Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржы орталығы қызметкерлері жеке мектеп ашуға ниетті қызылордалық кәсіпкерлермен кездесті

Қаржы орталығы қызметкерлері жеке мектеп ашуға ниетті қызылордалық кәсіпкерлермен кездесті

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кездесуде жеке мектеп ашуға қойылатын талаптар, қаралатын қаржы және жүзеге асырылу механизмі қаралды.

Шараға Білім және ғылым министрлігіне қарасты Қаржы орталығының өкілдері Алпамыс Сатыбалдин мен Айнұр Сағындықова, аймақ кәсіпкерлері мен жергілікті білім саласының мамандары қатысты.

Кездесуде Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов жеке мектеп ашуға қызылордалық кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.

«Білім беру жүйесінің инфрақұрылымын дамыту мақсатында Үкімет жеке мектептер мен студенттік жатақханаларды салу жобаларын жүзеге асырып жатыр. Бүгінде Қызылорда облысының өзінде кәсіпкерлер 15 жеке білім ошағын ашып, 5 жатақхана салды», – деді отырыста Пірмұхаммед Сыздықов.

Қаржы орталығының департамент директоры Алпамыс Сатыбалдин жекеменшік мектептер салу және реконструкциялау жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру аясында жүргізілетінін жеткізді.

Ол үшін екі түрлі төлем қолданылады: амортизациялық және операциялық. Амортизациялық шығындар реконструкция үшін 1 оқушыға 47 АЕК (144 мың теңге), құрылыс үшін 1 оқушыға 96 АЕК (294 мың теңге), ал операциялық шығындар орта есеппен 1 оқушыға 532 мың теңге көлемінде төленеді.

Мемлекеттік тапсырыс негізінде қаражат алу алгоритмі:

- «Қаржы орталығы» АҚ-мен алдын ала шарт жасау (механизм операторы);

- мектеп салу немесе реконструкциялау (санитарлық нормаларға, ҚНжЕ және өрт қауіпсіздігіне сәйкес жүргізіледі);

- 20 жыл мерзімге нысаналы мақсатын өзгертпеуге құқық ауыртпалығын тіркеу (ХҚКО-да тіркеу);

- білім беру қызметімен айналысу құқығына лицензия алу кадрларды іріктеу;

- Ұлттық білім беру деректер базасында (ҰБДҚ) тіркелу;

- оқушыларды қабылдау;

- мемлекеттік сатып алу веб-порталында тіркелу;

- мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға операторға өтініш жолдау;

- мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға шарт жасау.

Мемлекеттік тапсырыс нысан пайдалануға берілгеннен кейін 8 жыл ішінде жылына 1 оқушыға жобалық қуаттан аспайтын мөлшерде беріледі. Норматив оқушылардың нақты саны бойынша төленеді.

Шара барасында қызылордалық кәсіпкерлер Қаржы орталығының мамандарына салаға қатысты сұрақтарын қойып, жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдірді.

Аймақта жеке мектеп немесе студенттік жатақхана салуға/ашуға ниетті азаматтар қосымша сұрақтары бойынша Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы мамандарына жүгіне алады. Жауапты маман Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Мұрат Балабай. Байланыс телефоны 8 /7242/ 40-09-81.

Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі


15 наурыз 2022 ж. 368 0