Барлық салада даму қарқыны бар
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында 2022 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Баспасөз мәжілісінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы сараланды.
Өткен жыл аудан үшін бірлік пен берекеге толы табысты жыл болғанын айтқан аудан басшысы барлық саладағы жетістіктерге тоқталды.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында 2022 жылы көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылды. Барлық маңызды салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткіздік. Атап айтқанда, өткен жылға арналған аудандық бюджет 13,1 млрд теңгені құрады. Аудан бюджетінің 73 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Барлық көрсеткіш бойынша Сырдария ауданы облыс бойынша алдыңғы қатарда. Аудан экономикасына тікелей ықпал жасайтын өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісі 4,3 есеге ұлғайса, өңдеу 55,9 пайызға өсті. Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі орындалып, инвестиция 219 пайызға, тұрғын үй құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9 пайызға артып отыр, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласында межелі жұмыстар толық жүзеге асты. Өткен жылы ауданда шаруашылық құрылымдары 33 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, 21 мың гектарға күріш егіліп, аудан бойынша барлығы 133 мың тонна Сыр маржаны жиналды. Жиналған өнімнен 16 мың тонна ақ күріш Америка, Әзербайжан, Моңғолия, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттеріне экспортталып, аудан экономикасына пайда түсті. Осындай нәтижелі жұмыстар бойынша Сырдария ауданы облыста ауыл шаруашылығы саласындағы «Үздік аудан» атанып, жылды айтулы жетістікпен қорытындылады.
– Өткен жылы су тапшылығы шаруашылықтарды әбігерге салғаны белгілі. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бұл мәселелерді дер кезінде көтеріп, алдын алу шараларын жүргізді. Облыстық бюджеттен 198 млн теңге қаржы бөлініп, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 6 каналдың 56,2 шақырымына механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді. Іңкәрдария ауылындағы «Ақтам», Аманкелді елді мекеніндегі «Қосапан», Айдарлыдағы «Ақтам», Жетікөлдегі «Жыңғылдыкөл», «Хозцентр» және Шіркейлі елді мекеніндегі «Байділда» каналының бекітілген бөліктері тазартылды. Сонымен қатар егінге су жеткізу үшін қосымша қажетті 12 дана насос құрылғысы алынып, елді мекендерге жеткізілді. Соның нәтижесінде, ауданымыз жоғары межеден көрінді, – деді аудан басшысы.
Былтыр тұрғындардың бақшалық дақылдарды егіп, өнім алуына жағдай жасалды. Соған байланысты 1019 гектар жерге картоп, көкөністер мен бақшалық дақылдар егіліп, сырдариялықтар 25 мың тоннаға жуық өнім жинады. Одан бөлек, өткен жылы ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағыты бойынша жалпы жер көлемі 991 гектарға артқан. Осы тұста, 2022 жылы «Кеңдала», «Агробизнес», «Іскер» бағдарламалары бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы аудандағы 32 шаруашылық құрылымы егін және мал шаруашылығын дамытуға 311,7 млн теңге несие алып, жұмыстарын жандандырғанын атап өту керек.
Мұнан соң аудан басшысы ең маңызды сала халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мәселен, өткен жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 3115 адам қамтылса, 902 тұрақты жұмыс орындары ашылып, сырдариялықтар жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар «Жастар тәжірибесімен» аудандағы мекемелерге 212 жас жолданса, олардың 33-і әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» тетігі бойыша 300 сырдариялық өздерінің кәсіп бастау бағытындағы жобаларын қорғап, грант иегері атанған. Осындай жұмыстардың нәтижесінде аудан тұрғындары жұмыспен қамтылған.
Экономикаға тікелей ықпал ететін кәсіпкерлік саласының дамуында да айтулы нәтиже бар.
– Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамаларының негізінде өңірімізде кәсіпкерлік саласы өркендей түсті. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында ауданда 500 жобаға 3 млрд теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Соның негізінде 450-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Негізінде, ауданда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендер үлесі 94,1 пайыз болып, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 18,4 пайызға артты, – деді аудан әкімі М.Ергешбаев.
Брифингте аудан басшысы өткен жылы атқарылған инфрақұрылымдық жұмыстарды да атап өтті. Оның ішінде, құрылыс саласы бойынша мемлекеттік бюджеттен 2 млрд теңге қаржы қаралған. Осының негізінде ауданда 2 спорт нысанның құрылысы жүргізілген. Біреуінің, яғни Бесарық ауылындағы спорт кешенінің жұмысын аяқтау осы жылға өтпелі екені белгілі. Сонымен бірге былтырғы «Балалар жылы» аясында ауданда демеушілердің қолдауымен 6 ойын алаңы салынған. Құрылыс жұмыстарына қатысты кент орталығындағы А.Алиакбаров көшесі тұрғындарының өтініштері орындалды. Атап айтқанда, көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қолайлы жағдай жасалған.
