Мұрат Ергешбаев, Сырдария ауданының әкімі: Атқарылған жұмыс ауқымды, атқарылатыны да аз емес
Жыл аяқталар тұста сандарды сөйлетер болсақ, 90 жылдан астам тарихы бар Сырдария ауданын Тәуелсіздік жылдарында барлығы тоғыз әкім басқарғанын аңғарамыз. Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Мұрат Нәлхожаұлы Ергешбаев Сырдария ауданының тоғызыншы басшысы ретінде сырдариялықтармен бірге 2021 жылды қорытындылап отыр. Мамыр айында аудан тізгінін ұстаған әкім тағайындалғанына жыл толмаса да бүгінде ауқымды жұмыстарды атқарып, алдағы мақсат-міндеттерді айқындап үлгірді. Жылдың қорытындысына орай аудан әкімімен сұхбаттасып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде көкейде жүрген сауалдарымызды қойған едік. Газеттің бүгінгі санында аудан әкімімен жүргізілген сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Құрметті Мұрат Нәлхожаұлы, алдымен Сізге уақыт бөліп, аудандық газетке сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымды айтамын. Сұхбаттымызды ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі сауалдардан емес, ерекшелігінен бастасақ. Бұған дейін Қызылорда қаласын және аймақтағы бірнеше ауданды басқардыңыз? Сырдарияның өзіңіз басқарған аудандардан қандай ерекшелігі бар екен?
– Рахмет, жыл қорытындыланар тұста сұхбат ұйымдастыру жөніндегі аудандық газеттің бастамасына мен де өз ризашылығымды білдіремін. Жергілікті газеттің тұрақты оқырманы ретінде жұмыстарыңызға жеміс тілеймін.
Иә, мен бұған дейін Қызылорда қаласын және Қазалы, Шиелі, Қармақшы аудандарын басқардым. Әр ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының, жалпы қоғамдық-саяси өмірінің өзіндік ерекшелігі болады. Қалаға жақын орналасқан Сырдария ауданының да өзіне тән ерекшелігі бар. Ауданның елді мекендерінің бір-біріне жақын орналасқаны өте қолайлы. Қалыптасқан жұмыс жүйесі бар ауданда ардагерлердің, қоғамдық кеңестердің, жалпы азаматтық қоғамның атқарып жатқан жұмысын үлгі етуге болады. Ендігі мақсат ауданның облыс орталығына жақын орналасқанын тиімді пайдаланып, ауылшаруашылық тауарларының нарықтық белдеуін қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін ауылдардағы бау-бақша өнімдерін егушілерге қолайлы жағдай жасауға басымдық берілгені жөн.
– Енді әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жөнінде ақпарат берсеңіз.
– Негізі 2021 жылға арналған аудандық бюджет 12,1 млрд теңгені құрап отыр. Аудан бюджетінің 63 пайызы әлеуметтік салаға бағытталғанын атап өтуіміз қажет. Аудан экономикасына тікелей ықпал ететін өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасты. Жылдың есепті кезеңінде ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 7,3 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 49,3 пайызға артық.
Аудан аграрлы болғандықтан, ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарынан дәнді, майлы дақылдар, бақша және көкөніс, картоп, сонымен қатар, ет және сүт бағытындағы мал өсіріледі. Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 21,5 млрд теңгені құрады. Ауданымызда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 33220 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш 20877 гектарға егіліп, 133,6 мың тонна Сыр салысы жиналды. Сырдарияның 1,8 мың тонна ақ күріші Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттеріне экспортталды. Сонымен қатар, 835 гектар жерге картоп, көкөністер мен бақшалық дақылдар егіліп, 20 мың тоннадан астам өнім алынды. Бұл жерде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты айта кететін жайт, күріш, ет, сүт, картоп өнімдерімен Сырдария ауданы өз-өзін толықтай және Қызылорда қаласын ішінара қамтамасыз етіп отыр. Мысалы, биылғы жылы 310 гектарға егілген картоптан 6572 тонна өнім алынды (әр гектардан 212 ц). Бұл аудан халқын 170 пайызға картоппен қамтуға жеткілікті. Сол себепті Қызылорда қаласының тұрғындарына жергілікті картоп сатылуда. Ауданда егіліп, өндірілген өнімдерді артық шығынсыз және ешбір кедергісіз саудалауға көмектесу мақсатында «Егістіктен дүкенге дейін» пилоттық жобасы ұйымдастырылуда. Пилоттық жоба аясында Бесарық және Іңкәрдария ауылдарында ауылшаруашылық кооперативтерін жандандыру жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі күні жергілікті жерге қолайлы картоп тұқымын егу үшін Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп, зерттеу жасалуда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін бір нүктеден сататын дүкен ашу үшін Қызылорда қаласынан 5 жер учаскесі сұратылуда. Бұл егіс алаңынан жеткізілген өнімдерді халыққа қолжетімді бағада ұсыну үшін қолданылады.
