Өзбекстанда 11 айлық сәбидің денесінен 16 ине табылды
Өзбекстанның Ферғана облысында 11 айлық нәрестенің денесіне 16 дана ине кіріп кеткен және сол инелермен бала 1 айға жуық уақыт азаптанып жатыпты. Күні кеше жергілікті дәрігерлер сәбидің денесіндегі инелерді алып тастады деп жазады РИА Новости республиканың денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Kun.uz порталының жазуынша, Баланың денесіне инелердің кіріп кеткенін анасы білмеген. Сәби мазасызданып, күніге жылай бергендіктен оны дәрігерге апарып, кейін рентген аппаратына түсіріп көріпті. «Тоғыз сағаттық операция жасалды. Баланың денесінен 13 инені алдық», — делінген министрліктің таратқан ақпаратында.
Дәрігерлердің айтуынша, бала әлі кішкентай болғандықтан қалған 3 инені қазір алу мүмкін болмапты. Сондықтан оған алдағы уақытта екінші операция жасалады.
Сәби қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Инелер оның денесінің әр бөлігінде болған. Дәрігер Хабибулла Акимовтың айтуынша, кішкентай бала оның бәрін өздігімен жұтып қоюы мүмкін емес. Сондықтан бұл іспен қазір полицейлер айналысып жатыр.