Қаржы орталығы әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетеді
Қаржы орталығының қолдауымен білім беру саласындағы әлеуметтік жобалар яғни студенттік жатақханаларды, жекеменшік мектептерді салу және реконструкциялау, «Aqyl» білім беру депозиті, мемлекеттік білім беру кредиті бүгінде нәтижесін беріп келеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин мәлімдеді.
Орталық қызметі инвесторларды, жеке кәсіпкерлерді мемлекеттің қаржылық қолдауымен студенттік жатақханалар құрылысына қаржы салуға шақырады. Бұл табысты, тұрақты және келешегі мол бизнес-жоба. Себебі, бүгінде жатақханаға сұраныс жоғары.
«Елімізде студенттер тұру үшін 63 мыңнан астам орын-жайды жасау қажет. Сонымен қоса жақын болашақта Қазақстанды 2000-шы жылдарда болған baby-boom-ның салдары күтіп тұр, сондықтан студенттер контингенті де өсетін болады.
Жатақхана салу мемлекет пен жекеменшік сектордың әріптестігіне негізделеді. Инвестор өз қаражаты есебінен объектіні іске қосуды жүзеге асырады. Объекті сәтті пайдалануға енгізілген жағдайда мемлекет онда мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастырады, қаржы қарастырылады. Мәселен, жатақханада іс жүзінде 100 адам тұратын болса, төлемдер 200 адамға төленеді», - деді А.Сатыбалдин.
Бүгінгі таңда 30 630 орынға лайықты 124 жатақхана пайдалануға берілді. Биыл 11 057 орындық 32 жатақхананы беру жоспарлануда.
Сонымен қатар, жекеменшік мектептер де көптеп ашылуда. 2019-2021 жылдары 94 696 орындық 287 жекеменшік мектеп ашылды.
Қызылорда жекеменшік мектеп ашып, ең жоғары төлем алатын өңір саналады. Қазірде жекеменшік мектептердің жалпы саны 408-ге жетті.
Сондай-ақ, «AQYL» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі арқылы республикамыздың кез келген азаматы өзіне немесе баланың атына білім беру жинақтау салымын ашуға мүмкіндігі бар. Депозиттің мақсаты жинақталған қаражат ҚР-да, сондай-ақ шетелде оқудың ақысын төлеуге жұмсалуы тиіс.
Сосынғы жоба, Қазақстанның колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алудың қолжетімділігін кеңейту мақсатында талапкерлер мен студенттерге негізгі қарыз сомасын төлеу мерзімін ұзарта отырып, кепілсіз студенттік кредиттер алуға мүмкіндік бар. Кредиттің жалпы мерзімі 10 жылға дейін. Қазіргі уақытта несие беруші «Нұрбанк» АҚ. Білім беру кредиті бойынша пайыздық мөлшерлеме 20% - ті құрайды.