Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Есепке алынбаған автокөліктер «ауада» тұр

Есепке алынбаған автокөліктер «ауада» тұр

Еліміздегі көлік бағасының қымбат болуы жұртшылықты шет елдерден темір тұлпар тасуға ықпал етті. Ал енді соңғы күндері сол көршілес елдерден жеткізілген көлік иелері тығырыққа тірелгендей болды. Әсіресе, Ресей елі­нен жеткізілген автокөліктерге жол сақшылары «қырғидай» тие бастады.

«Әуелден елге кіргізуге рұқсат бер­меуі керек еді», «Мұның бір шешімі болу керек». Қазір көрші мемлекеттен көлік алған темір тұлпар иелерінің айтып жүрген базынасы осы. Ал құқық қорғау қызметкерлері Ресейден әке­лін­ген көліктердің ол жақтан есептен шығарылғанын, кейбір көліктердің қылмыстарға қатысы бар екенін алға тартады.

– Жалпы, ҚР Ішкі істер минис­трлігі­мен жүргізілген талдау нәти­же­сінде рес­публика бойынша Ресей Федерациясынан әкелінген авто­көліктердің 88 мыңы есептен шыға­рылған. Яғни, не Ресейде, не Қа­зақстанда тіркеуде жоқ. Олардың ішінде іздеуде жүрген, ұрланған, жалпы «қылмыстық автокөлік» санатына енгізілген көліктер де бар. Осы автокөліктердің 6288-і Қызылорда облысы тұрғындарының пайдалануында екен. Сондықтан заң аясында ешкімнің атында жоқ көліктерді басқаруға тыйым салынады, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айбек Құлмағанбетов.

Яғни, екі мемлекеттің де есебіне алынбаған автокөліктер «ауада» тұр­ деген сөз. Есептен шығарылған көлік­терден мемлекетке салық түсіп жат­қан жоқ, оның үстіне көліктің кімге тиесілі екені де белгісіз болып қалады. Сондай-ақ, жол ережесін бұзған кө­лік иесін жауапкершілікке тартуда да айтарлықтай кедергі бар. Оның үс­тіне, Ресей Федерациясының ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүрген 606 көлікке іздеу жарияланғаны туралы ақпарат берген. Бұл көліктер белгілі бір қылмысқа қатысы бар, я болмаса, сол қылмыс нысаны болып саналады. Осы уақытқа дейін 200 көлік табылған. Іздеуде жүрген 606 көліктің 11-і Қызылорда облысынан іздестірілуде екен. Демек, «росучет» көлік мініп жүр­гендердің қылмысқа қатысы болуы мүмкін.

– Қазір қараша айының 8-17 күн­дері аралығында республика көле­мінде «Қауіпсіз жол» жедел-про­фи­лактикалық іс-шарасы өтуде. Соған байланысты біз жол қауіпсіздігін сақ­­­­­тау мақсатында көлік иелеріне тү­сін­дірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал жол ережесін бұзған тұр­­ғындар жауапкершілікке тартылу­да.­ Осы іс-шара барысында шетел­ден көлік әкеліп мінгендерге де түсін­дір­ме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оларға көлікті тіркеуді, есепте жоқ көліктерді басқаруға тыйым салынаты­нын ескертіп жатырмыз, – дейді аудандағы жол потрульдік полиция инс­пекторы, аға лейтенант Олжас Дос­панов.

Жалпы Жол жүрісі туралы Заңының 63-бабында елімізге әкелінген авто­техникалық құралдар міндетті мем­лекеттік тіркеуге алынуы тиіс, ал халықаралық қозғалысқа қатысты мем­лекеттердің құзырлы органдарында тір­келген көліктерге 1 жыл көлемінде жүруге рұқсат етілген.

– Қазір бұл көлік иелері үшін өзек­ті болып тұр. Наразылық білдіріп жат­қандар қатары жетерлік. Өзім мініп жүрген көліктің елімізде құны қымбат. Қалтамыз көтерген соң көршілес мемлекеттен әкелдім. Бірақ қазір оны мемлекеттік тіркеуге өткізу көлік құ­нымен бірдей немесе асып кетуі мүмкін. Сондықтан мұның халыққа тиімді ше­шімі болуы керек, – дейді өзін атап көр­сетпеуді айтқан көлік иесі.

Иә, «көрпесіне қарай көсілген» жұрт­шылық көршілес елдердің көлік­терін тізгіндеді. Қос-қостап тасы­ған­дарды да көрдік. Алайда, күндердің күнінде бұл даулы мәселеге айналатыны белгілі еді. Дегенмен, «ауада» тұрған 90 мыңға жуық көлікті бір мезетте жүргізбей тастау мүмкін емес. Сондықтан мұның бір шешімі болу керек. Ал оған дейін әзірге «шетелдік» көлік мінгендерге жол ережесін бұзбай, жүре беруіне рұқсат берілді.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
13 қараша 2021 ж. 309 0