Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде 1-сыныпқа қабылдау басталды

Елімізде 1-сыныпқа қабылдау басталды

Балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін 13 мыңнан астам электронды өтініш түсті. ҚР БҒМ баспаөз қызметінің мәліметінше, қабылдаудың бірінші күні, яғни жұмада 10 мың, бүгін жұмыс күні басталғалы бері тағы 3 мың өтініш түсті, деп хабарлайды 24.kz.

Еске сала кетейік, азаматтарға ыңғайлы болуы үшін балаларды мектепке қабылдау қызметі автоматтандырылған. Бұл жұмыс egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды 1 сәуірде бастап, 2022 жылғы 1 тамызға дейін тапсыруға болады.

«Біз азаматтарға көрсетілетін барлық қызметті автоматтандыруға баса назар аударамыз. ҰБТ, барлық деңгейдегі олимпиада электронды форматқа көшірілді. Мұның көптеген артықшылығы бар, ең бастысы - барлық процестің ашықтығы. Біз ашықтықты және азаматтарға қолайлы жағдай жасауды қолдаймыз. Құжаттарды қабылдаудың бірінші күнінің өзінде egov.kz порталы арқылы 10 мыңнан астам электронды өтініш келіп түсті. Мұндай сандар ҚР БҒМ-нің цифрлық мемлекеттік қызметтері азаматтар арасында танымал екендігін көрсетеді», - дейді Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов.

Айта кетейік, 1-сыныпқа балаларды қабылдау ата-анасының немесе білім алушының заңды өкілінің жеке өтініші негізінде қабылданады. Сондай-ақ мынадай құжаттар қажет: баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; 026/у-3 нысанындағы денсаулық жағдайы туралы құжат; 065/у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы құжат және оқушының өлшемі 3х4 болатын екі фотосуреті (оқуға қабылдаудың Үлгілік қағидаларында ҚР БҒМ 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес балаларды мектепке қабылдау тәртібі айқындалған).
04 сәуір 2022 ж. 632 0