Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғарышқа самғаған қаһармандар

Ғарышқа самғаған қаһармандар

Әлем халқы осыдан 61 жыл бұрын адам­заттың тұңғыш рет ғарышты бағындырған сәтіне куә болды. 1961 жылдың 12 сәуір кү­ні Кеңес одағының азаматы Юрий Гагарин қазақтың кең байтақ жеріндегі Байқоңыр ға­рыш айлағынан ғарышқа жол салды. Ғарыш­кер небәрі 108 минутта жер шарын айна­лып шықты.

Киелі Қармақшы ауданының аумағында орналасқан Байқоңыр қа­ласында ғарыш айлағын салу таңдалды. Себебі бұл жер елді мекендерден қашық болатын. Әрі жер шарын солтүстік және оңтүстік жарты шарларға бөлетін шеңбер – экватор жазықтығына жақын екендігі, зымыранды ұшыру қауіпсіздігі, жерге оралатын кездегі қолайлы қону аймағының болуы секілді көптеген факторлар ескерілген. Міне, талай жылдар өтсе де ғарышқа самғаған ғарышкерлер осы уақытқа дейін көптеген зерттеулер жүргізіп келеді. Қасиетті қазақ жерінен қа­зақтан шыққан қаһармандар да жұлдызды әлемді бағындырғанын мақ­та­ныш­пен айтамыз.

Тоқтар Әубәкіровтың есімі қазақ елі тарихында есімі алтын әріптер­мен жазылған. Қазақ ғарышкері 1991 жылы 2 сәуірде ғарышкерлер дайындау орталығында қызу дайындықты бастады. Арада 8 ай уақыт өткенде, яғни 1991 жылдың 2 қазан күні Байқоңырдан «Союз ТМ – 13» кемесімен ғарышқа аттанды. Ғарышкер ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут болып, 10 қазан күні жерге қонды. 45 жастағы ғарышкер ғарышта алғаш экспериментке қатысты. Ол қазақ ғалымдарының жасаған қазақ асханасының сублимацияланған тағамдарын тәжірибеден өткізіп, қол­данып көрді. Яғни ұлттық тағамдар ет, ірімшік, айранды тұтынды.

Биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәти­жесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті.

Ғарыштан оралған соң Тоқтар Әубәкіров Қазақстандағы ғарыштық даярлығын зерттеулер негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге атсалысты. Әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға, саяси және қоғамдық қызметтерге белсене араласты. Қарағандының тумасы Тоқтар Әубәкіров – әлемнің 256-ыншы ғарышкері ретінде тіркелкен авиация генерал-майоры.

Қазақтың екінші ғарышкері – Талғат Мұсабаев. Ғарышкерлер арасында алғаш хирург атанған қазақтың сайыпқыраны әлемнің 309-шы ғарышкері. Ол ғарышқа 43 жасында алғаш рет ұшып, «Союз ТМ – 19» кемесімен 126 күн ғарышта болды. Бұл – 1994 жыл болатын. Ал 1998 жылы ғарышқа екінші рет аттанғанда қазақ батыры ғарышта 208 күн болып келді. Талғат Мұсабаев бір айдың ішінде 5 рет 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққаны үшін «Гиннестің» рекордтар кітабына енді. Талғат Мұсабаев – қазақ ғарышкерлерінің арасында 3 рет ғарышқа ұшқан қаһарман. Ғарышкер 2001 жылы «Союз ТМ – 32» кемесімен 8 күн ғарышта болып, ғылыми жетістіктерге жетті. Авиация генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаев – Ұлттық ғарыш агенттігін, Аэроғарыш комитетін басқарды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.

Айдын Айымбетовтың есімі ел тарихында үшінші ғарышкер ретінде жазылған. Қазақ қыраны әлемнің 545-ші ғарышкері атанды. 2015 жылы 2 қыркүйекте 2-бортинженер ретінде «Союз ТМА – 18М» кемесімен Байқоңырдан халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Ғарышта болған 9 күн 20 сағат 13 минут кезінде маңызды зерттеулер жүргізді.Авиация генерал-майоры Айдын Айымбетов – «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-ның вице-президенті.

Қазақтың үш қыранына көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін ең жоғарғы награда «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ғарыш кеңістігін игеруге аса зор еңбек сіңірген ғарышкер батырлар – тәуелсіз елдің мақтаныштары.

P.S. Ғарышкерлер жайлы қызықты деректер. Мәселен, орбитада ғарышкерлердің өсуі орта есеппен 4-5 сантиметрге дейін артады. Себебі жер үсті ауырлық күшіне көп әсер етпейтіндіктен омыртқа түзетіледі. Ғарышкерлер тағамды тек түтікпен сұйық түрінде қолданады. Ғарышта ең ұзақ болған ғарышкер – Валерий Поляков. Сапар 14 айға созылған. Тағы бір қызық дерек, ғарышкерлер ғарышта ұйықтағанда қорылдамайды. Ғарышкерлер тіс тазалаған кезде паста көбігін жұтуға мәжбүр. Сондықтан олар үшін арнайы жеуге болатын паста әзірленеді.

Дайындаған
Бибісара ЖАНӘЛІ

12 сәуір 2022 ж. 742 0