Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Айыппұл мөлшері көбейді

Айыппұл мөлшері көбейді

Барыс жылында елімізде бірқатар өзгерістер орын алды. Оның ішінде, айлық есептік көрсет­кіш (АЕК) бағасының өсуіне байланысты айыппұлдар, мемлекеттік баждар мен төлемдер де қым­баттады. жол ережелерін бұзғандар жауапкершілікке тартылып, еселенген айыппұлдар төлемек.

Биылдан бастап мемлекеттік бажда мынадай айырма­шылықтар бар. Ендігі жерде азаматтар паспорт алу үшін баж 24504 теңге (8 АЕК) төлейді. Сонымен бірге, жеке куәлік алудың тәртібі 613 теңге (0,2 АЕК), жүргізуші куәлігін алу 3828 теңге (1,25 АЕК), некені тіркеу құны 3063 теңге (1 АЕК), куәлікті қайта шығару 1532 теңге (0,5 АЕК), ажырасуға өтініш берген кездегі мемлекеттік баж 6126 теңге (2 АЕК) болып бекітілген.

Өз кезегінде кез келген айыппұлды АЕК-тың өсуі негізінде 5 пайызға арттыру көзделген. Мәселен, азаматтар жылдамдықты 10-20 шақырымға арттырғаны үшін 15315 теңге төлейтін болады. Бұған дейін аталған жыл­дам­дықты асырған азаматтарға 14585 теңге айыппұл са­лынып келген. Ал жол белгілерін немесе жол жүру бөлі­гіндегі белгілер бойынша талаптарды сақтамағаны үшін айыппұл бұрынғы 8751 теңгенің орнына 9189 теңге болып бекітіліпті. Жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының өзге де қатысушылары жол ережелері талаптарын орындамаса 5834 теңгенің орнына, 6126 теңге айып арқалайды. Ты­йым салынған жерлерде темекі бұйымдарын, қыздырылатын темекі бұйымдарын, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, электронды тұтыну жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынсаңыз, 45945 теңге төлеуге міндеттелесіз. Кейінгі жылмен салыстырғанда айыппұл 20190 теңгеге артқан.

Аудандық полиция бөлімінің аналитика жасаушы маман­дарының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы азаматтарға 1286 айыппұл салынған. Заңға бағынбағандар арасында көлікті масаң күйде жүргізгендер бар. Өрескел талап­тар­ды бұзу жағдайлары да кездеседі. Қорғаныш белдігін тақпағандар да айыпұлдан құтылып кете алмайды. Тех­ника­лық байқаудан өтпей жүргендер де, жарықшамды пайда­лан­бағандар да айыппұл төлейді. Ал көлік басқару кезінде телефон пайдаланған 20 азамат та жауаптылықтан қаша алмайды.

Аудан бойынша автомобиль жолдары 480 шақырымды құрайды. Республикалық маңызы бар жолдар 44 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар 115,5 шақырым, аудандық маңызы бар 112,5 шақырым жолдар. Елді мекендердегі ішкі жолдар ұзындығы – 208 шақырым. Аталмыш автомабиль жолдарында 1100 жол белгілері қойылған. Оның ішінде, республикалық маңызы бар автожолдарда 105, аудандық маңызы автожолдарда 119, шаруашылық негіздегі автожолдарда 64, елді мекен автожолдарында 812 белгі бар.

– Жол ережелерін сақтау әрбір көлік иесінің мұқият назарында болуы тиіс. Өрескел жол ережесінің бұзылуы салдарынан адам өміріне зиян келетіні анық. Қазіргі таңда 268 дана жасанды жол дөңбегін орнаттық. Ауданда екі бағдаршам жұмыс жасайды. Сырдария аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің жол және техникалық инс­пекциясы тобымен бірлесіп, ауданға қарасты автомобиль жолдарына тиісті тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде, 157 жазбаша өкім беріліп, 15 лауазымды тұлғарға әкімшілік хаттама толтырылды. Жергілікті атқарушы органдарына 15 рет хабарлама ұсыныстар берілді, – дейді аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің жол және техникалық инспекциясы тобының мемлекеттік инспекторы Нұрлан Мамыт.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
22 қаңтар 2022 ж. 293 0