Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін елімізде Аналар күні

Бүгін елімізде Аналар күні

Жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қазақстанда Аналар күні аталып өтеді, деп хабарлайды qazaqparat.kz.

Бұл мереке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2012 жылы бекітілді. Сол жылы 8 наурыз мерекесін тойлау қарсаңында отбасындағы береке мен мейірімнің ұйытқысы ретіндегі әйелдердің рөліне ерекше баға беріп, қазақстандық аналарға сый көрсету үшін арнайы бір күнді белгілеу идеясын алға тартты.

Сондай-ақ Елбасы қазақстандық аналарды «үй жұмыстары саябырсып, молшылық кезең болатын» күз мезгілінде құттықтауды ұсынды. Көп уақыт өтпей Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мейрамдар туралы» №3827 Жарлығына тиісті өзгертулер енгізілді.

Оған сәйкес, елде жаңа мейрам - Аналар күні мерекесі тойланатын болды. Шынымен де қазіргі кезде нәзік жандар түрлі салаларда жетістіктерге жетті. Ал бұл мереке әр адамның өмірінде ананың рөлі туралы еске салуға арналған. Аналар бұл өмірде айрықша миссияны орындайды , яғни өмірге болашақ ғалымдар, танымал өнер қайраткерлері, олимпиада чемпиондары келеді.

Елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі бар. Олар өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап әрбір шағын елді мекенінде жүзеге асырады. Олардың құрылуына түрткі болған ҚР Тұңғыш Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының 2013 жылдың 4 сәуірінде өткен XX сессиясында сөйлеген сөзі.

ҚХА жанындағы Аналар кеңестері елімізде ұйымшылдықпен бір мезгілде, шамамен бір-екі ай ішінде құрылған болатын. Бірден олардың қызметін бірыңғай форматқа келтіру, жұмыстарының бағытын айқындау бойынша ой-пікірлерді ортаға салып, бір арнаға тоғыстыру қажеттігі байқалды.

Сөйтіп, 2014 жылғы 13-14 қарашада елордада Аналар кеңестерінің I Республикалық форумы болып өтті. Аналар кеңестеріне мүшелікке кірем деушілерге шектеу жоқ. Қазіргі уақытта еліміздің өңірлерінде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық аналар кеңесі жұмыс істейді. Сондай -ақ этномәдени бірлестіктер жанынан 105, кәсіпорындарда 33 аналар кеңесі құрылды және белсенді жұмыс істейді.

Кеңестердің құрамында көпбалалы аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар бар.

Аналар кеңесі біздің ұлттық құндылықтарымыз жаңғыртылып, жас ұрпаққа берілетін өзіндік мектепке айналды. Жаһандану дәуірінде жастар сыртқы әлемге кірігуге ұмтылатындықтан басқа мәдениеттердің ерекшеліктерін жақсы түсінеді, бірақ өздерінің құндылықтарын онша жақсы біле бермейтіні жасырын жай емес.

Сондықтан аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәні түсіндірілетін жобаларына қуана қатысады.

Соңғы жылдары үлкендер үшін де, жастар үшін де әсіресе «Қазақтану», «Төркіндеу» сияқты жобалар тартымды болды. Биыл шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның жастар қозғалысы мен Аналар кеңесінің жұмысына ерекше көңіл бөлу керек екенін атап өтті.

Биыл елордада Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Осы орайда Аналар кеңестерін институционалдық нығайтудың, оларды әкімдіктер жанындағы Қоғамдық кеңестерге енгізудің, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысына, жергілікті өзін-өзі басқару кеңестерінің жүйесіне ықпалдастырудың маңыздылығы атап өтілді.
19 қыркүйек 2021 ж. 433 0