Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктайғақ кезіндегі қауіпсіздік

Көктайғақ кезіндегі қауіпсіздік

Көктайғақ – қыста жылымықтан кейін суықтың қайта түсуінен жер бетінің мұз болып қатуы. Әдетте ауа температурасы 0 – 3 С°, кейде одан да төмен температурада байқалады. Шаруашылық үшін өте зиянды. Көктайғақ түскенде жол қатынасы қиындайды, жайылымдағы мал тебіндей алмай қалады (мұз жылқының шашасын қиып тастайды). Малды қысқа жемшөп дайындамай, тек қана жайып баққан кезде Көктайғақ жұтқа соқтырады.

Көктайғақ салдарынан жарақаттанып қалмау үшін:

Асықпай жүріңіз

Жүргенде әр қадамыңызды нық басып, асықпай жүріңіз. Асыққан кезде қауіп күшейеді: адам тайып құлауы, сүрініп кетуі әбден мүмкін. Қолыңызда зат болмағаны жақсы. Қарт адамдар басында резеңкесі бар таяқ ұстағаны абзал.

Қандай жерлермен жүруге болмайды?

Көктайғақ кезінде жүріп келе жатқан көлікке жақындамаңыз. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге аялдама, баспалдақ, табалдырық адамдардың ең көп құлайтын жері екенін ескеріңіз. Баспалдақпен жүргенде сүйенішті қолданыңыз, тек құм төселген жермен жүріңіз.

Қарт адамдар не істеуі керек?

Көктайғақ кезінде егде жастағы тұрғындар көп жарақат алып жатады. Сондықтан олар тайғақ кезде сыртқа шығуды шектегені дұрыс. Үлкен кісілер басында резеңкесі бар таяқпен жүруі немесе айналасындағы адамдардың көмегіне жүгінуі қажет.

Жүргізушілер назарына

Жүргізушілер автокөліктің техникалық жағдайына, әсіресе, тежеуіш жүйесіне, дөңгелектердің жарамдығы мен оның маусымға сәйкестігіне назар аударуы керек.
Жолға шықпас бұрын қозғалысты аз жылдамдықпен ақырын бастаңыз. Мектеп жанында, көпірде, көше қиылыстары мен бұрылыстарында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жылдамдықпен жүріңіз. Қозғалыс кезінде көліктер арасындағы қашықтықты әдеттегіден алысырақ ұстау қажет.Сырғып кетіп, өзіңіз және айналаңыздағылар зардап шекпеуі үшін күрт қозғалмаңыз. Сонымен қатар автокөлікпен алыс жолға шығуды мүмкіндігінше шектеңіз.

Сырдария ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі

17 қараша 2021 ж. 638 0