Наурызды мерекелеудің жаңа тұжырымдамалық тәсілдері әзірленді

«Біріншіден, Наурыз тату көршілік пен жергілікті қауымдастықтардың мерекесі. Бұл тұжырымдаманы аулаларда, қоғамдастықтарда, отбасыларда тойлауды оқшаулап, қазіргі әлемнің урбанистік жағдайларына бейімдеу ұсынылады. Екіншіден, Наурыз тазалық пен экологияға қамқорлық мерекесі. Бұл әлеуетті ауқымды экологиялық акциялар мен жалпы өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеу үшін пайдалану қажет. Осы күні бүкіл ел бойынша жаппай ағаш отырғызу және елді мекендер мен аулалардың аумақтарын тазарту бойынша «Таза табиғат» республикалық акциясы басталады. Сонымен бір мезгілде бүкіл ел бойынша әлеуметтік желілерде «Әр отбасынан бір ағаш» челленджін өткізу ұсынылады. Ағаш отырғызу ауа райының жағдайына қарай жүргізіледі, қолайлы жылы күндердің боулына қарай аймақтарда акцияны кейінірек ұйымдастыруға болады», – деді ведомство өкілі.
Сонымен қатар, Наурыз мейірімділік пен қайырымдылық мерекесі. Волонтерлік, қайырымдылық және ерікті ұйымдар арқылы Асар дәстүрін жаңғырта отырып, «Наурыз мейірімі» жалпыұлттық акциясын іске қосу ұсынылады.
«Наурыз балалар үшін басты мереке. Отбасыларда, білім беру ұйымдарында және еңбек ұжымдарында «Наурыз кәдесі», «Наурыз қоржын» сыйлықтарын тарту ету дәстүрін енгізе отырып, балалар аудиториясына акцент жасау көзделіп отыр. Сондай-ақ, Наурыз аға буынды қастерлеу мерекесі. Аға буынның ізгі тілектері мен баталарын алып, отбасыларға, еңбек ұжымдарына, ардагерлер, ақсақалдар қауымдастығына шақырып, оларға құрмет пен ілтипат көрсете отырып, Наурыз бата дәстүрін дәріптеу Наурызды мерекелеудің бірден-бір бағыты болып отыр» – деді Дәуешев.