Денесінің жартысын күйік шалған қазақстандық балаға Оңтүстік Кореяда ота жасалды
Дертіне дауа іздеп Оңтүстік Кореяға барған 7 жасар қазақстандық бүлдіршінге Сеул ауруханасында операция жасалды. Тағдыр тәлкегіне түскен Николай Классен бұл елдің ауруханасына ақпанның 23-інде келген еді. Содан бері ем қабылдады.
Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.Қазір баланың жағдайы біршама жақсарған. Ол – Алматы облысының Талғар ауданының тұрғыны. Бірақ үйі 2015 жылы отқа оранды. Сол кезде денесінің 50 пайызын күйік шалған. Ата-анасының салғырттығынан медициналық ем алмаған. Салдарынан бет терісі дұрыс бітпепті. Бір қолын қозғалта алмайды. Былтыр баланың ауыр халін көрген «Мейірімділік» қорының директоры Аружан Саин көпшіліктің қолдауымен балаға көмек берді. Астанада бірнеше операция жасатты. Алайда теріні қалыпқа келтірудің жалғыз жолы – жасанды тері жапсыру. Сөйтіп Николай Классен Оңтүстік Кореяға жіберілді. Дәрігерлердің айтуынша, операция сәтті өткен. Енді бүлдіршін емін Қазақстанда жалғастыра алады. Бүгінде Николай Классен әпкесі Валентина екеуі «Ковчег» балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр.
«Ауызымды қимылдата алмайтын едім. Енді еркін ашып-жабамын. Қолым да қозғалатын болды. Валяны қатты сағындым», – дейді Николай Классен.
Ал Талғар аудандық орталық ауруханасының медбикесі Рыскүл Қалғұлова 7 жасар Николайдың оның отадан кейінгі жағдайы жақсы екенін айтты.
«Коляның аузы жабылмайтын. Күйіктен иегі кеудесіне жабысқан. Қазір операциядан кейін жағдайы жақсы. Мойнына операция жасалды. Мойынды қазір қозғай алады. Бұрынғыдай емес, ауызын жауып жақсы сөйлейді. Сонымен қатар қолында тыртық болған, олардың бәрін жасады», – дейді медбике Рыскүл Қалғұлова.