Зейнетке төрт жыл уақыт қалған педагогтер аттестациядан босатылады
30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер Ұлттық біліктілік тестілеуін (ҰБТ) тапсырудан босатылып, тек қызмет нәтижелерінің жан-жақты аналитикалық қорытындысын, яғни портфолионы ғана тапсырады.
Сондай-ақ ескі жүйе бойынша «бірінші», «жоғары» санаттары бар мұғалімдер жұмыс нәтижелерін жан-жақты қорытындылау арқылы «педагог-модератор» біліктілік санатына ауысса, онда ҰБТ-дан босатылады.
Сонымен қатар зейнет жасына шығуға төрт жылдан аспайтын уақыт қалған мұғалімдер аттестациядан босатылады.
«Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің аттестациядан өту ережесіне өзгерістер енгізді. Бұл ретте педагогтердің ұсыныстары мен тілектері ескерілді. Мысалы, бұрын еңбек өтіліне және тәжірибесіне қарамастан барлық мұғалім ҰБТ тапсырса, енді жекелеген санаттар ҰБТ-дан босатылады. Бұл үлкен, 30 жыл педагогикалық өтілі бар, зейнетке шығуға 4 жыл қалған мұғалімдерге де қатысты. Аттестация мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау мақсатында өткізілетінін, оның нәтижелері бойынша оларға біліктілік санаттары тағайындалатынын немесе бекітілгенін және жалақының 30-дан 50%-ға дейінгі мөлшерінде ай сайынғы үстемеақы төленетінін атап өтемін», – деді Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Каримова.
Аттестациядан өту кезеңдері де қайта қаралды. Бірінші кезеңде мұғалімдер білім беруді ұйымдастыру барысында біліктілік бағалаудан өтеді. Одан кейін өз қызметінің нәтижелерінің жан-жақты аналитикалық қорытындысын тапсырады, яғни олар портфолиосын сараптамаға ұсынады. Келесі кезең – Ұлттық біліктілік тесті.