Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 18 қазан − рухани келісім күні

18 қазан − рухани келісім күні

Рухани келісім күні − ұлтына, дініне, нәсіліне қарамастан қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылық аясындағы келісім мерекесі. 1992 жылы Алматы қаласында рухани келісімнің алғашқы әлемдік конгресі өткен болатын. Содан бері елімізде 18 қазан "Рухани келісім күні" деп бекітілді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте дін істері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов атаулы датаға орай өткізілген шараларды баяндады.

"Рухани келісім күні қарсаңында "Рухани келісім" апталығы өткізілуде. Аталған мерзім аралығында шығармашылық шаралар, спорттық сайыстар, қайырымдылық бағыттары қамтылатын болады. Өңірде "Зекет" қорымен "Жақыныңа жылу сыйла!" акциясы аясында аз қамтылған мұқтаж отбасыларға тегін көмір жеткізілді. Сонымен қатар қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп жергілікті діни бірлестік жетекшілерінің қатысуымен тазалық акциясы ұйымдастырылды. Ал бүгін Достық үйінде "Рухани келісім − зайырлы мемлекет тірегі" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиында татулық пен тұрақтылықты сақтауда үлес қосып жүрген азаматтарға облыс әкімінің орынбасарының алғыс хаттары табысталды. Жыл соңына дейін басқа да бағыттағы шаралар ұйымдастыру көзделуде", - деді басқарма басшысы Қуаныш Қуантқанұлы.

"Бүгінгі Рухани келісім мерекесімен барша отандастарды құттықтаймын. Мемлекет болып, қоғам болып конфессияаралық келісімді нығайту − басты міндет болып табылады. Қазақ халқы «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің – жүрегі бір» деп текке айтпаған. Бүгінде ұлттар мен ұлыстар арасында бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақталуда. Татулық пен сенімділікті серік етудің нәтижесінде мемлекетіміз өркениетке көш түзеді", - деді ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі, "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы.
18 қазан 2021 ж. 394 0