Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Партия жаңғыру жолында

Партия жаңғыру жолында

«Nur otan» партиясының төрағасы Қ.Тоқаев кезектен тыс XXII съезді 1 наурызға шақыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы өткен аптада партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов мәлімдеді.

Кезектен тыс съезге бүкіл аймақтан делегаттар қатысады деп жоспарлануда. Орталық аппарат өңірлік филиалдармен бірге дайындық іс-шараларын қолға алды. Негізінен съезд барысында партия жұмысын жаңғырту басымдықтары талқыланады. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде, оның ішінде облысымызда да Саяси кеңестердің отырыс­тары өтіп, қорытындысы бойынша партияның кезектен тыс XXII съезіне 399 делегат сайланды. Сыр өңірінен партия съезіне 18 делегат сайланды.

– Бүгінде партия қаңтар айында өткен кезектен тыс ХХІ-ші съезде алға қойылған міндеттерді сапалы және уақтылы орындау бойынша жұмыстарды үйлестіруде. Бұл үшін «Nur Otan» партиясы өзіне жүктелген міндеттерді қайта қарап, барлық пар­тия­лық органдардың, фракцияның, қоғамдық кеңес­тердің жұмыс тиімділігін арттыру жұмыстарын қолға алды. Партия филиалдары жанындағы қоғамдық кеңес­тердің 2022 жылға арналған жоспарлары мен құрам­дары жаңартылды. Барлық сайлауалды міндеттемелер толық көлемде орындалуы үшін фракция отырыстарында әрбір елді мекен бойынша өңірлік сайлауалды бағдарламалардың 2021 жылғы іске асырылуына талдау жасалынды. Сондай-ақ партияның «Jas Otan» жастар қанатының алдына бірқатар нақты міндеттер қойылып, жастарды партия маңына біріктіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып.

Оның айтуынша, партия жұмысын жа­­ңа­­ша жүргізу бағытында мәсли­хат­тардағы фракция мүшелерімен, аймақ­тағы БПҰ-мен, партия ардагерлерімен, үкімет­тік емес ұйым өкілдерімен кездесулер өткізіліп, партия жұмысын жаңғырту бойынша ұсыныстар талқыланып, жинақ­талған. Яғни елімізде партияның белсене қатысуымен жаңару жұмыстары жүр­гізілмек.

– Бұл тұрғыда алдағы съезд партия трансформациясына мұрындық болып, жаңа көшбасшы партия жұмысының жаңа жұмыс тәсілін белгілеп береді және саяси модернизация тек партияны жаңғырту арқылы жүзеге асады деп ойлаймыз. Партияның іргесі қаланған күні өтетін съезде дамудың жаңа бағытының белгіленуі айтулы оқиға десек, Төраға реформалардың жоғары қарқынын белгілеп, партия мүшелерін Жаңа Қазақстан құруға жұмылдырады, ал жаңарған партия өз кезегінде оны толық қолдайды. Сондықтан партия елдегі қоғамдық-саяси жағдайға сәйкес өз жұмысын күшейтіп қана қоймай, Төраға қойған міндеттерге сай еңбек етіп, партия жұмысында жаңа қадамдар жасалады, – дейді «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Б.Ахметов.

Алдағы съезге облыстан сайланған делегаттар Сая­си кеңес отырысында сайланды. Бұрын бұл жұмыс партия Жарғысына сәйкес жүргізіліп, БПҰ жиналыстары мен аумақтық, облыстық филиалдар конференция­ларын­да үйлестірілетін. Биылғы тағы бір жаңалық делегаттар әрбір облысқа бөлінген квота бойынша ұсынылды. Бекітілген квота бойынша облыс­тан съезге 18 адам қатысады. Маңызды басқосу онлайн форматта өтетін болады.

«ТТ» ақпарат
26 ақпан 2022 ж. 454 0