Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанның 5 өңірінде өрт болды

Қазақстанның 5 өңірінде өрт болды

Қазақстанның 5 өңірінде өрт болды. Өрт болған аймақтардағы жағдай туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабар таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында, сағат 10:20-да Т.Жүргенов ауылынан 42 км қашықтықта құрғақ шөп жанып, жалын 500 гектар жерді шарпыды. Өрт сондай-ақ бидай алқабына өршіп, шамамен 700 гектар жер жанып кетті. Қазіргі таңда егіс алқабына төніп тұрған қауіп жоқ. Өрттен зардап шеккендер жоқ, өрттің шығу себебі анықталуда.

Түркістан облысының Отырар ауданында сағат 13:40-та Шеңгелді ауылынан 5 км жерде, «Түркістан-Сырдария» өңірлік табиғи паркінің Түркістан филиалының аумағында 10 гектар аумақта құрғақ шөп өртенді. Өрт оқшауланды.

Қарағанды облысының Осакаров ауданында сағат 14:19-да Коллективное ауылынан 10 км қашықтықта Қарағанды орман және жануарлар әлемін қорғау шаруашылығының аумағында шағын ормандар мен құрғақ шөп жанып, алдын ала мәліметтер бойынша 60 гектар жер өртенген.

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында сағат 15:12-де Зырянов орман шаруашылығының аумағында құрғақ шөп тұтанып, Ново-Поляков және Катон-Қарағай аудандарының таулы аймақтарына жайылған. Сағат 21:00-де өртенген аумақтың көлемі 167 гектар болды.

Қазіргі таңда елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, өрт әлі сөндіріліп жатыр.

Ақмола облысының Зеренді ауданында сағат 20:38-де «Көкшетау» ұлттық паркіне қарасты Грибнов орман шаруашылығынан өрт шықты. Өрттің біраз бөлігі, сөндірілді, бұл жұмыстар әлі жүріп жатыр.

Жел күшейген сайын өртті сөндіру қиындай түсуде, алайда жағдай бақылауда.
04 қыркүйек 2022 ж. 493 0