Оқушылар демалысы ұзартылды
Қаңтардың алғашқы күндерінде елімізде орын алған террорлық сипаттағы дүрбелеңге байланысты республика аумағында төтенше жағдай енгізілген болатын. Қалыптасқан жағдай барлық салаға өзінің кері әсерін тигізіп қоймай халықты үрейлендіріп әбігерге салғаны анық. Бүгінгі күні қысқы каникулдан дәстүрлі оқуға оралу керек болған оқушылар мен студенттердің қысқы демалыс уақыты да ұзартылды.
Негізенен, 30 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында демалуға тиіс болған оқушылар енді Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен 17 қаңтарға дейін қысқы каникулда болады. Десе де, мектеп мұғалімдері каникул кезінде елді мекендегі жағдайға байланысты қашықтан немесе дәстүрлі форматта жұмыстарын жасай береді. Сонымен қатар, балабақшаларда елді мекендегі ахуалға байланысты жұмыстарын жүргізе бермек. Ал колледждер мен жоғарғы оқу орындарының студенттері академиялық күнтізбеге сәйкес, 24 қаңтарға дейін қысқы каникулда болады. Елдегі төтенше жағдай кезінде бақилық болған азаматтарды еске алу мақсатында Жалпыұлттық аза тұту күні жариялануына байланысты балабақшалар жұмысы екі күнге тоқтатылған. Әрі қарай жұмысы штаттық режімде жалғасатын болады. Бұл дегеніміз балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай олардың денсаулығын сақтау мақсатында жүріп жатқан игі шаралардың бірі ғана. – Қазір ауданда ахуал тұрақты. Барлық білім беру ұйымдарында қысқы каникул уақытында ешқандай іс-шаралар өткізілмейді. Сонымен қатар, төтенше жағдайға байланысты ҰБТ-ге өтініш беру уақыты 5 қаңтардан 21 қаңтарға дейін ұзартылды. 25 қаңтардан бастап түлектеріміз ҰБТ тапсыра бастайды. Бүгінгі күні аудан бойынша ҰБТ тапсыруға 357 түлек өтініш білдіріп отыр. Ата-аналардан балаларын қараусыз және жалғыз қалдырмауын сұраймыз. Сонымен қатар көшеге өз бетімен шығуын қадағалауларыңызды сұраймыз, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков.
Бүгінгі күні облыс аумағында жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Қазіргідей қиын күндерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып біріксек қана бірлігіміз арта түсері анық. Тәуелсіздігімізді қадірлейік.
Айдана ҚАЛИЕВА