– Кәсіпкерлік саласының даму деңгейі қалай?
– Шағын және орта кәсіпкерлік – аудан дамуының негізі. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту мәселесі күн тәртібінен түспейді. Оны өзіңіз де менің төрағалығыммен ауданда өткен мәжілістерде, жиналыстарда байқап жүрген боларсыз. Одан бөлек, елді мекендердегі кәсіп иелерімен жиі кездесіп тұрамын. Біз кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздық мәселесін шешуді, сондай-ақ жұмыссыздық деңгейін азайту арқылы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуді – басты мақсат етіп отырмыз.
Жалпы, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында биыл ауданда құны 2,9 млрд теңгені құрайтын 520 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Соның негізінде 450 жуық жаңа жұмыс орыны ашылды. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктерден 90 кәсіпкерлік субъектісі 505,1 млн теңге несие алды. Осы бағдарламаның қайтарымсыз грант беру тетігі бойынша 8 жоба 23,0 млн теңгеге қаржыландырылды. 8 грантты да жас кәсіпкерлер ұтып алып, қазіргі таңда өздерінің ашқан кәсіптерін жандандыруда.
Ал «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде «Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 21 кәсіпкерлік субъектісі 90,0 млн теңге несие алды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша құны 428,2 млн теңгенің 83 жобасы несиелендірілді. Олардың басым бөлігі мал басын көбейту, бордақылау, монша ашу, қажетті техникаларды алу секілді жобаларды қамтиды. Аталған бағдарламаның екінші бағыты аясында «Стартап» жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 235 адамға 137 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 14 кәсіпкерлік субъектісі 49,0 млн теңге несие алды. «Агробизнес», «Кең дала» және «Сыбаға» бағдарламалары бойынша 12 кәсіпкерлік субъектісі 316,0 млн теңге несие алып, жұмыстарын жасауда.
Осы ретте, аудан бойынша 2593 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, оның ішінде, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2420-ы құрап отырғанын айтып өткенім жөн. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендерге үлесі 93,3 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5,6 пайызға өскенін білдіреді.
– Жақында облыс әкімінің қатысуымен 10 отбасы баспаналы болды. Халықты баспанамен қамту бағытындағы жоспарлар туралы айтсаңыз.
– Ауданымызда тұрғындарды баспанамен қамту бағытында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 11 елді мекенде 33 тұрғын үй құрылысын жалғастыруға және аз қамтылған көпбалалы отбасыларына 10 тұрғын жайын сатып алуға қаржы бөлінді. Осы қолдаудың нәтижесінде мемлекет есебінен 43 отбасы баспаналы болады деген жоспар бар.
Жеке тұрғын үй секторында 329 жер учаскелері инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Мұнан бөлек, Тереңөзек кентіндегі жаңа ықшам ауданның инфрақұрылымын жүргізу мақсатында 135 гектар жер бөлініп, ауыз су және электр желілері толық жүргізілді. Қазіргі таңда жол құрылысын жүргізу үшін тиісті басқармаға бюджеттік өтінім жолданды. Жұмыстар аяқталса, 645 жер учаскесі берілетін болады. Бұл тұрғындардың жеке баспанасын салуына мүмкіндік ашылады деген сөз.
