Африкалық құстар жерсіндірілуде
Ауданға қарасты Бесарық ауылына африкалық түйеқұстар әкелініп, олар жерсіндірілуде. Тұрқы бөлек құстың ішіндегі ең ірі қанаттысының 12-і ауылдағы серіктестікке жеткізіліп, олар күтемге алынды. Арнайы жоба арқылы бұл құстың саны бірер айда 100-ге жетеді. Осы күні алдыңғы лекпен әкелінген түйеқұстар карантинге алынған. Алдағы уақытта құстар арнайы қораға ауыстырылмақшы.
Африкалық түйеқұс 80 келіге дейін ет береді. Түйеқұс санын арттыру мақсатында олар инкубатор арқылы екі есеге дейін көбейтілмекші. Негізгі мақсат – еті мен жұмыртқасын өндіріп, ішкі және шетелдік нарыққа шығару.
– Түйеқұстың еті мен жұмыртқасы жоғары бағаланады. Нарықта аталған құс етінің келісі 7-12 мың теңге аралығында болса, бір дана жұмыртқасының салмағы 2,5-3,5 келіге дейін тартады және тиісінше 3-5 мың теңгеге сатылады. Келешекте шаруашылық жұмысын жандандыру мақсатында африкалық түйеқұс саны көбейтіліп, қосымша жұмысқа адамдар алынатын болады, – дейді «Бесарық» ЖШС директорының орынбасары Жасұлан Әбдірашитұлы.
Мамандардың айтуынша, түйеқұстың бір аналығынан маусымына 50-60 данаға дейін жұмыртқа алуға болады екен. Негізінен, африкалық түйеқұстың артықшылығы – Сырдың қатаң климатына шыдамдылығында. Құстар жаздың аптап ыстығы мен қыстың ызғарлы аязына тез бейімделіп кететін көрінеді. Азықты да таңдамайды. Кәдімгі төрт түлікке беретін жем мен жоңышқаны қорек етеді. Қазір құстар жерсіндірілуде, алда арнайы жоба іске асқан жағдайда түйеқұстың күтіміне қосымша 10 адам тұрақты жұмыс орнын табады деп жоспарланған.
Жалпы, ауданда өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту аясында 450 адам жұмыспен қамтылса, барлығы 500 жобаға мемлекет тарапынан 3 млрд теңге қаржылай қолдау жасалды.
Биыл да аудан бойынша құны 3 млрд теңгені құрайтын жобалар тізімі жасақталған. Оның ішінде аудан аграрлық сала болғанмен де, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласына басымдық беріліп отыр.
Айта кету керек, аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саны 3 мыңға жуықтады. Соңғы бір жыл көлемінде бұл көрсеткіш 19%-ке артты.
«ТТ» ақпарат