Қызылорданың үш ауданында экологиялық жобаларды жүзеге асыру қолға алынады
«Еуразия» Қоры өкілдігінің қайтарымсыз көмегін алып жұмыс істеген «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» бүгінде экологиялық жоба аясында өз қорытынды есебін берді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден баяндады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Олар бағдарлама аясында АҚШ Халықаралық Даму Агенттігінің (USAID) қаржыландыруымен «15» экологиялық ҮЕҰ клубы» жобасын ұйымдастырды. Клубқа экологиялық бағытта жұмыс жасауда тәжірбиесі бар, сондай-ақ әзірленген бастамалары мен жобалық ұсыныстары бар үкіметтік емес ұйымдар кірді.
«Жобаның мақсаты – Қызылорда облысындағы экологиялық бағыттағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру арқылы әлеуметтік диалогты ұйымдастыру. ҮЕҰ-ның мемлекеттік органдармен аймақтың экологиялық проблемаларын талқылау мен шешімдер қабылдауда тиімді өзара әрекеттестігіне қол жеткізу, өңірдегі экологиялық проблемалармен айналысатын негізгі мамандар, ұйымдар мен мекемелер туралы мәліметтер базасын құру», – деді Анар Жарылқасынқызы.
Сонымен қатар 1000 мемлекеттік қызметші өкілдерінің арасында Қазақстанда қолданылатын экологиялық стандарттарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер, экологиялық бағдарламалар бойынша біліктілігі мен құзыреттілігін анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді.
Алдағы уақытта, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарында экологиялық жобаларды жүзеге асыру қолға алынбақ. Сондай-ақ, қолға алған істерді жалғастыру мақсатында халықаралық ұйымдарға да экологиялық жобалар әзірленіп, ұсынылады.