Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аптап ыстықта абай болу қажет

Аптап ыстықта абай болу қажет

Шілденің шіліңгір ыстығы облыс тұр­ғын­дарын әбігерге салуда. Аптап ыстық та­би­ғатқа да, адамдар мен жануарларға да зардабын тигізуде. Қапырық ыстық ауадағы оттектің жетіспеушілігіне алып келеді. Мұндай құбылыс жастар үшін аса қиындық тудырмайды, ал жасы келген адам­дарға ыстық ауа райы азапқа айналады.

Сағат түскі 12.00 мен 17.00 шамасында күн өте қатты ыстық болады. Бұл уақытта көшеге шықпаған жөн. Егер шұғыл шығу керек болса, өзіңізбен бірге газдалмаған су алғаныңыз абзал. Аптап ыстықта күніне 3 литрге дейін су ішу керек.

Сыра мен алкогольден түбегейлі бас тартып, тәтті сусындарды шетке ысырған дұрыс. Жеміс пен көкөністі көбірек жеп, тамақты аз ішу қажет. Мұнымен қатар, бас киімнің, қолшатыр мен көзілдіріктің маңызы зор. Зығыр мен мақтадан тігілген ашық түсті киімдерді таңдаған абзал.

Тұрғындар ыстығын басып, салқындау үшін су айдындарына шомылуға барады. Күннің ыстығында суға түсудің пайдасы зор, бірақ соңы орны толмас қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Осындай қайғылы жағдайға ұшырамас үшін мынадай қарапайым ережелерді сақтаған абзал:

– Тыйым салынған жерлерде шомыл­маңыз. Суға шомылатын жердегі судың таза­лығын, тереңдігін мұқият тексеріңіз. Су­ға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылмай, балаларыңызды қараусыз қалдыр­маңыз.

– Тұрғындар су айдындары және демалыс орындарына демалуға барып, колдан­ған қоқыс, шыны ыдыстары, өшіріл­меген темекі тұқылдарын қалдырады. Осындай жа­уапсыз­дық қоршаған ортаны лас­тау мен орны толмас қате – өртке алып ке­леді. Ондай қайғылы жағдайға ұшырамас үшін демалыс орындары мен саяжайларда қолданылған қоқыстарды, темекі тұқыл­да­рын арнайы қоқыс жәшігіне тастау керек.

– Сондай-ақ жеке тұрғын үй секторлары ауласындағы тазаланбаған қураған шөп, қоқыс қалдықтары, жол жиегіне тасталған шыны ыдыс қалдықтары күн сәулесі үшін линза ретінде әсерін тигізіп, өртке себеп болуы мүмкін. Қайғылы жағдайды болдырмау үшін қоқысты және қураған шөпті уақытылы тазалау қажет. Ал жанғыш қалдықтарды үйіп қоюға болмайды.

Ескерту: Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің 8(72436) 21-4-94 сенім телефоны жұмыс жасайды. Орын алған төтенше жағдай кезінде 101 немесе 112 құтқару қызметіне хабарласуларыңызды сұраймыз.

Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімі
13 шілде 2021 ж. 338 0