Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кибербуллинг: Қатыгездік қайдан, қауіп неден?

Кибербуллинг: Қатыгездік қайдан, қауіп неден?

«Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдылықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс». Ел Президенті былтырғы Жолдауында әлеуметтік желідегі жүгенсіздік жайлы осылай деп еді. Сол қатерлі үрдіспен заң жүзінде күресетін уақыт келді. Қоғамда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқығын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қызу талқылануда. Жақында бұл құжат Сенатқа келіп түскен-ді.

Бала құқығын қорғау дегенде ойға бірден қорқынышты қаруға айналған кибербуллинг түсетіні анық. Құрбандарының дені жасөспірімдер болып келетін бұл дерт күн санап дендеп барады. Ал бала – қоғамның ең нәзік әрі қорғансыз мүшесі екенін ескерсек, бұл заңның қажет екені даусыз. Алайда кей сарапшылар құзырлы органдар осы заң жобасын желеу етіп цензураны күшейтіп, әлеуметтік желіні бақылауда ұстап отырмақ дегенді алға тартады.

Мәселе мынада. Заң жобасында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер «заңды өкілдерін» тағайындауға, сонымен қатар уәкілетті органның, яғни Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі талап еткен кез келген контентті 24 сағаттың ішінде өшіруге міндеттеледі. Егер әлеуметтік желі уәкілетті орган талабын орындамаса, министрлік желінің «Қазақстан аумағында жұмысын шектеу­ге» құқылы.

Заңда бұл түзету «БАҚ саласындағы уәкілетті орган шетелдік онлайн платформадан Қазақстан заңдарының талаптарын бұзатын ақпаратты жою не оның ел аумағында таратылуына шектеу қою жөнінде шаралар қолдану арқылы жиырма төрт сағат ішінде орындауға міндетті» деп көрсетілген. Бұл талап «Байланыс туралы» заңның 41-1-бабының 1, 1-1 және 1-2-тармақтарында көрсетілген нормаларды орындаудан туындайды. Ал 41-бапта «жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды сексуалдық қанауды және балалар порнографиясын насихаттайтын ақпаратты таратқан байланыс желілерінің және (немесе) құралдарының жұмысын, байланыс қызметтерінің көрсетілуін уақытша тоқтата тұру бойынша шаралар қабылдау туралы» жазылған.

Түзету авторларының айтуынша, мұндай қадам балаларды кибербуллингтен қорғау үшін жасалып отыр. Дегенмен заң жобасына қарсы шығып, арнайы петиция жариялағандар «бұл қадамдардың артында сөз бостандығын шектеп, әлеуметтік желіні бақылауды арттыру тұрғаны анық» деген пікірде.

Контенттің заңды не заңсыз екені қалай анықталады? Оны анықтайтын нақты алгоритм қарастырылған ба? «Қазақстан Республикасы заңдарының талабын бұзатын ақ­па­рат» деген ұғымға нені жатқызуға болады? Егер заң жобасына бұл түзе­ту­лер енгізілсе, Қазақстан интернет кеңістігінде жұмыс істеу қаншалықты қауіпсіз болмақ? Көпшілік әсіресе циф­рлы құқық саласындағы сарапшылар, құқық қорғаушылар, журналистер талқыға салып жүрген бұл сұрақтарға жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Facebook-тегі жеке парақшасы арқылы жауап берген болатын.

Заң жобасындағы бұл түзетулер елдегі сөз бостандығын шектеу емес, керісінше, ел аумағындағы әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қызметін заң­на­малық реттеуді көздейтінін алға тартқан А.Омаров: «Заңдарда тиіс­ті баптар болмағандықтан Meta, Telegram және т.б. цифрлы алпауыттар физи­ка­лық тұрғыдан Қазақстан территориясында тіркелмегендіктен біз олардан заңдарымызды сақтауды талап ете алмаймыз. Заңды өкілді тағайындау осы жағдайды түзетуге мүмкіндік береді», дейді.

