқа 7071 гектарды құрайды. Бұған дейінгі уақытта су тапшылығына байланысты егістік жерлерді қысқарту жұмыстары жүргізілген. Сыр өңірінің негізгі кәсіп көзі күріш өндірісі болған соң бүгінде шаруашылық құрылымдарына егістікті қысқартудың орнына суды аз қажет ететін дақылдарды егуге мүмкіндік жасалуда.
Әзірге танаптардағы жұмыс басталған жоқ. Десе де шаруалар егіске қажеттінің барлығын дайындап алуда. Бүгінде аудан бойынша биылғы көктемгі егіске қажетті 5200 тонна күріш, 15 тонна жоңышқа, 420 тонна бидай, 9,1 тонна мақсары тұқымы әзірленген. Күріш тұқымы себілген соң оның ауырмай, бітік шығуына тыңайтқыштар қажет-ақ. Бұл тұрғыда шаруашылықтар жыл сайын қажетті минералды тыңайтқыштарды ерте жеткізіп алады. Қазіргі күннің өзінде керекті тыңайтқыштың 10010 тоннасы (61,3%) алынған. Оның ішінде, сульфат амоний, карбамид, аммофос және басқа түрлері бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысы бойынша арамшөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің барлық қажетті көлемі 16500 литрді құраған.
Негізі, көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техникалар толығымен дайын. Көктемгі дала жұмыстарына 758 дана техника қатысады деп жоспарланған. Оған қажетті дизель отынын жеткізіп беруші оператор ретінде «Жібек Жолы ЛТД және К» ЖШС танылған. Бұл мекеме көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізу үшін қажетті 2879 тонна дизель отынын жеткізіп беретін болады.
Сондай-ақ егістікке келетін су жүйелерін тазарту жұмыстары жүріп, ішкі су жолдарын тазалау, су құрылыстарын, су тартатын қондырғыларды жөндеу де назардан тыс қалмаған.
– Қашыртқылар, каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары бойынша шаруашылықаралық каналдардың 24100 текшеметрінен, ішкі су жолдарының 67900 текшеметрінен топырақ шығарылып, тазартылды. Оған қоса, 4 дана гидробекет, 26 дана су тартатын қондырғы жөнделді. Каналдарды механикалық тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Ал биыл елді мекендерді экологиялық аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында А.Тоқмағамбетов ауылындағы «Қашыртқы», Жетікөлдегі «Жыңғылдыкөл» каналдарын механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар Тереңөзек кентіндегі «Айтбай-арық», С.Сефуллин елді мекеніндегі «Құрымбек», Шағандағы «Жиделі арық», Аманкелді ауылындағы «Баржық», Ақжармадағы «Ақжарма», «Дәулет арық» каналдарын тазартуға жоба сметалық құжат әзірлеу және А.Тоқмағамбетов ауылына 2 дана электрлі насос, Тереңөзек кентіне 2 дана дизельді насос құрылғыларын алуға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына сұраныс берілді, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Жұмабеков.
Бір сөзбен айтқанда, жылдағыдай аудандағы шаруашылық құрылымдары көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындалуда. «Көктемнің бір күні жылға азық» дейтіндер тынымсыз еңбекті бастайтын шаққа таяу. Алдағы уақытта атызға күріш тұқымдарын сеуіп, одан мол өнім алудың қамын жасайтын болады.
Е.БЕРКІНБАЕВ