Еңбек ардагері Майдан Мәселеева 70 жасқа толды
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова еңбек ардагері Майдан Мәселееваны 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Аймақ басшысы еңбек ардагерінің елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға, оның ішінде әлеуметтік саланың өркендеуіне еңбегі зор екенін атап өтіп, Сыр жұртшылығы атынан құттықтауын жеткізді.
- Егемендігіміздің бастауында тұрған Тұңғыш Президентімізбен бірге бүгінгі ел ағалары, ардагерлеріміз мемлекетіміздің, Сыр өңірінің аяғынан тұрып, нығаюына зор үлес қосты.
Тарихы терең, топырағы кенен біздің Сыр елі - ұлттың бағына туған талай қайраткер тұлғаларды тербеткен өңір. Сондай азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын жастарға үлгі етуді дәстүрге айналдырып келеміз.
Бүгін, міне, осындай қайраткер тұлғамыз, еңбек ардагері Майдан Аяшқызы Мәселеева апамыздың 70 жасқа толған мерейлі күніне орай жиналып отырмыз.
Майдан апамыз дүниежүзін жайлаған экономикалық дағдарыс кезінде жұмыссыздық деңгейінің өсуі, жалақы мен зейнетақы, балалар жәрдемақысының бірнеше айлап берілмеуі салдарынан халықтың тұрмыс-тіршілігі төмендеп, күрделі жағдай орын алған кезеңде облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға еселі еңбек етті.
Облыстың тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық даму тарихында Майдан Аяшқызының да өз қолтаңбасы бар. Сізді Сыр жұртшылығы атынан 70 жасқа толған мерейтойыңызбен тағы да құттықтаймыз! Сізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасыңызға бақ-береке, амандық тілейміз, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесуде облыс әкімі еңбек ардагеріне әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін Президент Жарлығымен бекітілген ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекелік медалін және облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыстап, қазақ дәстүріне сай иығына ақ жаулық пен қамзол жапты.
Кездесуде Майдан Мәселееваны замандас әріптестері, еңбек ардагерлері Нажмадин Мұсабаев, Камал Шөкеновтың жұбайы Длара Раимбердиева және Раиса Көзденова құттықтап, мерейтой иесінің өмір жолынан естеліктер айтты.
Майдан Мәселеева 1951 жылы 13 желтоқсанда Өзбекстан Республикасында дүниеге келген. Семей қаржы-экономикалық колледжін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1971 жылы Қармақшы аудандық қаржы бөлімінде аға экономисттен бастап, мемлекеттік кірістер инспекциясының бастығы, меңгерушінің орынбасары, салық инспекциясының бастығы, салық инспекциясы бастығының бірінші орынбасары, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, облыс әкімінің кеңесшісі, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды.
Ел мүддесі жолындағы ізгі істері үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.