Ақпарат және қоғамдық даму ми­нис­трі бұл түзетулердің қарапайым пай­­даланушыларға еш­қан­дай әсер ет­пей­тінін, себебі қол­да­ныстағы заң­на­мада заңсыз материалдарды тара­ту­ға жауапкершілік қарас­ты­рылғанын айта келіп, 24 сағат ішінде заңсыз контентті жою талаптары туралы егжей-тегжей түсіндіреді. Оның айтуынша, «ешқандай жауапқа тартылмайтындықтан жабық топтар мен қауымдастықтар жеке парақшаларында жеке тұлғалардың соңына түсу, қудалау, қорлау, жеке басқа тиісу фактілерін тоқтатпай отыр». «Олармен байланыс орнатып, ақылға шақыру әрекеттері көп жағдайда нәтиже бермейді. Бұл жағдайды шешудің жалғыз әрі тиім­ді әдісі – әлеуметтік желілердің өзде­ріне жүгіну. Ақпаратты 24 сағаттан артық сақтау, мәліметтің өзектілігін жоғалтуына немесе зиянды салдарға әкелуі мүмкін», дейді ол.

Кибербуллинг құрбандары Қазақ­станда күннен-күнге көбейіп барады. Еліміздегі 11-15 жас аралы­ғын­дағы әрбір бесінші жеткіншек кибербуллингтің құрбанына айналады екен. Ғаламторда отырған баланың жеке басына тиісу, түр-тұлғасын кемсітіп, ар-намысын қорлау, аяққа таптау, одан қалды қарғап-сілеудің салдары одан да қорқынышты. Рас, бұрын-соңды еліміздің заңнамасында «кибербуллинг» термині болған жоқ. Бұған дейін әлеуметтік желіде адамды балағаттау, психологиялық қысым көрсету, түрлі сөздер арқылы өлімге итермелеу Қылмыстық кодекс негізінде қаралады. Яғни осы кодекстің 105-бабы «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бойынша кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекеттер үшін үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Кибербуллингпен қалай кү­ресуге болады? Виртуалдық кеңіс­тік­тегі психологиялық қысымнан бала­ларды қалай қорғап қаламыз? Осы сұрақтарды сарапшыларға қойға­ны­мыз­да, бұл тақырыпты біраз уақыттан бері зерттеп жүрген мамандар «Оң-солын тани қоймаған кез келген бала желідегі қорлау және табалауға психологиялық тұрғыдан төтеп бере аламайды. Сол үшін де бұл зиянкесті әрекеттермен заң бо­йынша күресу керек», деген тұжы­рым­дарын алға тартты.

«Қандай жағдай болсын баланың құқығын біз ең бірінші қоюымыз керек», дейді «Сенімен Бо­лашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақымбек ЖОЛАЕВ. Қазіргі таңда интер­нет әлемінде баланың құқығын қорғау өте күрделі мәселеге айналғанын бүкпесіз жеткізген бірлестік төрағасы: «Себебі әлемдік деңгейдегі әлеуметтік желілер жабық жарияларымдарда өз миссияларын жасырын орындап, түрлі заңсыз іс-әрекеттерге барып жатқаны мәлім. Біз бұл ретте баланың құқығын ойлауымыз керек. Көп жағдайда ата-аналар өз балаларының қандай желіде отырғанын, кіммен сөйлесіп жүргенін де байқамауы мүмкін. Немесе жасырын пабликтерде әртүрлі қысымға ұшырап, қорланып жүргенін сезбеуі де мүмкін. Ал кибербуллингтің салдары өте ауыр», дейді. «Кейбір деректерде, кибербуллингке ұшырап, өз-өзіне қол салған балалар жайлы мәліметтерді айтпай кетуге болмас. Әрине, «арқаны кеңге салып» жүре беруге де болады. Алайда еліміздегі әрбір бала немен айналысып жатыр? Ол әлеуметтік желіде кіммен дос? Буллинг пен кибербуллингтің құрбанына айналып жүрген жоқ па деген сұрақтар әрбір ата-ананы алаңдатуы тиіс деп ойлаймыз. Қазір біздің балаларымызды интернет тәрбиелеп жатыр. Ата-аналардың ықпал ету аймағы әлсіреді. Сондықтан да интернеттегі бала тәрбиесін, бала құқығын біз басты назарда ұстауымыз керек», деген ойын жеткізді Р.Жолаев.

