Баталы ер арымас
Соңғы уақытта аудан орталығында бұқаралық спортты дамыту мақсатында арнайы спорт клубтары көптеп ашылуда. Жақында кезекті рет «Syrdarya» спорттық-зияткерлік орталығының ашылу салтанатына куә болдық. Жаңадан ашылған ғимарат базасында халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ел намысын қорғаушылар Отан қорғаушыдан бата алады» тақырыбында іс-шара өткізілді.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, ҰОС-ның ардагері Яхия Тасыров, №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Бағдат Есенов, еңбек ардагері Мектепхан Елеусінов, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрғасы Шаһарбек Нұрсейітов, тоғызқұмалақтан облыс құрамасының бас жаттықтырушысы Хәкімжан Елеусінов, ауданның бас жаттықтырушысы Білімжан Елеусінов және спортшылар қатысты. Кездесу кешін ашқан аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев орталықтың ашылуымен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Әр жылдары аудан спортын жетілдіруге көңіл бөлінуде. Біз тоғызқұмалақ және шахмат үйірмесіне тұрақты түрде қатысатын жаңа орталықтың ашылғанына қуаныштымыз. Спортшыларымыз ыңғайлы ғимаратта алаңсыз дайындық жүргізе алады. Сонымен бірге жақсы істі бастамас бұрын қазақ халқы үлкеннен бата алған. Міне, спорт саңлақтары батагөй қария Яхия Тасыровтың батасын алып, ұрпақтар сабақтастығын жаңғыртуда. Жыл көлемінде Сыр мақтаныштары жоғарғы жетістікке жетуіне тілектеспін, – деді Талғат Мейрамханұлы.
Өз кезегінде Ұлы отан соғысының ардагері Яхия Тасыров майдан даласында көрген қиындықтарын жас ұрпаққа айтып берді. Алдағы байрақты бәсекелерден топ жаруы үшін спортшыларға ақ батасын берді.
– Сырдың мерейін тасытып жүрген спортшы балаларыма сәттілік тілеймін! Біздің кезімізде нағыз қиын-қыстау күндер туды. Елімізден жырақта жүрсек те Отанды қорғауға барымызды салдық. Қан майданды көзімізбен көріп, ауыртпалықты сезіндік. От пен оқтың арасында жүріп, ел үшін жаумен күрестік. Ол уақытта оқуға түсу қиындық соқтыратын. Ешбірімізге мұндай бейбіт күндегідей барлық мүмкіндік жасалған емес. Өткеннен сабақ алып, жақсылыққа ұмтылған абзал. Спортшыларымыз табысты бола берсін, – деді батагөй ақсақал.
Іс-шара барысында №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Б.Есенов, тоғызқұмалақтан облыс құрамасының бас жаттықтырушысы Х.Елеусінов сөз сөйлеп, спортшыларға ақжарма тілегін жеткізді. Сырдариялық спортшылардың қатарында Бексұлтан Бостандықов, Жантөре Аманқос, Дамир Ахметов, Ерасыл Пернебаев, Айым Ақылбек, Нұрай Мектепхан, Нұрила Мектепхан, Әсем Дәуренбек секілді мықты спортшылар бар. Кент мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Ербол Сағымбайұлы жиналғандарға домбырамен күй тартып берді. Спортшылар мен қонақтарға халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалы атынан арнайы сыйлық тапсырылды.
Балтабай Аябекұлы