Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүгедектігі бар адамдарды қолдайтын заң жобасы әзірленді

Мүгедектігі бар адамдарды қолдайтын заң жобасы әзірленді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға үнемі баса мән беріп келеді. Сенатта осы бағыттағы арнайы заң жобасы көпшілікке таныстырылды. Жаңа құжаттың әзірленуіне сенаторлар бастамашы болды, деп хабарлайды baq.kz.

Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желіде жазды.
Заң жобасын дайындау үшін былтыр Сенат жанынан жұмыс тобы құрылған еді. Оның құрамына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мүгедектігі бар белсенді азаматтар енді.Жұмыс тобы еліміздегі жағдайды және халықаралық тәжірибені жан-жақты пысықтап, бірқатар маңызды ұсыныс әзірледі. Соған сәйкес заң жобасына ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғауға арналған нақты нормалар енгізілді. Бұл құжат денсаулық сақтау, арнаулы әлеуметтік қызметтер, білім беру бағытындағы ұлттық заңнамаларды жетілдіруді де көздейді.Заң жобасындағы жаңашылдықтардың бірі мүгедектігі бар баланы шипажайларда тегін емдеу кезінде онымен бірге еріп жүретін адам үшін жолдама құнының 70 пайызын өтеу туралы норма. Кедергісіз орта қалыптастыру үрдісін жеделдету мақсатымен ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімделген қоғамдық көліктерге басымдық беру мәселесі де қарастырылған, – деп жазды Сенат төрағасы.
Сонымен қатар таксопарктердегі әрбір оныншы таксидің инвотакси болуын қамтамасыз ету, ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке нотариустардан нотариаттық қызметтерді тегін алуға жағдай жасау, есту және көру қабілеті нашар азаматтар сот отырыстарына қатысқан кезде оларға ымдау тілін, Брайль әліпбиін білетін аудармашының қызметін тегін ұсыну сияқты нақты ережелер бар.
Құжатта мүгедектігі бар адамдарға қатысты еңбек құқықтарын іске асыру кезіндегі кемсітушілікке тыйым салуды енгізу бойынша және оларды жұмысқа орналастыратын, әлеуметтік кәсіпкерлерге қолдау көрсететін нормалар да назардан тыс қалған жоқ. Әрине, бұл саладағы мәселелерді бір заңмен шешіп тастау мүмкін емес. Алайда, осы құжат мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың нақты тетіктерін қалыптастырады деп үміттенеміз. Осы ретте заң жобасын әзірлеуге атсалысқан барша азаматқа алғысымызды білдіреміз. Жақын арада құжат заңнамада белгіленген тәртіппен Парламент Мәжілісінің қарауына енгізіледі. Осылайша, депутаттар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін маңызды әрі өзекті заңды қабылдайды деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
26 қаңтар 2022 ж. 336 0