Ал Түркістан облысы Ата-аналар қауымдастығының төрағасы Ақбаян Жақыпова балаларды кибербуллингтен қорғайтын заңның қажеттілігін «Ел ертеңі – жас ұрпақ» әлеуметтік жобасының нәтижесімен байланыстыра отырып түсіндіріп берді. Оның айтуынша, Түркістан облысы аумағындағы 17 ауыл-аймақты қамтыған жобаның басты мақсаты – балаларға буллинг және кибербуллингтен қалай сақтану керектігін үйрету. «Жоба аясында елді мекендерге барып, балаларды, олардың ата-аналарын, мұғалімдерді, әлеуметтік педагогтерді, білім мекемелерінің басшыларын, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторларын оқыттық. Сонда байқағанымыз – қарапайым халық көбінесе кибербуллингті қалып­ты жағдай деп қабылдайды, бұл қыл­мысты әлі күнге қоғамның дерті, қа­уіпті құбылыс деп сезінбейді», дейді А.Жақыпова.

«Ата-аналардың дені балаларының ВКонтакте, Тик-ток секілді желілерде қандай буллинге ұшырап, қандай көңіл күйде жүргенін біле бермейді» деген пікірін бүкпесіз жеткізген сарапшы: «Гаджетке байланған балаларының желідегі жат адамдардан неше түрлі теріс ақпарат алып, моральдық-психологиялық түрде неше түрлі зорлық-зомбылық көріп жатқанынан ет жақындары мүлде хабарсыз болуы мүмкін. Мәселен, Түркістан облысында 80 пайыздан астам отбасы көпбалалы. Әр ата-ананың бас қайғысы – нәпақа табу, бала-шағасын асырау. Бүгінгі әке-шешенің көбі жұмысбасты, қала берді күнделікті күйбең тірліктен, шаруадан қолы босай бермейді. Ал бала желідегі мәселесімен жеке өзі ғана қалады», дейді.

Психолог маман кибербуллингтің құрбанына айналған баланың көп жағдайда не істеу қажеттігін, кімге, нені қалай жеткізу керектігін білмейтінін де ашық айтты. Бір сөзбен айтқанда, жеткіншек өз құқығын қорғауды білмейді. Екінші мәселе – балаларының қандай құқығы бар екенінен ата-аналар да бейхабар. «Егер бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде араласпаса кибербуллинг дерті індетке айналып кетеді. Қазіргі таңда Түркістан облысы балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұл өте қорқынышты әрі ауыр статистика. Жыныстық кибербуллинг деген қауіп те күн өткен сайын қоюланып келеді. Интернетте балалар порнографиясымен айналысатын арнайы деструктивті топтар бар. Ал ғаламторда отырған бала мұндай контенттерді өз бетінше IP адресті анықтап, бұғаттай алмайды. Яғни мұндай қауіппен жеткіншек жалғыз өзі күресе алмайды. Егер кез келген ата-ана осындай заң бар екенін білсе, заң талаптары бойынша өз құқықтарын талап ете алса, баласын әлеуметтік желідегі кибербуллингтен қорғай алады. Заң арқылы бұл қауіпке қарсы тұра алса, біз үшін бұл да үлкен жетістік. Ал заңмен реттелмеген нәрсе кең жайылып, теріс құбылысқа айналып кетеді. Ал біз айтып отырған кибербуллинг бүгінгі қоғамның қорқынышты қаруына айналып үлгергенін жасыра алмаймыз», дейді ол.

