Бірлігі бекем, тірлігі көркем
Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен Ассамблея Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Оған этносаралық қатынастарды дамыту және нығайту жөніндегі жұмыстарды ведомствоаралық үйлестіру жүктелген. Бүгінде әрбір облыста, ауданда Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бар.
Ауданымызда бірлігі бекем, тірлігі көркем түрлі этнос өкілдерімен аудан әкімінің кездесуі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудан басшысы Мұрат Ергешбаев тілі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір азаматтармен дөңгелек үстелде бас қосып, ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы жөнінде еркін форматта пікірлесті.
Кездесуге облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Болатбек Айтбенбетов, аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаев, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сырдария ауданы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Абай Мейрамбеков қатысты.
Аудан әкімі жиынға қатысушыларды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, азат елдің егемендік жылдары жарқын жетістіктерді бағындырғанын, барлық игілік пен жетістік бірлік, этносаралық татулық ұғымдарымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
– Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты. Егемен еліміздің өміріндегі тағы бір мерейлі белес жақындап келеді. Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығын түйіндейміз. Қазақстанның бүгінгі жетістіктері – барша отандастарымыздың ортақ еңбегінің жемісі. «Азаттық – елдің мұраты, абырой – ердің мұраты» дейді халқымыз. Бәріміздің мақсатымыз – ортақ, міндетіміз – бір. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуында Ассамблея мүшелерінің де зор үлесі бар, – деген аудан әкімі елімізде жүзеге асырылған конституциялық реформалар аясында Ассамблеяның конституциялық мәртебесі айқындалғанын атап өтті.
– 2008 жылы Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы қабылданды, ол Ассамблеяның этносаралық қатынастар саласындағы қызметінің нормативтік құқықтық негіздерін анықтайды. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ассамблеяның және оның қоғамдық құрылымдарының мәртебесі мен өкілеттіктері бекітілген Ассамблея туралы ереже бекітілді. 2018 жылы оның қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Ассамблеяның инфрақұрылымы нығайтылды, оны азаматтық қоғам мен мемлекеттік билік жүйесіне кіргізу ісі жүзеге асты. Ассамблея жанынан құрылған қоғамдық қорлар жұмыс істейді, көпфункционалды веб-портал дамуда, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Ассамблеяның депозитарийі құрылды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасы бойынша 2009 жылы Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесі құрылды. Барлық өңірдегі жоғары оқу орындарының базасында ғылыми-сараптамалық топтар құрылды. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Орталық Азия аймағындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы құрылды. Ол ғылыми-сараптамалық кеңестің жұмыс органы болып саналады, – деген Мұрат Нәлхожаұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы жөнінде кең көлемді ақпараттармен бөлісті. Аудан басшысы еліміздің барлық өңірінде, сондай-ақ Сырдария ауданында да Ассамблеяның қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестері құрылғанын, нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына назар аударды.
Өз кезегінде облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Б.Айтбенбетов Мемлекет басшысының Жарлығымен Ассамблеяның атқарушы органы ретінде Қазақстан Республикасы Президенті жанынан «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылғанын айтты.
– 2014 жылдан бастап өңірлік деңгейде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының жанынан «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемелері жұмыс істеуде. Осы бастаманың негізінде Ассамблея мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің хатшылығы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжат – біздің жұмысымыздың басты арқауы. Бүгінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі қазақстандық модельдің бірқатар артықшылығы қалыптасты. Қазақстанда этносаралық қатынастар саласында көпшілік мақұлдаған нормалар енгізілді. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасында тиімді өзара іс-әрекеттер жүзеге асады. Ассамблеяның алдына қойған мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде этномәдени бірлестіктердің күш-жігері біріктіріліп отыр. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі әлемдегі ең табысты жобалардың бірі болып танылды, – деді Болатбек Серікбайұлы.