– Баспанадан кейін халықты толғандыратын мәселе, ол – автомобиль жолдарының сапасы мен электр желілерінің жаңартылуы. Көшелерді жөндеу мен тозығы жеткен электр желілерін жаңғырту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Өзіңізге белгілі, біз аудан жолдарын жөндеуді жоспарға сәйкес орындап келеміз. Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 480 шақырымды құрайды екен. Аудандық маңызы бар жолдардың 92 пайызының сапасы жақсы. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жол құрылысы бойынша ұзындығы 4,1 шақырымды құрайтын 5 жоба қаржыландырылды. Мұның жалпы сомасы – 467,5 млн теңге. Ақпарат ретінде айтсам, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 36,8 млн теңге Тереңөзек кентіндегі Н.Бердіқұлов көшесіне жол құрылысына бағытталды. Сондай-ақ, 342,5 млн теңге А.Иманов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, 46,2 млн теңге Ақжарма ауылындағы Есентұров көшесінің жол құрылысына бөлінді. Мұнан бөлек, Ақжарма ауылында 22,9 млн теңгеге Т.Балапанов көшесіне орташа жөдеу, 19,1 млн теңгеге А.Тоқмағанбетов ауылыныдағы М.Мәметова көшесіне орташа жөдеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде ауданға қарасты елді мекендердің электр желілерінің 70 пайызының тозығы жетіп тұр. «КРЭК» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайту арқылы ұсынылатын жобалар қатарына ауданнан электр желілерін шұғыл жаңғыртуды қажет ететін Шаған, Аманкелді, Қоғалыкөл, А.Тоқмағамбетов ауылдарына арналған 744,2 млн теңгені құрайтын бірнеше жоба ұсынылды. Бірінші кезеңде жаңғырту жұмыстарын Қоғалыкөл мен Аманкелді ауылдарында жүргізу жоспарлануда. Осы ретте, ауданда жарықтандыру бойынша биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 41 млн теңгеге 1,6 шақырым жол жарықтандырылды.
– Табиғи газдың игілігін қанша отбасы көріп отыр?
– Ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз ету көптің көкейінде жүрген мәселе болатын. Бүгінгі күнге Тереңөзек кентінің 36 әлеуметтік нысан мен 1350 тұрғын үй, яғни, кентті газбен қамтуды 30 пайыздан 60 пайызға жеткізу жоспарланған. Бірақ жоспарлы жұмыстың нәтижесінде қазір Тереңөзек кентінің 70 пайызы көгілдір отын игілігін пайдалануда. Яғни 1620 жеке тұрғын үй мен 60 әлеуметтік нысанға газ берілді. Сонымен қатар, Тереңөзек кентін газдандыру жобасынан қалып кеткен және жаңадан салынған тұрғын үйлерге газ құбырын жеткізу мақсатында республикалық бюджеттен 129,0 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы сұхбатты пайдаланып, Тереңөзек тұрғындарын табиғи газды пайдалануда ережені қатаң сақтап, мұқият болуға шақырамын.
– Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау. Енді әлеуметтік салада атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Әлеуметтік сала – ауданның қалыпты дамуының негізгі саласы. Халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау, оның ішінде, жұмыспен қамту, төлемақылар тағайындау, сондай-ақ білім, мәдениет, спорт, құқық қорғау салалары мен жастар саясатын қолдау – негізгі міндетіміз.
Биыл аудан бойынша 1149 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған. Есепті кезеңде 2064 жаңа жұмыс орындары ашылып, бұл көрсеткіш артығымен орындалды. 2021 жылы әлеуметтік көмекке 350 отбасына (1869 адам) 94,3 млн теңге төленді. Атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту іс-шараларына 235 адам тартылды. Жыл басынан 65 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамту орталығына хабарласқан, 40 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 21 адам қоғамдық жұмысқа, 1 адам жастар тәжірибесіне жіберілген.
Президент өз Жолдауындағы негізгі басымдықтардың бірін сапалы білім беруге арнады. Бұл – еліміз үшін өте маңызды және стратегиялық құнды басымдық. Бүгінде аудандағы білім беру ұйымдары 100 пайыз интернет желісіне қосылған. 3 ауысымдағы және апаттық жағдайдағы мектептер жоқ. Қазіргі таңда ауданда 3-6 жастағы балалар мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтылып отыр. Ал 3 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтылуы 20,4 пайызды құрап отыр.