А.Жақыпова заң жобасының қоғам­ға кең тарап, жан-жақты талқыға түсуін дұрыс деп санайды. «Себебі ауыл-аймақтағы ата-аналар да заң талаптарынан хабардар болып, әлеуметтік желідегі балаларына ата-аналық бақылау жүргізіп отырады. Бала тәрбиесі мен оның болашағына ең бірінші ата-ана жауапты. Ал әрбір ата-ана баласын желідегі қауіп-қатерден мемлекет пен заң қорғайтынын, зайырлы, құқықтық елде тұратынына толық сеніммен өмір сүруі керек. Мен өзім де көпбалалы ата-анамын. Сондықтан бұл тақырып, бұл заң жобасын талқылау мен үшін де өте маңызды. Кибербуллинг қаупі елімізде бар және бұл мәселенің түйінін шешетін заңдық жолдары әлі нақты жолға қойыл­ған жоқ. Сондықтан да ел ертеңі болар балаларымыздың тағдырына төнген бұл дертке мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуі қажет», деп ойын тұжырымдады сарапшы.

Ал «Заң жобасы сөз бостандығын қаншалықты шектейді?» деген сұраққа А.Жақыпова «Баланы кибербуллингтен қорғауға заң жүзінде мемлекет аралас­паса, бұл қауіппен ата-ана, бала, мектеп жалғыз өзі күресе алмайды» деп жауап берді. «Бір нәрсені ескерген жөн. Бұл заң жобасының басты көздегені – балаларды кибербуллингтен қорғау. Өзгелерге заңның ешқандай зияны жоқ. Себебі БАҚ-та жалған ақпарат тарату, суреттерді рұқсатсыз қолдануға қатысты нормалар қолданыстағы заңда бұрыннан бар. Ол заңды ешкім алып тастаған жоқ. Заң нормаларын дұрыс талқыламау қоғамда осындай теріс пікір туындатып отыр. Негізі мұндай ой-пікірлерді мәселені тереңінен зерттеп қарамағандар жиі айтады. Себебі бұл заң жобасы әлеуметтік желіні күнде­лік­ті пайдаланушыларға ешқандай шек­теу қоймайды. Халықтың дені кибер­бул­лингтің қаншалықты қауіпті әрі зиянды екенін біле бермейді. Сондықтан «Балалардың қауіпсіздігін желеу етіп құқығымызды шектеп отыр» деген пікір мүлде шындыққа сәйкес келмейді. Заң жобасында «Егер өтініш мазмұнында балаға қатысты кибербуллинг фактілері жасалып жатқан интернет ресурс көрсе­тілмесе, өтініш қараудан бас тартылады» деп тайға таңба басылғандай жазылған», дейді.

ТҮЙІН. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, өткен жылы ел аумағында кибербуллингке қатысы бар 10 мыңнан астам материалға шектеу қойылса, уәкілетті органның ұсынымдарымен интернеттегі 222 400-ден астам құқыққа қарсы материал жойылған. Ал бір тәулік ішінде әлеуметтік желілердегі контентті жоюды немесе бұғаттауды талап ететін заң Германия, Франция, Жаңа Зелландия, АҚШ секілді бірқатар дамыған елде қабылданған. Мәселен, АҚШ-тың 40-тан астам штатында кибербуллингке қолданылатын қылмыстық жаза өте қатаң. Сингапур, Оңтүстік Корея, Ресей мен Түркия мемлекеттері де осы әлеу­меттік желі жөніндегі заңдарын қайта қарастырып, кибербуллингке қатысты жазаны күшейтіп жатыр.

Атауы қазақ қоғамына жат болға­нымен, қатері бүкіл елді шарпып үлгерген бұл кеселдің қазір өршіп тұрғаны ешкімге жасырын емес. Ендеше, желідегі жүгенсіздік пен жауапсыздыққа, желікке заң жүзінде жауап берер уақыт келді.

Бану ӘДІЛЖАН,
31 наурыз 2022 ж. 327 0