Заң талаптарын түсіндірді
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында білім беру ұйымдарының қызметкерлерін құқықтық-оқыту мақсатында аудандық семинар өткізілді. Аталған семинарға ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Қызылорда облыстық басқармасының Сырдария ауданы бойынша бас маманы Керейтбай Нұрымов, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ернар Зұлқарнаев, аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің маманы Эльвира Салимова, аудандық білім бөлімінің мамандары мен сала қызметкерлері қатысты.
Аудандық семинарда білім беру ұйымдарындағы кездесетін құқықтық және құжаттамалық мәселелер бойынша оқыту жүргізілді. Арнайы келген мамандар 3 мәселе шеңберінде жиналған көпшілікке кеңінен ақпарат берді. Ең алдымен, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Қызылорда облыстық басқармасының Сырдария ауданы бойынша бас маманы Керейтбай Нұрымов ҚР №350-VI әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі талаптарын түсіндірді.
– Негізінен, ҚР №350-VI әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі талаптарында ескерілетін дүниелер көп. Осы салаға жауапты маман мен лауазымды басшы тарапынан сапалы жұмыс жүргізілуі керек. Жеке және заңды тұлғалардан келетін кез келген құжаттың аражігін ажырата білу қажеттілігі туындайды. Заң аясында атқарылатын жұмысты сапалы жасауға бейімделген дұрыс. Арыз-шағым, өтінім, ұсыныс секілді бірнеше бағытта келетін құжатқа сауатты және уақытылы жауап берген дұрыс. Оның барлығы арнайы базада тіркеліп, жауапты басшылар қадағалауға алуы тиіс. Әрине, білім саласының сан түрлі бағыты бойынша хаттар, өтініштер, ұсыныстар келген жағдайда азаматтардың талап-тілегін қанағаттандыру – басты орында, – дейді К.Нұрымов.
Келесі кезекте аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ернар Зұлқарнаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Қазіргі уақытта азаматтық және лазауымды қызметке орналасқан азаматтар кіріс-шығыс есебін беруге міндетті. Азаматтық қызметтің мемлекеттік функцияларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымды адамдарға арнайы ереже бекітілген. Лауазымды тұлғаларға арналған заңдар шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысы пысықталған. Заң аясында сыбайластыққа барған жандар жауапқа тартылатын болады. Кез келген азаматтық қызметкер әділ, таза жауапкершілікпен қызмет еткені дұрыс. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңына сәйкес жұмыстан шығаруға алып келетін қызметкерлердің шығыстарының өз кірістеріне байланысты тиісті шаралар қабылданатындығын назарға алған дұрыс, – деді бөлім басшысы.
Өз кезегінде аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің маманы Эльвира Салимова «E-Otinish» ақпараттық жүйесімен жұмыс жасауды ұйымдастыру, жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен жолданымдарды уақытылы тіркеу және оларға жауап беру тақырыптарында слайд арқылы түсіндірме жұмысын жүргізді.
– «E-Otinish» ақпараттық жүйесі бойынша сан салаға бөлінген құжаттарды тіркеу күн тәртібінен түспейді. Ақпараттық жүйенің атқаратын өзіндік функциялары бар. Білім беру ұйымындағы әрбір жауапты маман ұқыпты, тиянақты жұмыс жүргізуі керек. Біз қашанда бағыт-бағдар беруге дайынбыз. Себебі, құжаттарды тіркеуде қателікке жол берілмейді. Әрине, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз, – деді Эльвира Салимова.
Келелі жиында бас қосқан көпшілік сала мамандарына көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауабын алды. Бұл ретте, аудандық білім бөлімінің бас маманы Жанар Бегайдарова мен әдіскер-заңгер Динара Абдразакова жоғарыда көтерілген мәселелерге байланысты жұмыстарды ұтымды ұйымдастыруды талқылады. Білім беру ұйымдарындағы жауапты мамандарға жұмысқа жауапкершілікпен қарауды айтты.
Балтабай ОРДАБЕКОВ