Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік дамуды тежейді
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Комиссияға аудан прокуроры Асқар Кемалов, комиссия мүшелері мен бөлім басшылары қатысып, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев төрағалық етті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясының күн тәртібі бойынша алдымен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі бағыттары туралы бөлім басшысы Жігер Айекешовтың хабарламасы тыңдалды.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық дамуды тежейтіні белгілі.
Спорт саласы бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталған бөлім басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті орта қалыптастыру, жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беру және ертеңгі болашақ – қазіргі жастардың қолында екендігін айтты. Осы ретте жас ұрпақты адалдыққа тәрбиелеуге бағытталған «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» айдарымен спорттық іс-шаралар жоспарға сәйкес ұйымдастырылып өткізілген.
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес ең алдымен адами фактордың таным-түсінігіне, рухани кемелділігіне байланысты. Әрбір азамат және әрбір мемлекеттік қызметшілер қандай жағдайда болмасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру керек. Сол кезде сыбайлас жемқорлықтың қоғамға төнген қауіпінен құтыламыз. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі таралмауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады, – деді бөлім басшысы.
Екінші мәселе бойынша Аманкелді ауылдық округ әкімі аппаратымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған шаралары туралы ауылдық округ әкімі Мейрамбек Нұрғалиевтың хабарламасы тыңдалды.
Аманкелді ауылдық округі әкімінің аппаратында жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі салалық бағдарлама аясында жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, аппараттың бағынысты қызметкерлерінің қолданыстағы заңнамаларда көзделген шектеулердің қатаң сақталуын қамтамасыз ету, аппарат қызметкерлерінің орындаушылық тәртібіне, жүріс-тұрысына бақылау күшейтілген.
– Ағымдағы жылы Аманкелді ауылында сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстарды болдырмау және алдын алу мақсатында ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, әкімдік ғимаратында ауыл әкімі аппаратының жетекші маман-заңгері Жолдас Жұманазаровтың ұйымдастыруымен "Адал ұрпақ. Сатылмайтын еңбек" тақырыбында мекеме қызметкерлері арасында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мұнан соң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар көрсетілген баннерлер ілініп, аталған тақырыпқа сәйкес тұрғындарға үнпарақтар таратылды, – деді ауылдық округ әкімі Мейрамбек Нұрғалиев.
Ведомствоаралық комиссияны қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев тиісті сала басшыларына хаттамалық тапсырмалар беріп, оның орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