Дәстүрлі дін – тәрбиенің діңгегі
Апта ағымында аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Иман – 2013» қорының ұйымдастыруымен аудандық ішкі істер бөлімінде семинар өтті. Семинар «Діни жат ағымдармен күресудің әдіс-тәсілдері» тақырыбын қамтыды.
Кездесуге ҚР АҚДМ Дін істер комитеті Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Нұрғали Қабылов, облыс бойынша Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Бақытжан Камалов қатысты. Дін мамандары Қазақстан Республикасында діни экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы туралы баяндады.
Сонымен қатар, аудандық ішкі саясат бөлімінде аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен «Дәстүрлі дін – тәрбиенің діңгегі» тақырыбында семинар жалғасын тапты.
Кездесу барысында Н.Қабылов Дін істер комитетінің Дінтану сараптасы басқармасының атқаратын жұмысы туралы баяндап, мемлекетімізде зайырлылық пен тұрақтылықты сақтау жөнінде хабарлама жасады.
– Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықты. Елімізде Ата Заңға сәйкес діни тұрақтылық пен ұлтаралық ынтымақтың нығаюы басты құндылық ретінде жарияланды. Ешқандай дінге шектеу жоқ, мемлекет ретінде қолдау іс-шаралары жасалған. Қай саланы алып қарасаңыз да оны зайырлылықтан ажыратып қарауға болмайды. Осы күні елімізде 229 мешіт құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, Қазақстанда 2683 мешіт болса, оның ішінде православтық, христиандық, басқа да діни мешіттер заңды түрде жұмыс істейді. Дегенмен, қазіргі жағдайда интернет желісінде күрделі процес жүруде деп айтуға негіз бар. Онда түрлі жат ағымдар өзінің үгіт-насихаттарын жүргізіп отырғаны анықталуда. Мәселен, соңғы уақытта әлеуметтік парақшаларда 512 мың адам күмәнді ақпарат салып үлгірген. Осындай жағдаймен күресу үшін сараптамаға алынған әдебиеттер, жазбалар талданады. Оларға оң немесе теріс қорытынды шығарылады. Қазір жеке парақшалар қатаң бақылауда. Ватсап желісі арқылы күмәнді ақпарат келсе, оны ашып қарауға, таратуға тыйым салынады. Қандай да бір жат дүние анықталса, жаза тағайындалады. Сонымен қатар, орталық мамандары радикалды идеологиядан зардап шеккендерге көмектеседі. Арнайы оңалту орталықтарында түзету жұмыстары жүргізіледі, – деді Нұрғали Бердіқұлұлы.
Дінтану сараптама орталығына осы күнге дейін 3 мыңға жуық діни әдебиеттер келсе, оның 1 мыңынан теріс ақпарат анықталған.
Облыс бойынша Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Б.Камалов жастардың діни сауаттылығын арттыру жұмыстарын жандандыру, олардың жат ағымның жетегінде кетпеуі үшін алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор екендігін айтты. Діни тақырыптағы қажетті ақпаратты ресми сайттардан алу керектігін ескертті.
Дін тақырыбы – өте нәзік мәселе. Дін адамның жан дүниесімен жұмыс істейді. Қандай саланы алсаңыз да онда дінді насихаттап жүретіндер болады. Әсіресе, білім беру ұйымдарында, спортта, мәдениетте де дінді уағыздайтындар кездеседі. Қарапайым екпе мәселесінде де дінді кірістіріп, теріс насихат жүргізетіндер де жоқ емес. Сондықтан адамдарды барынша сақтандыру, нағыз маманмен пікірлесу қандай да бір қауіптің жолын кесетіні анық.
– Кітапханалардың сөрелерінде өзге ағымды насихаттайтын әдебиеттер кездесіп қалуы мүмкін. Бұл жағдайда кітапхана басшылығы өте сақ болғаны жөн. Қарапайым кітапханашы көшеде таратып жүрген әдебиетті алып, мазмұнын жете түсінбей, білмей сөреге қоя салса, одан ұрпағымыз зардап шегеді. Біздің мақсатымыз дінмен күресу емес, теріс ағымнан сақтандыру, – деді Бақытжан Жарылқасынұлы.
Семинарда мектеп оқушыларының мешітке баруы туралы мәселелер талқыланып, дұрыс насихатталған дін – тәрбиенің негізі екені айтылып, сұрақтарға жауап берілді.
Кездесуді қорытындылаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Мырзахметова ауданда діни ахуал тұрақты екенін және халық арасында түсіндіру жұмыстары ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелерімен тұрақты жүргізілетінін атап көрсетті.
Бибісара ЖАНӘЛІ