Құрмет – қарияларға
Сырдария ауданы «Үздік аудан» атанған 2022 жылдың жемісті қорытындылануына және жаңа жылдың басталуына орай аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ардагерлерге құрмет көрсетті. Игі іс-шараға аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер және Қоғамдық кеңес төрағалары Мұса Келдібаев пен Марат Еспенбетов арнайы қатысты.
Аудан дамуында өзіндік орны бар қариялармен жүздесу Ұлы Отан соғысының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыровтың берекелі шаңырағынан басталды. Майдангерді мерекемен құттықтаған аудан басшысы бүгінгі бақытты ұрпаққа бейбіт күнді сыйлауға айрықша үлес қосқаны үшін шынайы алғысын білдірді. Облыс әкімінің ыстық ықыласын жеткізіп, естелік сыйлықтар тарту етті.
Ғасыр ғұмыр иесі жаңа жылға қадам басар тұста арнайы құрмет көрсетіп, ақ бата алуға ниет еткен аудан басшысына ризашылығын білдірді. Майдан даласындағы және еңбек жолындағы қызықты естеліктерімен бөлісті. Егемен елдің даму белестерінен, ауданның жетістіктерінен мерзімді басылымдар арқылы хабардар екенін айтып, Президенттің, облыс әкімінің саясатын қолдайтынын да атап өтті. Мерекелік жүздесуде игі тілектер айтылып, жүз жасаған қазыналы қария ақ батасын берді.
Игілікті іс-шара мұнан соң тыл және еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Рақымжан Бәйменовтің отбасында жалғасты. Мұнда да аудан әкімі ардагерді мерекемен құттықтап, ізгі ілтипатын білдірді. Ардагер ұзақ жылдар партия органдарында, білім беру саласында еңбек еткенін айтып, жетістіктің бәрі еңбекпен, маңдай термен келетініне назар аударды. Бүгінгідей жаңа технологиялар дамыған заманда жас ұрпақтың білімге құштар, өнерге бейім болып өскенін қалайтынын да жеткізді. Сондай-ақ ауданның барлық салада үздіктер көшін бастағанын зор мақтаныш санайтынын атап өтті.
Құрмет көрсету іс-шарасында аудан әкімі баспахана мен редакция ардагерлеріне де ерекше көңіл бөлді. Аудан басшысы Мұрат Ергешбаев бастаған топ баспахананы ұзақ жылдар басқарған «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сергей Тоқсанбаевты жаңа жылдық мерекемен құттықтады. Ардагермен емен-жарқын әңгімелесіп, естеліктер айтылған күні жиналғандар жылы жүздесудің куәсі болды. Ардагер пікірлесу барысында Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру идеясы туралы ой қозғап, өзінің орнықты пікірін ортаға салды. Іргелі ауданның жылдың жемісті қорытындылауы бірлесе атқарған еңбектің нәтижесі екенін айтып, билік өкілдеріне қызметте сәттілік тіледі.
Берекеге толы мерекеде аудан әкімі М.Ергешбаев ақын, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтаповтың да шаңырағында болып, Несібелі апа екеуін құттықтады. Мұнда да жақсы тілектердің тиегі ағытылып, жылы жүздесу болды. Қазақстанның Құрметті журналисі атанған тұлға бірлігі бекем, тірлігі көркем ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына тілектестігін білдірді. Ізбасарлары туралы сөз қозғап, аудандық газеттен аудан жаңалықтарын үзбей оқып тұратынын айтты. Сондай-ақ өзінің әлі сиясы кеуіп үлгермеген өлеңін оқып берді. Аудан басшысы ардагерге алғысын білдіріп, зор денсаулық, отбасына амандық тіледі.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