Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі 600 орындық жаңа мектептің кірпішін қалады

Облыс әкімі 600 орындық жаңа мектептің кірпішін қалады

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы 600 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын көріп, жаңа мектептің кірпішін қалау жұмыстарына атсалысты. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Балайым Кесебаева мен Наталья Жұмаділдаева қатысты.

Облыс әкімі мектеп құрылысының жұмысын бақылап, білім ошағының заманауи түрде іске асып, оқушылардың игілігіне бағытталуы қажеттігін атап өтті.

4 жыл бұрын Қызылорда-Жезқазған трассасының бойынан 6600 отбасына арналған «Бәйтерек» шағын мөлтек ауданы ашылған. Бүгінде мөлтек ауданында 70 отбасы қоныстанса, аталған отбасылардың мектеп жасындағы оқушылары қала орталығындағы мектептерге қатынап білім алуда. Осыған орай 600 орындық мектептің құрылысын салуда жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес жұмыстар басталып кетті.

Мектеп 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында іске асуда. Білім ошағын салуға 1,2 млрд.теңге қаржы бөлінген. Жаңа мектеп жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.

Алдағы 3 жылдың жоспарына сәйкес «Бәйтерек» шағын мөлтек ауданында мектеп жасындағы оқушылар саны 1500-ге жуық болады деп жоспарлануда. Жаңа мектеп орын тапшылығы мәселесін шешеді.

Шарада білім саласының ардагері Мылтықбай Баймбетов «жаңа білім ұясы елге белгілі азаматтардың түлеп ұшатын озық оқу ордасына айналады» деп бата берді.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 8 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оқу жылына Қызылорда қаласынан және Жалағаш ауданынан 2 мектеп құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп жыл соңында аяқталмақ.
13 тамыз 2020 ж. 640 0