Қызылорда облысында 20-дан астам балмұздақтың түрі өндіріледі
Биылғы жылдың сәуір айынан бастап «Танкаман» серіктестігінің балмұздақ цехы іске қосылып, «Auylym» сауда маркасымен 100 пайыз экологиялық таза балмұздақ өндіруде, деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
Кәсіпорынның өндірістік процесі қазіргі заман талабына сай Италияның озық технологиясымен жабдықталған. Кәсіпорындағы қызметкерлер аталған жабдықтарда жұмыс жасауы үшін арнайы оқытудан өткізілді.
Балмұздақ өндіруге қажетті негізгі шикізат – сүт кәсіпорынның жем-шөп базасымен қамтылған жеке фермасынан өндіріледі. Кәсіпорын қазіргі кезде жиырмадан астам балмұздақ түрін өндіруде. Оның ішінде классикалық нұсқадағы – пломбир және кілегейлі балмұздақтар, сонымен қатар экзотикалық дәмдегі – манго, ананас, киви, құлпынай, қауын, орео, кофе, пісте және тағы басқа түрлері өндірілуде. Өндірілетін өнімнің сапасын үнемі бақылау үшін цех зертханамен қамтылған.
Қазіргі кезде кәсіпорын өнімі Қызылорда қаласы және аудандарға тасымалданып жатыр. Алдағы уақытта, өңіраралық кооперация аясында көршілес өңірлерді де сапалы өніммен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Жалпы, Қзылорда облысында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда кәсіппен айналысуға ниетті тұрғындарға мемлекет тарапынан қолдау көп.