Мәдениет саласы бойынша 2021 жылы 719 іс-шара, оның ішінде, эпидемиологиялық жағдайға байланысты 517 іс-шара онлайн түрде ұйымдастырылды. Аудан халқын өнерге баулу мақсатында 99 үйірме жұмыс жасайды, оған 1299 өнерпаз қатысады. Аудан өнерпаздары биыл халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі 162 байқауға қатысып, 84 бас жүлде, 122 рет І орын және 266 мәрте жүлделі орындарды жеңіп алды. Жақында ғана Аманкелді ауылының тумасы, жас әнші Құралай Мейрамбек Қазақстан ұлттық арнасы арқылы ұсынылған Қазақстандағы ең үлкен мега жобалардың бірі «Qazaqstan дауысы» музыкалық жобасына қатысып, бас жүлде иеленді. Бұл – ауданымыз үшін ғана емес, облысымыз үшін жоғары жетістік.
Жалпы, ауданымызда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жолға қойылған. Аудан бойынша биыл жастар арасында 89 іс-шара ұйымдастырылып, 1628 жас қамтылды. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілген профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде есепті мерзімде кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыс тіркелген жоқ. Сәйкесінше, жастарды ынталандыру, жастар арасында үздіктерді анықтау, жігерлендіру мақсатында 10 жасқа аудандық «Өрлеу» жастар сыйлығы тағайындалып келеді. Біз жастарды қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз.
Спорт саласына келетін болсақ, ауданда спортпен шұғылданушыларға әртүрлі деңгейдегі 130 нысан қызмет көрсетеді. 574 дене шынықтыру және спорт үйірмелері жұмыс істейді. Аудан бойынша оқушылар және тұрғындарды қоса есептегенде 13126 спортшы жүйелі спортпен айналысуда. Бұл аудан тұрғындарының 34 пайызын құрайды. Спортшыларымыз да байрақты бәсекелерді аудан мерейін асқақтатып келеді.
– Негізгі салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар болдық. Алдағы жоспарлармен бөліссеңіз.
– Өзіңіз байқағаныңыздай, ауданда атқарылған жұмыс ауқымды, атқарылатыны да аз емес. 2022 жылға да жоспарларымыз көп. Қазіргі таңда құны 3,2 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асыру мақсатында облыстық басқармаларға өтінім жолданды.
Атап айтсақ, №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтың мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі ғимараты алаңына жаттығу және стритбол алаңы құрылысы салынса деген ойымыз бар. Сондай-ақ, Тереңөзек кентіндегі «Сырдария» спорт клубы ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, аудан орталығындағы ұзындығы 17,4 шақырымды құрайтын, барлығы 31 көшеге және ұзындығы 25,8 шақырымды құрайтын ауылдық елді мекендердегі көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу де назарымызда. Жоғарыда атап өткенімдей, Қоғалыкөл, Аманкелді елді мекендерінің электр желілерін жаңғыртуға да күш саламыз. Мұнан бөлек, аудан бойынша 5 каналға (Аманкелді ауылдық округіндегі «Қосапан», Іңкәрдария ауылдық округіндегі «Ақтам», Жетікөл ауылдық округіндегі «Жыңғылдыкөл» және «Хозцентр», Айдарлы ауылдық округіндегі «Ақтам» каналдарына) тазалау жұмыстарын жүргізу үшін 174,4 млн теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылып, қаржы бөлу жоспарлануда. Аудан әлеуетін арттырып, экономикасын нығайту бағытында басқа да ауқымды жұмыстар атқарылатын болады.
– Жоспарлы жұмыстардың уақытылы жүзеге асуына тілектеспіз. Сұхбатымыздың соңында аудан халқына айтар тілегіңіз болса...
– Елдің ынтымақ-бірлігінен, өзара түсіністіктен асатын құндылық жоқ. Бірлік бар жерде береке де, мереке де, даму да, өсіп-өркендеу де болады. Сондықтан аудан халқының бірлігі бекем болсын деп тілек айтқым келеді. Жаңа жыл ауданымызға жағымды жаңалықтарымен келсін! Әр отбасында тек қуаныш болсын!
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