Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетекші партия референдумды қолдады

Жетекші партия референдумды қолдады

«AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов бейнеконференция байланысы арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды қолдау үшін партияның республикалық штабының алғашқы жиынын өткізді.

Жиын барысында Ерлан Қошанов Президенттің жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдау жөніндегі «AMANAT» партиясының мәлімдемесін жариялады.

«Президент Қазақстан халқына жариялаған биылғы Жолдауында ауқымды саяси реформалар ұсынды. Бұл реформалардың мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, суперпрезиденттік басқару формасынан Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейген саяси жүйеге көшу, демократиялық процестер қарқынын үдету, елдегі бірлік пен ынтымақты арттыру», - делінген мәлімдемеде.

Партия Төрағасы ауқымды реформалар сайлау, партиялық және сот-құқықтық жүйесін, аумақтық-территориялық құрылымы мен мемлекеттік биліктің бөліну принципін түбегейлі өзгертетінін атап өтті.

«Бұл – Екінші Республиканың саяси іргетасы. Президенттің осы тарихи шешімдері – жаңа әрі әділетті Қазақстан құру жолында жасалған ірі қадам. Мұның барлығы саяси бәсекелестікті күшейтуге жол ашып, Қазақстан азаматтарына жаңа әрі тең мүмкіндіктер береді. Мемлекет басшысы ұсынған кешенді реформаларды жүзеге асыру үшін Конституцияға 33 өзгеріс пен толықтыру енгізу қажет. Аталған өзгерістерді құқықтық тұрғыда бекіту үшін Президент республикалық референдум өткізуді ұсынды. Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – «мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принциптің іс жүзінде орындалуының айғағы. «AMANAT» партиясы Конституциялық реформаның маңыздылығын терең түсіне отырып, алдағы референдумды өткізуді толық қолдайды!», - деді Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, бүкілхалықтық референдум мемлекеттің нақты өзгерістерге бет бұрғанын көрсетіп отыр, сондықтан партия барлық күш-жігерін конституциялық реформаны қоғамдық қолдауды ұйымдастыруға бағыттауға дайын.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен іс-шараларды ұйымдастыру үшін партия республикалық және 17 өңірлік штаб құрды. Олардың құрамына орталықтағы және өңірлердегі «AMANAT» активтері кірді. Бұл жұмысқа Парламент пен мәслихаттардағы фракция депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, жастар қанаты мен өңірлердегі филиалдар атсалысады. Партия мүшелері өңірлерде және шалғай елді мекендерде сайлаушылармен кездеседі.

«Мемлекет басшысы ұсынған реформа – Қазақстанның стратегиялық болашағын айқындайтын бастама. Біз ашық, өркендеген, заң үстемдік ететін, теңдік орнаған қоғам құруды көздеп отырмыз. Президент пен халықтың мақсаты ортақ, көздегені бір. Сол себепті референдумға қатысу – барлығымызға ортақ борыш! Ел тағдырын айқындайтын осынау маңызды кезеңде ешкім шет қалмауға және тарихи таңдау жасауға тиіс. Егемен еліміздің ертеңі – халықтың қолында!», - деді Е.Қошанов.

Жиын барысында штабтардың жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берілді.




Расул Есенов,
облыстық мәслихат депутаты,
«AMANAT» партиясының мүшесі


06 мамыр 2022 ж. 659 0