Кездесуде «Достығымыз жарасқан» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Кан Мила қазақ еліне деген өз ризашылығын білдірді.
– Халық даналығында «Жиылсақ – көппіз. Жайылсақ – жоқпыз» деген даналық сөз бар. Бәріміз бір атаның баласындай, бір өзеннің сағасында бірлесе еңбек етсек, тату тұрсақ, алынбайтын асу болмайды. Елімізде ынтымақ пен бірлік – басты құндылықтардың біріне айналды. Жыл сайынға дәстүрлі басқосу – аудан әкімінің бізбен кездесуі келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсетіні анық. Бүгінгі жиынға қатысып отырған түрлі этнос өкілдерінің бәрі де өңірдің, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс, сауда саласында жемісті еңбек етіп жүргендер жетерлік. Мемлекеттік қызметте, білім беру мекемелерінде қызмет атқаратындар да бар. Біз қазақ елінің қамқорлығын көп көрген халықпыз. Сондықтан қазақ еліне ризашылығымды білдіремін, – деді Кан Мила.
Басқосуда Гульюзум Кокшарова жақында туған жердің қадір-қасиетін дәріптеуге арналған аудандық мүшәйра жеңімпазы атанғанын айтып, Тереңөзек кенті жөнінде жазған өлеңін зор тебіреніспен оқып берді. Ал ұлағатты ұстаз, Ассамблеяның белсенді мүшесі Елена Мясцова барлық жетістіктерін, қызметтегі, отбасындағы қуанышты жаңалықтарын Тәуелсіздік ұғымымен байланыстыратынын атап өтті.
Басқосуда Гульюзум Кокшарова жақында туған жердің қадір-қасиетін дәріптеуге арналған аудандық мүшәйра жеңімпазы атанғанын айтып, Тереңөзек кенті жөнінде жазған өлеңін зор тебіреніспен оқып берді. Ал ұлағатты ұстаз, Ассамблеяның белсенді мүшесі Елена Мясцова барлық жетістіктерін, қызметтегі, отбасындағы қуанышты жаңалықтарын Тәуелсіздік ұғымымен байланыстыратынын атап өтті.
– Мен адам өмірінің ең басты құндылығы болып саналатын халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықтың сақталуы жолында толассыз қызмет етіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болғаным үшін Жаратқанға және тағдырыма шексіз ризамын. Мен бала кезден ұстаздық жолды таңдап, бала оқытуды мұрат еттім. Осы арқылы Қазақстанның өркендеп, өсуіне шамам келгенше септігімді тигізейін дедім. Міне, осы күні арманымның орындалғанына қуанамын. Жастайымнан мен қазақ балаларымен бірге өсіп, олармен етене араластым. Олардың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін білдім, ұлттық тағамдарын үйрендім. Содан болса керек қазақша түсініп, сөйлей де аламын. Сондықтан қазақстандық екенімді мақтаныш сезіммен жеткіземін. Мен балаларыма да қазақ тілін білу міндет деген талап қойдым. Себебі, олар өздеріне қамқорлық көрсетіп келе жатқан елдің құндылықтарын құрметтей білуі тиіс. Сол құндылықтарды елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан өзге де этностар қадір тұтса, мызғымас татулығымыз мәңгілік боларына сенемін, – деді Елена Анатольевна.
Жиында ауданымызға белгілі әнші Никита Мясцов «Атамекен» әнін жанды дауыста шырқап, кездесуге қатысушыларға патриоттық шабыт сыйлады.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі жыл бойы белсенді қызмет атқарған, ауданымыздағы бірлік пен татулықтың нығаюына айрықша үлес қосқан азаматтарды «Алғыс хатпен» марапаттады. Сонымен бірге, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сырдария ауданы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысына аудандағы мәдени-көпшілік іс-шараларға түрлі этнос өкілдерінің жастарын қатыстыруға басымдық беруді тапсырды.
Сырдария аудандық
ішкі саясат бөлімі