Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тест қорытындысымен талдау жүргізіледі

Тест қорытындысымен талдау жүргізіледі

Биылғы жылдан бастап ұлт­тық бірыңғай тестілеудің қоры­тынды­сы­­мен әрбір мек­тептің жұ­мысына ба­ға беріледі. Сонымен қатар тест нәти­жесімен жекелеген пәндер бо­йынша да талдау жүргізілетін болады. Бұл – ҰБТ-ға қатысты жаңа өзгерістер.

Сонымен, осы жылға дейін ҰБТ қорытындысымен мек­тептердің деңгейін анықтауға тыйым салынған болатын. Сондай-ақ оқушыларды ҰБТ-ға тіркеу мен өті­ніштерін қабылдаудан мектептер босатылған. Бұл өз ке­зегінде үлгірімі төмен оқушыларды ҰБТ-дан шеттету жә­не өңірлерде орташа балды арттыруға тырысу секілді мәселелердің орын алмауына қатысты шешім болған.

Жақында Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов ҰБТ-ға байланысты жаңалықтармен бөлісті.

– ҰБТ-ның орташа балы диагностикалық функция­ны орындай алмады. Тек орташа балды білу пайдалы ақ­паратпен қамтамасыз етілгенін ғана білдірмейді. Ал егер тақырыптар мен пәндер бойынша талдау болса, бұл басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Қазір қабылданған шешім өз рөлін атқарғанын, педагогтар мен мектептерге түсетін жүктемені азайтқанын көріп отырмыз. Яғни оқушылар ҰБТ-ға электронды форматта өз бетінше өтініш берді және оларды ҰБТ-дан шеттету, сондай-ақ тек тест арқылы ғана дайындау және әкім­діктердің облыс рейтингіне ықпал ету әрекеттері тоқ­татылды. Енді ҰБТ қорытындысы бойынша әр мектеп, облыс, тіпті пән бойынша талдау жасап, оны мектептердің жұмысын бағалау үшін пайдалануға шешім шығардық. Электронды форматқа көшу енді тестілеуге тақырыптық талдау жасауға мүмкіндік береді. Мұндай жаңалықты біз наурыз айындағы ҰБТ кезінде қанатқақты жоба ретінде енгіздік, – деді министр.

Республиканың бас ұстазының айтуынша, тест тапсырушы сынақты аяқтағаннан кейін қолына жинаған ұпай­ларының нәтижесін алып қана қоймай, қандай та­қырыптарды білетіні және қайсысына көңіл бөлу қажет екені туралы қосымша талдау алады. Мұндай талдау мектепке, нақты пәнге жалпы республика көлемінде де жасалады. Талдау арқылы алдағы уақытта талапкер қандай тақырыптарға назар аудару, қандай тақырыптарды кү­шей­ту керегін көруге мүмкіндік болады. Тестке қаты­су­шы­лар өздерінің әлсіз тұстарын анықтап, жеке тақы­рып­тарға көбірек уақыт бөліп, қателермен жұмыс істей алады.

Сонымен қатар министрдің мәлімдеуінше, мұғалімдер де оқушылардың қандай тақырыптарда қиналғанын көре­ді. Мәселен, математика пәні мұғаліміне өз оқушыларының бір бөлігі кейбір есептерді нашар шығаратынын байқауына болады. Талдау соның себептерін анықтауға септігін ти­гізеді. Дәлірек айтқанда, мұғалімнің өзі түсіндіруде қи­налатыны немесе бағдарламада уақыт жеткіліксіздігі, оқу­лықтағы сұрақтар мәселесі секілді себептерді біледі. Тиісінше, талдауға байланысты оқу бағдарламаларын пы­сықтау, мұғалімдердің мақсатты түрде біліктілігін арттыру, біліктілікті арттыру бағдарламаларын өзгерту бо­йынша шешімдер қабылданады. Жазғы ҰБТ қорытындысы бойынша әрбір мектеп, облыс, мұғалім және түлек осындай талдау алады.

Тағы айта кететін жәйт, күні кеше әлеуметтік желі арқылы министр А.Аймағанбетов түлектерге ашық хат жолдады. Ашық хатта биылғы жылы мектеп бітірушілердің ҰБТ-дан қиындықсыз өтуі үшін қосымша іс-шаралар қабылданғаны айтылған. Соның ішінде жоғарыда айтып өткеніміздей әр пән бойынша тақырыптық талдау берілетіні, Президенттің қолдауымен қосымша 15 мың грант бөлінгені, шәкіртақының 15 пайызға өскені айтылды. Сонымен қатар грантқа түсу үшін биыл да екі рет мүмкіндік берілетінін жариялады. Түлектерге шынайы тілегін жеткізген министр түлектерді толғандырып жүр­ген – «Қандай университетті таңдап, қайда оқыған дұрыс?» және болашақ мамандық таңдауға қатысты сауал­ға жауап берген.

Бибісара ЖАНӘЛІ
02 сәуір 2022 ж. 785 0