Облыс әкімі тағайындалды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, аймақтың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты. Депутаттар Қызылорда облысы әкімін тағайындауға келісім беру үшін ұсынылған екі кандидатқа ашық дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.
ҚР Конституциясының 87-бабына және ҚР Президентінің 2022 жылғы 8 маусымдағы №912 Жарлығына сәйкес, облыс әкiмi лауазымына тағайындауға келісім облыс аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының жиналысында берiледi. Осыған орай, депутаттардың бірлескен жиыны ұйымдастырылып, оны облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді. Жиында Ерлан Қарин депутаттарға ҚР Президентінің Қызылорда облысының әкімі лауазымына екі кандидатты қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.
Жиынға қатысқан 135 депутат өз таңдауын жасады. Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттардың 81,5 пайызы Нұрлыбек Нәлібаевты жақтап дауыс берді.
Жиыннан кейін облыс активінің отырысы өтті. Жиында сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысының әкімі лауазымына Нұрлыбек Нәлібаевты тағайындау туралы Жарлығын таныстырды.
Ерлан Тынымбайұлы өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру басты міндет екенін айтып, Нұрлыбек Машбекұлының облысты өркендетудегі қызметіне сәттілік тіледі.
– Қызылорда облысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында алатын орны ерекше. Сыр халқы әркез бірлік, ынтымақ ұғымдарын жоғары бағалап, адал еңбек етіп келеді. Соңғы уақытта өңірге бірнеше рет келдім. Әр келгенімде жаңарып, жаңғырып жатқанын аңғарамын. Кешегі маңызды саяси кезеңдерде де облыс халқы өзінің ауызбіршілігін танытты. Ел Президентіне дауыс беріп, айқын таңдауларын жасады. Осы жұмыстар алдағы уақытта да жүргізіледі деп сенемін. Мемлекет басшысының реформаларын, бастамаларын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдеріне, ардагерлерге, барша қызылордалықтарға алғысымды білдіремін, – деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі.
Мұнан соң облыс әкімі сөз алып, қолдау білдірген жерлестеріне ризашылығын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Қашан да сындарлы сәттерде сыр білдірмеген қасиетті де киелі Сыр өңірі жұртшылығы Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау білдіріп, мызғымас бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетіп келеді. Әрі қарай да осы дәстүрлі жолымызды жалғап, ел дамуы жолында аянбай қызмет ететін боламыз. Өңіріміздің дамуына Мемлекет басшысы әркез қолдау білдіріп келеді. Үкімет тарапынан да жақсы мүмкіндіктер жасалуда. Сондықтан осы қолдаулар негізінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға атсалысуымыз қажет. Бұл іске барша сырбойылықтар өз үлесін қосады деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Айту керек, Нұрлыбек Нәлібаев 1976 жылы дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы «Казахойл-коммерция» ЖШС мұнай және мұнай өндірісінің сарапшысы болып бастаған. Сонымен қатар 1998-2005 жылдары түрлі жеке бизнес құрылымында басшылық қызметтер атқарған. 2005–2007 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, 2007-2008 жылдары – Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы болса, 2008-2013 жылдары Шиелі ауданының әкімі, 2013-2021 жылдары Қызылорда қаласының әкімі лауазымын атқарды. Сондай-ақ 2021 жылдан 2022 жылдың сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі ретінде еңбек етті. 2022 жылдың 7 сәуірінен осы кезге дейін Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарды.
Актив жиынында ел ағалары аймақ басшысының жұмысына сәттілік тілеп, дамудың даңғыл жолына бағыт алған Қызылорда облысының үздіктер көшін бастай беретініне сенім білдірді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