Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайлы мектеп: биыл 10 мектептің құрылысы басталады

Жайлы мектеп: биыл 10 мектептің құрылысы басталады

Бүгін облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбет журналистерге баспасөз конференциясын өткізді. Брифингте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеретін жаңа білім ордалары туралы айтып, жыл қорытындысы мен алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Тапсырмаға сәйкес, алдағы 3 жылда Қызылорда облысында 15100 орынға арналған заманауи 21 мектеп салынады деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 100 млрд. теңге. Атап айтқанда: Қызылордада – 8, Аралда – 4, Қазалыда – 2, Қармақшыда – 2, Жалағашта – 1, Сырдарияда – 1, Шиеліде – 1 және Жаңақорған ауданында заманауи 1 мектеп бой көтереді.

Журналистермен кездесуде басқарма басшысы жоба аясында биыл 10 мектептің құрылысы басталатынын айтып, олардың өзге мектептерден айырмашылығын сөз етті.

– Биыл 10 мектептің құрылысын бастаймыз. Бүгінде барлығының жері рәсімделді. Сметалық құжаттары дайындалды. Жалпы ерекшелігіне келсек, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқитын болады. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Сондай-ақ бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады, заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдай жасалады, – деді М.Шермағанбет.

Биыл білім саласына 260 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Алдағы мақсат-міндеттерге тоқталған басқарма басшысы алдағы 3 жылда облыстағы үш ауысымды және апатты мектептердің жағдайы толық шешілетінін айтып, ауылдық елді мекендердегі мектептер жаңғыртудан өтетінін мәлім етті.

– Былтыр апатты деп танылған 6 мектептің үшеуінің мәселесі шешімін тапты, ал қалған 3 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын болады. Бұдан бөлек, биыл 5 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, ағымдағы жылы жоспарға сәйкес ауылдық елді мекендегі 47 мектеп жаңғыртудан өткізіліп, 51 мектепке пәндік (физика, химия, биология) кабинеттер алынатын болады, – деді басқарма басшысы.

Білім саласындағы тағы бір қуанышты жаңалық, биыл 1-4 сынып оқушылары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылатын болады. Бұл облыс бойынша алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі
06 қаңтар 2023 ж. 396 0