Ауылдардың су жүйелері жаңартылуда
Биыл Қазалы ауданы Жанқожа батыр, Майдакөл елді мекенде сервистік су желісі, Қармақшы ауданы Төретам кентіне су жүйесінің құрылысы, Байқоңыр қаласының кәріз жүйесін жаңарту, Жаңақорғандағы Төменарық, Сунақ ата, Екпінді ауылдарының су жүйесін жаңарту және кеңейту жұмыстары басталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық баскармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов мәлімдеді.
- Арал ауданындағы Абай, Тоқабай және Ақбасты ауылдарын «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына қосу жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Жобалардың қаражаты ауқымды болғандықтан құрылысы кезең-кезеңмен іске асады. Жаңақорған ауданының 27 ауылын ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін 2019 жылдың соңында Сырдария топтық су құбыры іске қосылды. Ал Талап топтық су құбырының құрылысы ағымдағы жылы аяқталады деп жоспарлануда, - деді Ерлан Ералыұлы.
Жалпы облыс халқының 98,9 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Негізі аймақта 234 елді мекен бар. Олардың 85 пайызы Арал-Сарыбұлақ, Октябрь, Жиделі топтық су құбырлары және ішкі су тарату жүйесі бар скважиналар арқылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Ал 35 ауылдың 10 мыңға жуық тұрғыны скважиналардан, құдықтардан су ішіп отыр.
Қызылорда қаласында 77 ұңғымадан тәулігіне 86 мың текше метр ауыз су өндіріліп, тұтынушыларға таратылуда. Тұрғындарға су Қызылжарма және Қызылорда жер асты су кені арқылы берілуде.
- Судың қысымы орталықтағы жүйеде 2,1 атмосфера болса, қаланың шет аймақтарында 1,6 атмосферамен қамтамасыз етілуде. Көп қабатты тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарында ауыз судың қысымы қазіргі таңда бір қалыпты. Ал сапасына күнделікті кәсіпорынның базалық зертхана мамандарымен сараптама жасалынып, қадағаланады. Ауыз су сапасы Қазақстан Республикасында бекітілген стандарттарға, яғни 2874-82 ГОСТ-қа сай келеді, - деді «Қызылорда су жүйесі» МКК басшысы Марат Жамиев.