Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылған 100 кітаптың бұрышы ашылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылған 100 кітаптың бұрышы ашылды

Облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығында» «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ тіліне аударылған 100 кітап бұрышының ашылуы өтті.

Мақсат – ғаламдық мәдениет пен өркениеттен тін тартып, гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі таңдамалы оқулықтарды Қазақ тіліне аударып, жастарға жаңашыл бағытта білім беру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ тілінде жарық көрген 100 кітапты Сыр жастарына таныстырып, насихаттау.

Шарада алдымен Ә.Тәжібаев атындағы Облыстық кітапхананың оқу залы секторының кітапханашысы Назерке Нұрлыбекқызы сөз сөйлеп, қазақ тіліне аударылған 100 кітаптың қай салаға басымдық берілгендігі туралы айтты. Одан әрі, сөз тізгінін Сыр жастарымен бірге таныстырылымды тамашалаған ақын, ҚР Өнер қайраткері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Серік Ыдырысов алып, «қазіргі уақытта жастардың руханиятты, жастардың гуманистік тәлім-тәрбиесі қоғамда үлкен орын алады. Сол жастар ұлттық болмысты, қазақи қасиетті, ғасырдан ғасырға жеткізуші. Бүгінгі шарада ұсынылған, аударылған кітаптармен танысқан уақытта нағыз қазақ тілді ойлар түйіндеуге болатынына көзім жетіп, қуанып отырмын» деді.

Ал, Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова жастар бастамасына қашанда қолдау көрсетілетіндігін жеткізіп, бұл шарада соның бір көрінісі екендігін атап өтті. «Сыр өңірінің жастары, қаламыздың кез-келген тұрғыны «Жастар Орталығына» келіп, осы теңдесі жоқ кітаптарды оқып, таным көкжиегін кеңейте алады. Жастардың көтерген бастамасына орай берген ұсынысымызды қабыл алып, қолдау білдірген «Ұлттық аударма бюросының» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлына алғысымызды білдіреміз» деді Мира Жомартқызы.

Сондай-ақ, Басқарма басшысы «Кітап құрттары» клубының облыстық деңгейде, аудандарда жандануына тілек білдіріп, алғысын айтты.

Шара соңында М.Жомартқызы өз тарапынан «Жастар орталығының» кітапханасына және «Кітап құрттары» оқырмандар клубына арнайы тарту есебінде сырбойылық авторлардың кітаптарын және классикалық әдеби аудармаларды сыйға тартты.



28 қазан 2021 ж. 303 0