Өткен жылы жол жөндеу жұмыстарына қатысты 23 жоба іске асырылған. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша 133 млн теңгеге 9 шақырым автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде 11 жобаны жүзеге асыруға қаржы қаралып, Ақжарма және Н.Ілиясов елді мекендеріндегі көшелер жөнделген.
– Ауданның білім саласы үшін өткен жыл табысқа толы болды. Мемлекеттік бағдарламадағы негізгі көрсеткіштер толығымен орындалды. Ұстаздар мен оқушылар облыстық, республикалық додаларда топ жарып, аудан абыройын асқақтатты. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша аудан нәтижесі облыста жоғары болып, бітірушілердің 91 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды, – деген аудан басшысы биыл атқарылатын жұмыстарды мәлімдеді.
– 2023 жылы Сырдария ауданында ерекше қарқынды жұмыстар атқарылады. Биыл барлығы 11,6 млрд теңгенің 71 жобасы бюджеттен және демеушілер есебінен әзірленіп, республикалық және облыстық бюджетке ұсынылды. Бүгінде осы жобалардың 45-іне республикалық, облыстық бюджеттен 7,7 млрд теңге қаржысы алынды. Қалған жобаларды бюджетті нақтылау кезеңінде алуға жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ биыл Тереңөзек кентінде ашылған жаңа ықшамаудан инфрақұрылымына, яғни, қиыршық тас жолының құрылысына облыстық бюджет есебінен 350 млн теңге қаржы қаралды, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Жол жөндеуге қатысты осы жылы бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 27,6 шақырым жолға асфальт жабындысы төселіп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Елді мекендердің ішкі көшелерін және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 21 жоба қаралған. Оның 11 жобасы «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен іске асса, қалған 10 жобасына облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Ағымдағы жылы «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» аудандық маңызы бар автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Шіркейлі, Шаған, С.Сейфуллин, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов ауылындағы және Тереңөзек кентіндегі Б.Момышұлы, Қ.Бөдеев, О.Мәлібаев көшелері жөндеуден өтпек.
Биыл Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарын қосатын «Қызылорда-Айдарлы-Тартоғай» автожолы 1,3 млрд теңгеге жөндеуден өтеді. Аудан орталығын Сырдария өзенінің сол жағалауындағы ауылдармен жалғайтын «Шымкент-Самара-Тереңөзек» трассасының жөнделуі де осы жылдың еншісінде.
Баспасөз мәжілісінде Мұрат Ергешбаев аудандағы өзекті саналатын жарықтандыру мәселесін шешуде де бірқатар жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
– Халықтың сұранысы және басты қажеттіліктерінің бірі – елді мекендерді жарықтандыруға келер болсақ, Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерін электрмен жабдықтауға 1,6 млрд теңге республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржысы толығымен берілді. Бұл ауылдарда электр желілері 100 пайыз ауыстырылатын болады. Оған қоса, аудандағы ең үлкен ауыл – Шаған бойынша электр желілерін жаңғырту жобасы жүзеге асады. Оған 1,1 млрд теңге қаржы қаралып отыр, – деді аудан басшысы.
Сырдариялықтар 100 пайыз ауыз су жүйесімен қамтылған. Десе де, 2006 жылдан бастап салынған Тереңөзек, Шаған, Аманкелді, Қоғалыкөл елді мекендерінде ауыз су құбырларының тозығы жетіп, күрделі жөндеуді қажет ететіндігі анықталған. Осыған сәйкес, биыл Тереңөзек кенті мен Шаған, Аманкелді, Қоғалыкөл елді мекендерінде 10 көшеден ауыз су құбырлары жаңартылады. Одан бөлек, Іңкәрдария, Шаған елді мекені және Тереңөзек кентіне бір-бір данадан 3 дана су мұнарасы алынады.
Аудан басшысы брифинг барысында газдандыру мәселесін де қозғады.
– Бүгінде Тереңөзек кенті толығымен газбен қамтамасыз етілді. Бұл – аудан халқының 20,1 пайызы. Сонымен қатар Қалжан ахун, С.Сейфуллин А.Тоқмағамбетов, Шаған ауылдарын газдандыру бойынша 2023-2025 жылдарға республикалық бюджетке қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылды. Осы бойынша биылға Қалжан ахун ауылына газ жүргізуге республикалық бюджеттен 298 млн теңге қаржы бөлінді, – деді М.Ергешбаев.
Жалпы, жыл бойында Тереңөзек кентіндегі спорт клубы ғимараты күрделі жөндеуден, А.Тоқмағамбетов пен Қалжан ахун ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бекет толық жөндеуден өтеді. Ал Президент қолдауымен қабылданған «Жайлы мектеп» жобасына Тереңөзек кентінен 300 орындық 1 жаңа мектеп құрылысы енгізілген.
Брифингте аудан әкімі БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Е.БЕРКІНБАЕВ