Тәуелсіздік тірегі, тұрақтылық тұғыры
Егемендікке қол жеткізгеннен кейін еліміздегі этнос өкілдері бір шаңырақ астына топтасты. Тәуелсіздік туын тұғырға көтеріп, әлем картасындағы жаңа мемлекет пайда болғанда олар еліміздің дамуына жан-жақты үлес қоса бастады. Сол кезеңде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың пәрменімен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, «түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» болған ұлт өкілдері қазақстандық патриотизмді, этносаралық қатынасты дамыту үшін ортақ мақсатқа ұйысты. Соның негізінде қазіргі таңда Ассамблея – тәуелсіздік тірегі, тұрақтылық тұғырына айналған. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бір жылдығына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Бұл бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Содан бергі 25 жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол – халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.
25 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігіне сызат түспеуіне, татулықты сақтап, мемлекеттің тұрақты дамуына үлес қосып келеді. Жыл өткен сайын жауапкершілік жүгі ауырлап, қоғамдағы барлық мәселеде Ассамблея айтарлықтай рөл атқарады. Консультативті-кеңесші орган болғандықтан кез келген бағдарламалық жұмыстардың іске асуына мұрындық болып, насихат жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші рөлге ие бірден-бір ұйым. Осы уақытқа дейін аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы – ол әрі іргетас, әрі бейбітшілік, рухани келісім мәдениетінің негізгі қағидаты. Ассамблея – мемлекеттік органдардың халықпен жемісті үнқатысуын, барлық этнос өмірлерінің өзекті мәселелері шешілуін қамтамасыз етуші ұйым. «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте». Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Ортақ ордамыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік мақсат. Сонда ғана «Қазақстан 2050» Стратегиясында айтылған үздік 30 елдің қатарынан табылады. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан, – деді Ассамблея туралы өз сөзінде Елбасы.
Осылайша, Қазақстанның көп этностық кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік берік орнады. Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына қойған басты мақсаты және түбегейлі міндеті – этносаралық қатынас саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету. Осы мақсатта халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негізін қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келісімді қолдап, дамыту, қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің көріністеріне тойтарыс бере отырып, азаматтардың құқықтық бостандықтарына қысым жасауға жол бермеу, азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру да осы ұйымның міндеті. Ынтымақ ұйытқысына айналған ұйым бұл мақсаттарды жоғары деңгейде орындап келеді.
Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ғылыми-сарапшылық кеңес құрылған. Барлық аймақтарда Достық үйі бар. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен Нұр-Сұлтанда «Бейбітшілік және Келісім сарайы» салынды. Мұнда жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары, әлемдік дәстүрлі діндер съездері, өзге де маңызды іс-шаралар өтеді. Ассамблеяның тағы бір ерекшелігі, этностық топ өкілдерінің мүдделерін жоғары заң шығару органы – ел Парламентінде білдіру болып табылады. Осыған орай 2007 жылы еліміз Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлауға құқылы. Ассамблея сайлаған Мәжілістің 9 депутаты елдегі барлық этностың мүддесін білдіреді. Ассамблеядан сайланған депутаттар заң шығарушылық процесіне белсенді қатысып, заң шығарушылық, бастамашылық құқығын жиі пайдалануда.
Жалпы айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап орасан зор біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, халықтық дипломатия институты үлгісіне айналды. Еліміздегі 130-дан астам этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, мемлекетіміздің ілгері дамуы үшін маңызды рөл атқаруда.
Бүгінде ауданда жалпы саны 651 әртүрлі ұлт өкілдерінің 16 этносы мекен етеді. Аудандық Ассамблеяның құрамы – этномәдени бағыттағы бірлестік өкілдерінен, қоғамда өзіндік орны, абырой-беделі бар тұлғалардан құралған. 2015 жылдың наурыз айында Ассамблея жылы аясында «Достық үйі» ашылып, сол жылы «Достық үйінің» жанынан өңірдегі өнерлі этнос өкілдерінен «Достық» вокалдық аспапты ансамблі құрылған. Аудан көлемінде тұратын этнос өкілдерінің ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қолдау мақсатында этно бағыттағы «Достығымыз жарасқан» қоғамдық бірлестігі құрылған. Сондай-ақ барлық ауылда қоғамдық келісім кеңесі құрылып, елді мекеннің қоғамдық-саяси ахуалының тұрақты болуына жұмыс жасауда. Ауданда этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, қоғамдық шараларға белсене атсалысады. Бұл дегеніміз биыл 25 жыл толған Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының жарқын жетістігі.
Е.БЕРКІНБАЕВ